Елімізде халықты баспанамен қамтамасыз етуді көздеген түрлі бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Шындығында баспана-қоғамның ең күрделі проблемаларының біріне айналып отыр. Әсіресе ел Тәуелсіздігін алып, өмірге нарық енген жылдары шалғай ауылдарда тұрғандар базар жағалап, күнкөрістің қамымен қала, қала маңындағы аудандарға үдере көшкенінде жақсы білеміз. Міне сондықтанда ауданда 2014 жылдан басталған тұрғын үй кезегінде бүгінде 1990 азамат кезекте тұр. Алайда қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Қайта ауданымызда халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Ауданымызда биылғы жылдың өткен 11 айында басқа салалармен бірге құрылыс саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауданға жыл сайын көшіп келушілер саны артып, оларды баспанамен қамту жұмыстары негізгі проблемалардың біріне айналып отыр. Осы мәселені алғашқы кезекте шешу үшін Сарыкемер ауылының бекітілген бас жоспарына сәйкес және типтік үлгі бойынша көп қабатты 38 тұрғын үй соғу жоспарланған. Биылғы жылы 4 үйдің құрылысы басталып, республикадағы қаражат тапшылығына байланысты жұмыс әзірге тоқтап тұр.
Дихан-2 ауылында 98 гектар (500 жер, су, электр), Базарбай ауылында 47 гектар (240 жер, газ, электр), Жетібай ауылынан 50 гектар (260 жер, электр, су) тұрғын үй алқаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал бұл аталған алқаптарға 1000 азамат өздерінің жеке тұрғын үй құрылыстарын салуға мүмкіндік алғанын білдіреді. Сарыкемер ауылындағы 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға электр, газ, су, кәріз жүйесі, тағы басқа да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізілуде. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» демекші, аталған осындай жүйелі жұмыстар арқылы аудандағы үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу жоспарланып отыр. Өз басында үйі жоқ азаматтың еңбекке де ынтасы болмайтыны, отбасында да жылылық сезілмейтіні айтпаса да түсінікті.
Бұлардан басқа 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бурыл және Құмжота ауылдарының 807,88 гектар құрылыс аймағының жер асты және жер үсті инженерлік-коммуникацияларға түгендеу жұмыстары аяқталды. Үлгілі, Аймантөбе ауылдарында тиісінше 28,9 және 10 га тұрғын үй алқаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дамытылды.
Кейінгі жылдары қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасының шапағатын көріп отырғандарда аз емес. Мәселен, биылғы жылы осы жоба аясында Қостөбе, Темірбек, Сазтерек, Жаңатұрмыс, Жалғызтөбе, Ынтымақ ауылдық округтерінде тұратын тұрмысы төмен, көп балалы, аз қамтылған, жалғызбасты 6 азаматқа ауылдастары көмектесіп үй салып берді. Ал жыл аяғына дейін Ботамойнақ, Бурыл, Суханбаев, Бәйтерек ауылдық округтеріндегі осындай асарлатып салынып жатқан 4 үй өз иелеріне тапсырылады деп күтілуде. Сондай-ақ Көктал, Диқан, Түймекент, Үлгілі ауылдық округтерінде салынып жатқан 4 үйдің кілті өз иелеріне келесі жылы тапсырылады. Ауыл халқын ұйымшылдыққа, мейірімділікке баулитын мұндай игілікті істер ауданда алдағы жылдары да жалғасын таба беретін болады.
Сарыкемер ауылындағы құны 855,945 мың теңге тұратын, қуаты 2х 16000 квтВл 35 кв 35/10 кв екі тізбекті желілі подстанция құрылысы қараша айында басталса, келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Түймекент, Ақжар ауылдарындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектеп пен «Ақжар» балабақшасы ғимараттары газға қосылды. Жақаш ауылында қызметтік тұрғын үйімен қоса жергілікті полиция пунктінің құрылысы өз мезгілінде соғылып, пайдалануға берілді. Ал Тегістік ауылындағы құны 118,829 млн. теңге тұратын 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Құны 71975 мың және 34604 мың теңге тұратын көше жолдарын мердігер «РадугаСтрой КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, келесі жылдың маусым айында пайдалануға береді. Міне мұның барлығы айтуға оңай болғанымен көп күш-жігер, қомақты қаржыны қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал бұған кейінгі жылдары құрылыс материалдарының күн санап қымбаттап бара жатқанында қосуға болады.
Алдағы жыл үшін Көкбастау ауылына дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына, Дихан-2, Жетібай, Базарбай, Қостөбе ауылдарының тұрғын үй алқабына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында газ желісін тарту, тас жол салу, су желісін жүргізуге, Үлгілі, Жаңатұрмыс ауылдарының бас жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Міне бұлардың барлығы ауылдарды жаңғырту, онда тұрып жатқан халыққа барынша жағдайлардың жасалып жатқанын көрсетеді. Алдағы жылы ауылдарға деген қамқорлық арта түсіп, халықтың жағдайы анағұрлым жақсара түсетін болады.