Ақын Мұқағали Мақатаев туралы телехикаяны көргеннен кейінгі ой
Мұқағали туралы телехикая шықты. Оны телеарнада көрсетті. Төрт сериалдан тұрады. Мұқағалиға арнап кино түсірген дұрыс, бірақ мынандай емес. Мұқағали 1960-1970 жылдардағы қазақ поэзиясындағы жалғыз ақын ба екен?! Сериалға қарасаң, сол заманда қазақта жалғыз ақын Мұқағали болған тәрізді және оны бәрі көре алмайды екен. Бұлай ойлау сауатсыздық. Әдебиет тарихы мен сынынан хабары жоқ дүмбілездер осындай шикі дүниелер туғызады. 50-жылдардың аяғында Қасым дәстүрі кеңінен жайылды. Қасымнан соң қаулап шыққан ақындардың арасында Мұқағали да болды. «Дейсіңдер-ау, бұл Қасымның несі Қасым?» деп жырлаған Мұқағали емес пе?! Кинода неге Қасым Аманжолов жоқ? Жас Мұқағалидың мұратын асқақтатқан Қасымның қасиетті жырлары емес пе? Қасымнан соң, қазақ поэзиясын жалын өрттей шарпып, космостық жылдамдықпен старт алып, өлеңде өз дәстүрін қалыптастырып кеткен ақын Төлеген Айбергенов болатын. Төлеген талай ақынға импульс берді. Қарақалпақстанда қапылыстан қайтыс болғанда, Алматыдан Мұқағали жерлеуге бармады ма? Басқа ақындар бармаса да. Сол кезде Төлегенді жоқтап барды, Төлегеннің жыр-қуатын сағынып барды. «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның» деп Төлеген қабірі басында жыр оқыған да Мұқағали емес пе?! Кинода неге Төлеген Айбергенов жоқ? Ақын дәуірінен тыс өмір сүрмейді.
Ақын өмірін, творчествосын зерттесек, ең алдымен оның бейнесін өмір сүрген ортасынан табамыз. Кинода дәстүр сабақтастығы жоқ. Ақындық тұлға жоқ. «Ешкімге керегі жоқ ақынмын». Кинода Мұқағали солай дейді. Мұқағали айтатын сөз емес бұл, дүмбілездің ойы ғой.
Бауыржан Момышұлын да аяйсың. «Мен қартайдым. Қолымнан ештеңе келмейді» дей ме? Бауыржан Момышұлы ұлы адам ғой, сөздің мәнін білетін, орнын білетін. Ұят-ай, кинода батыр Баукеңді әрі тартып, бері тартып осылай қорлауға бола ма? Кинода Нұрғиса Тілендиевті «Маған Мұқағали керек» деп күні бойы күйсандық алдында айқайлап отырғызып қойғаны да, кино түсірушілердің біртуар композитордың жанын түсінбегендік. Айқайдан не айналасына ақырып әмір етуден әдемі әуен тумайды. Жаны нәзік композитордың жан дүниесін киношылар тіпті танымаған, түсінбеген.
«Сөнбейді, әже, ошағың» деген ән шығар эпизодта композитор ақынға әннің табиғатын да түсіндірмейді. Ал келіп жазады ақын. Баратын сияқты, көрейік дейді композитор. Эмоция жоқ. Сұп-суық көрініс. Жиіркенішті көрініс. Бұл масқара көрініс. Адам ынтызар болып аша алмай жүрген бөлмесінің кілтін тауып алғанда қалай қуанады, ойлап көріңіз. Шығармашылық адамы да сол сияқты. Көптен ойлап жүрген дүниесінің «кілтін» тапқанда, оның эмоциясы ерекше болады. Әйтпесе, Архимед моншада отырып, гидростатикалық заңды ашқанда «Эврика! Эврика!» (Мен таптым) деп аспанға секіріп, бар даусымен айқайламас еді ғой. Кино сценарийіндегі сөйлеу мәнері, ойлау жүйесі, таным-түсінігі Мұқағали өмір сүрген дәуірге сай емес. Мұқағалидың психологиясын зерттемек түгілі, маңына да жақындай алмаған. Мұқағалидің екі досы деп сыншы Асқар Сүлейменов пен ақын Тоқаш Бердияровты қасына қосып қойыпты. Бұлардың берік достығы туралы дерек бар ма? Жоқ сияқты. Екеуі екі жағынан жалпылдап «Мұқағали, қазақта сенен өткен тентек ақын жоқ» деп қояды адамның күлкісін келтіріп. Тоқаштың тентектігі Мұқағалидан асып кеткен ғой, «Шіркін-ай, мылтығым болса. Содан Жазушылар одағына барсам ғой. Ататын бір кісілерім бар еді!» деген сөзі қалған Тоқаш Бердияров емес пе? Тоқаш ақынның кинода тымпиып, сып-сыпайы болып, Мұқағалидің ығына жығылып жүргені Тоқаш Бердияровтың портретіне сыймайды ғой. Естеліктерде білімпаз сыншы, гордый, кейде тіпті наглый деп те айтылатын Асқар Сүлейменовтың ана бір бастық ақынға (Мұқағали өлеңдерін ұрлап ап жариялатты дейтін қисыны келмейтін сюжетте) «Өлеңіңіз күшті екен. Шығармашылық кешіңді жасайық» деуі де қызық енді. Асқар Сүлейменовтың сөйлеу стилі мына кинодағыдай болмаған.
Қазір пиарлатып жүрген ақындардың көбі стиль дегеннің не екенін ұқпайды, себебі олардың өздерінің жазу стилі қалыптаспаған. Ал шығармашылық үшін стиль өте маңызды. «Әуезовтың стилі», «Мүсіреповтің стилі», «Қабдоловтың стилі», «Кекілбаевтың стилі», «Аймауытовтың стилі» т.б. атақты ақын-жазушылардың өзіндік жазу стилі бар, стилінен танисың. Фариза әлгі өлең ұрлаған бастыққа келіп: «Мынау сенің өлеңің емес! Бір сөзі де сенікі емес!» деп тіл қатады екен. Қандай қайсарлық! Кинода жалғыз сыншы Фариза екен ғой, сонда Асқар Сүлейменовтің сыншылығы бос далбаса ма?! Сосын кинода «2 сағаттық концертімде менің әндерімнің сөзін жазған, заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаев» деп сахнаға алып шығады екен Нұрғиса. Н.Тілендиев оның әндеріне сөз жазған тек Мұқағали емес, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев те жазды ғой. Нұрғисаның аузына салған мына сөз де бүгінгі сахна, той-думанның стилі. Ол кезде «Заманымыздың заңғар тұлғасы» деп Мұхтар Әуезовке де айтылмаған. Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» атты роман-эссе кітабында: «Әуезовтің 60 жылдығындағы банкетте, Зейнолла Қабдолов: «Мұхаң ұлы жазушы» десе, Әбдіжамил Нұрпейісов «Мұхаң қазақ әдебиетінің жарқырап шыққан күні» деген сөздері үшін, ЦК-ға шақыртып, екеуіне жақсылап жазасын бергенін жазбай ма? Кинода қалпақ киген құпия қызметкер «Мағжан ақынды қолдайды екенсің» деп Мұқағали соңына түседі екен. Бұл артық көрініс. Жұмекен Нәжімеденов ұлына Мағжан деп ат қойып, Мағжан Жұмабаевтың жұбайы Злиха апайға кішкентай ұлын апарып, бата алғанын жазады Нәсіп апай естелігінде. Құпия қызметкер түссе, Жұмекеннің артына түспей ме? Балаңа халық жауының атын беріпсің, халық жауының әйелінің үйіне барыпсыңдар деп. Жұмекеннің бір жыры бар тұмылдырық туралы. Өлең жай өлең емес, мазмұны қалың өлең. Жұмекен жырларында ой шеберлігі, философиямен қатар мен сарказм да бар ғой. «Сенің тұмсығыңа тұмылдырық кигізіп қойған дұрыс-ау, танауың тым сезгіш» дегенге, ақын «тұмылдырық киетін мен ит емеспін» деп жауап қатады. Жыры қандай болса, Жұмекеннің табиғаты да сондай. «Жұмекен – жұмбақ ақын, келер ғасырдың ақыны» деген сөздер айтылды ол өмірден өткенде. Қанша кітаптар жазылса да, Жұмекеннің жұмбағы әлі ашылған жоқ. Бұл әңгіме Мағжаннан шығып кетіп жатыр ғой. Киноға Мағжанды кірістіріп, Мұқағалидан саяси қайраткер жасаудың, артына салпылдатып, адам салып қоюдың қандай қажеттілігі бар?
Мұқағали күнде жиналысқа баратындай галстук, костюм-шалбарын шешпейді, көрер көзге қызық-ақ. Ол шығармашылық – еркін адам ғой, еркіндік кейде киімнен де көрінеді. Фариза мен Мұқағали диалогтары қияли адамдардың сөзі сияқты. Бас-аяғы жоқ. Фариза естелігінде жазады ғой, Одақ жиналысында жаңа өлеңдерін «интимдік тақырыбы, қазақ қызының табиғатына жат» деп Сағи Жиенбаевтың сынағанын. Соцреализм әдісі, қазақ қызының болмысы шығыс табиғатынан асып шығып, орыс поэзиясына еліктеуі, өзгеруі туралы Сағи Жиенбаевтың сыны. Сол кезде ешкім үндемей қалғанда, Мұқағали «Әй, Сағи, қой» деп Фаризаны қолдап кетеді. Ол жерде Сағидың сыны да дұрыс, Мұқағалидың қолдауы да орынды. Осы оқиғадан кейін Фариза Мұқағалиды іш тартады. Өзін қолдағанды кім жек көрсін. Фариза апай естелігінде: «Мұқағалидан ел қашатын еді. Бірде көшеде көрдім де, машинама отырғызып алдым. Қызаңдау екен. Шоферге дүкенге соғып, екі шөлмек қызыл арақ ал, үйіне жеткізіп тастайық» деп апарып тастадық деп жазады. Кинода Фариза Мұқағалиді қолдап жүреді, егер Мұқағалидың азаматтық келбетін таныту керек болса, Мұқағалидың Фаризаны қамқорлап жүргенін көрсету керек еді. «Мен өскенде ақын болмаймын, ақындарда ақша жоқ» дейді кішкентай қыз. Мынау не сөз? Не мағына? Жалпы дені дұрыс режиссер, сценаристің жазатын сөзі емес қой! Ойлау жүйесі тар, қаламды тек ақша деп ойлайтын бүгінгі жазғыштардың күн сайын айтатын насихаты ғой бұл. Мұқағали заманында кітап оқылды. Қаламақы төленді. Ең бай адамдар ақын-жазушылар болды. Мұқағали да ешкімнен кем болған жоқ, несібесін теріп жеді. Кинодағы «Мұқағали дәуірдің зор тұлғасы, төбесінде көзі бар ақын, заманның заңғары, келер ғасырдың ғаламаты, бәрінің Мұқағали болғысы келеді, сенің тазалығың көпте жоқ, сен қазаққа керек ақынсың, Мұқағали қазақ ақындарының пайғамбарындай, бұл тазалық, ол – Мұқағали Мақатаев» т.б. қайталап айта беретін сөздер түбінде шоп-шолақ ой, таяздық жатыр. Осылайша киношылар өздерінің тар түсінік-көзқарас, деңгейімен Мұқағалиды бүгінгі көрерменге түсіндіріп береді. Әй, бүгінгі әдебиет-ай, сорың бес елі екен сенің!