Баян-Өлгийде 8500 адам жұмыссыз отыр

Баян-Өлгийде 8500 адам жұмыссыз отыр

Хабсатар Омарұлы газетіміздің оқырмандарына бейтаныс емес. Монғолиядағы қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгий аймағында басшылық қызметтер атқарған Хабсатар мырза, қазіргі таңда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының Монғолиядағы өкілі, Монғолия қазақ жазушылары кеңесінің төрағасы. Біздің Хабеңмен өткізген алғашқы сұхбатымыз «Qazaqstan dauiri» газетінің 2022 жылы №07 санында «Мұндағы ағайындардың жарты жаны Қазақстанда» деген тақырыппен жарық көрген еді. Жақында Хабсатар Омарұлымен елордаға келген сапары кезінде жүздесудің сәті түсті. 

 

– Хабсатар аға, қазағымыз келген қонақтың бұйымтайын ең соңынан сұраушы еді. Сіз асығып тұр екенсіз. Сөзді министрлікке келудегі мақсатыңыздан бастасақ деймін.

Хабсатар Омарұлы: Бұндағы ағайындардың жарты жаны Қазақстанда | Qazdauiri.kz– Мен  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының Монғолиядағы өкілі болып қызмет атқарамын ғой. Сол жердегі ағайын-туыстың мәселелерін осында жеткізейін деп келіп тұрмын. Мынау «тұмаудың» кесірінен, кейінгі 2-3 жылда қатынаса алмай қалдық. Бұрын қарашаңыраққа жиі келіп, арт жақтағы ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін, түрлі проблемаларын осындағы ресми орындарға айтып, белгілі дәрежеде көмек алып, екі жақты байланыстырып тұрушы едік. Арадағы біраз үзілістен кейін бір мүмкіндік туа қалғанда келіп қалдым. Елдің амандығын, жағдайын айтайын деп тұрмын. 

Келген шаруамның басты біреуі – Монғолиядағы қазақтар арасындағы жұмыссыздық мәселесі жайында. Біздің Баян-Өлгий аймағы Монғолиядағы жалғыз қазақ аймағы екенін білесіздер. Халқының 92-93 пайызын қазақтар құрайды. Өкінішке орай біздің аймақ Монғолия бойынша жұмыссыздар саны ең көп аймақ болып отыр. Биылғы сәуірдегі мәліметке қарағанда аймақ бойынша 8500-дің үстінде жұмыссыз адам бар екендігі анықталды. Мұның 42 пайызы әйелдер екен. 4500-і 18-34 жас аралығындағы жастар. Халықтың жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттің және аймақтың өз ішінде бағдарламалар жасалып, бірнеше жүз адамды жұмыспен қамтыды. Оларды Монғолияның өзге аймақтарындағы жұмыс орындарына жіберіп жатыр. Дегенмен бұл жеткіліксіз болып тұрған жайы бар.

1990 жылдардың басындағы алғашқы көші-қон Монғолия-Қазақстан арасындағы еңбек келісім-шартымен басталғанын білесіздер. Сол үрдіспен біздегі жұмыссыз азаматтарды осы жақтағы мезгілдік жұмыстарға, ұзақ уақыт қалып істейтін жұмыстарға тартудың мүмкіншіліктері бар ма деген шаруамен келіп едім. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысты адамдарына кірейін деп тұрмын.

 

– Бұл адамдар қандай жұмыстарға лайықты деп ойлайсыз? Мамандық иелері бар ма?

– Жұмыссыз ретінде тіркеуге алынған азаматтардың көбі мал бағу, егін егу секілді шаруашылық жұмыстарымен шұғылдана алады. Шахталарда, құрылыстарда жұмыс істей алады. Арасында мұғалімдер, дәрігерлер сынды арнайы мамандық иелері де бар.

 

– Егер Қазақстаннан қолдау болып жатса, осы еңбеккүштері қалай келмекші? Отбасымен келе ме әлде салт келіп жұмысқа тұра ма? Басқа кедергілер жоқ па?

– Монғолия азаматтарының шетелге шығуы қиын шаруа емес. Қазақстанға келудегі бір қиыншылық жолдың мәселесі ғана. Яғни үшінші елдің жерін басып келуге тура келеді. Ал жұмыс берушілер табылып жатса, соның жағдайына қарай көреді. Отбасымен көшіп келуіне де болады. Немесе мезгілдік жұмыстарға келіп істеп, қайтадан қайтып кетуіне де болады. Жастар осында біртіндеп сіңіп, біржолата қоныстанып қаламын десе де ешкімнің қарсылығы жоқ.

 

– Сіздер белгілі жоспар жасап отырсыздар ма әлде осындағы қатысты мекемелермен ақылдасып шешесіздер ме?

– Бізде қазірше дайын жоспар жоқ. Баян-Өлгийдің аймақ басшылары маған осы жолы аранайы өтініштер айтып, «ақылдасып келсеңіз, Қазақстандағы қатысты мекемелер келіссе, ары қарай жұмыс істесек» деп табыстап жіберді. Осыған байланысты министрлік өкілдеріне жалпы жағдайды айтып, өз пікірімді жеткізсем деймін. Егер мұндағы қатысты орындар келісімін берсе, онан кейінгі еңбек келісімшарты секілді құжаттық жұмыстарды аймақтың басшылары өздері ресми тұрде жасайды ғой.

 

– Қазір ғаламтордың арқасында шетелдегі қазақтар, әсіресе жастар жағы Атажұрттағы жағдайды қанық біледі деп ойлаймын. Біздегі көші-қонның бағыты солтүстікті меңзеп тұр. Ал сіз айтып отырған азаматтар мемлекет нұсқаған жерге көшіп баруға келісе қояр ма екен?

– Қазақстандағы көші-қон саясатының солтүстікке бағытталып тұрғанын білеміз. Ал Баян-Өлгийдегі жұмыссыз азаматтардың көбі бұл жағына келіседі деп ойлаймын. Тек орыс тілі қолбайлау болмаса... Сондай-ақ бұрындары Қазақстанға көшіп келіп алған туыс-туғандарына қара тартып, сол ағайындарының қасына орналасуды жоспарлап жүргендері де бар.

 

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан – Ерқазы АЙТМҰХАММЕДҰЛЫ
26.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 837
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6911
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10751
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6980
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7121