Ислам діні тек рухани құндылықтар мен адамгершілік қағидаларды ғана емес, ғылым мен білімге де ерекше мән берді. Құранның алғашқы түскен аятының өзі «Оқы!» деп басталуы бекер емес. Бұл Жаратушының пендесіне жіберген ең алғашқы уахи еді. Яғни, Алла Тағала адам баласына ең алдымен оқуға, үйренуге, білім іздеуге әмір еткен.
VIII-XIII ғасырлар аралығында мұсылман елдері ғылым мен мәдениеттің алтын ғасырына айналды. Осы кезеңде өмір сүрген ғалымдар адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Ислам тарихында әлемді өзгерткен ғылыми жаңалықтар бірінен соң бірі туып жатты.
Мұсылман ғалымдарының еңбектері кейін Еуропа университеттерінде оқытылып, Қайта өрлеу дәуірінің дамуына жол ашты. Олардың ізденістері қазіргі заман ғылымының іргетасы болды. Бүгінде бұл ғалымдардың өмір жолы бізге білімге деген құштарлықтың, табандылық пен сенімнің үлгісі бола алады. Орта ғасырларда Еуропа қараңғылық пен надандық кезеңін бастан кешіп жатқанда, ислам әлемі ғылым мен мәдениеттің алтын дәуірін сүрді. Бұл кезең тарихта «Ислам ғылымының алтын ғасыры» деп аталады. IX-XIII ғасырлар аралығында мұсылман ғалымдары медицина, математика, астрономия, химия, география, философия, техника сияқты салаларда орасан жетістікке жетті.
Ислам ғалымдарының мұрасы – тек мұсылмандарға емес, бүкіл адамзатқа ортақ байлық. Олар бізге иман мен ғылымды қатар ұстаудың, білім арқылы Жаратқанды танудың және адамзатқа пайда тигізудің жолын көрсетті. Сондықтан көпшілік біле бермейтін, білсе де терең бойлай бермейтін белгілі мұсылман ғалымдарының еңбектерімен жеке-жеке таныстыруды жөн көрдік.
Аббас ибн Фирнас – әлемдік авиацияның атасы
Әбу әл-Қасым Аббас ибн Фирнас ат-Такурини IX ғасырда (шамамен 809-887 жж.) Андалусияның Ронда қаласында туған, Кордова қаласында өмір сүрген. Ол астрономия, физика, инженерия, медицина, химия салаларын зерттеп, тәжірибе жасаған көпқырлы ғалым болған. Ақын әрі философ ретінде танымал. Сонымен қатар, аспан денелерінің қозғалысын зерттеп, өз қолымен көптеген ғылыми құралдар құрастырған.
Фирнас VIII-IX ғасырларда Ислам өркениетінің гүлденген дәуірінде өмір сүрді. Сол кезеңде Андалусия (қазіргі Испания аумағы) ғылым мен мәдениеттің орталығы болатын.

Тұңғыш ұшу әрекеті…
Ол – адамзат тарихындағы ең алғашқы ұшуға талпыныс жасаған тұлғалардың бірі.
852 жылы Кордова мешітінің мұнарасынан құстың қанатына ұқсас құрылғы жасап, биік мұнарадан секіріп, ауада он минуттай қалықтаған. Алайда соңында жерге құлап түсіп, омыртқасынан жарақат алған.
Фирнас ең атақты тәжірибесін шамамен 875 жылы жетілдірілген құрылғы жасап, Кордова маңындағы төбеден ұшады. Бүкіл қала халқы оның батыл әрекетін көру үшін жиналады. Бірнеше минут әуеде қалықтап, сәтті қонады. Бұл – адамзат тарихындағы алғашқы ғылыми негіздегі ұшу тәжірибесі еді.
Ол жерге қонғанда арқасын жаралап алады да: «Мен құстардың қону тәсілін зерттемеппін», – деп айтқан екен. Сонда құстың құйрығын жасамағаны үшін құлағанын түсінеді. Бұл тәжірибе арқылы ол аэродинамика негізін зерттеген. Ол сәтті қонбағанымен, ұшу кезінде өз денесін ұстап тұру тәсілін тапқан және кейінірек «құйрық» (теңгерім үшін) керек екенін түсінген. Мысалы, құс жерге қонарда алдымен құйрығымен басқарады да, сосын барып қонады. Ұшақты жерге қондырғанда тура сондай механизм жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда оның құрметіне әуежай, айдағы кратер, ескерткіштер және көшелер аталған. Бұл оқиға туралы негізгі дерек XVII ғасырда өмір сүрген тарихшы әл-Маккари еңбегінде жазылған екен.
Құрмет…
Аббас ибн Фирнастың еңбектері Еуропадағы кейінгі ғалымдарға әсер еткен. Ол ғылым мен дінді үйлестіре білген тұлға ретінде ғасырдан ғасырға есімі жетіп отыр.
Испанияның Ронда қаласында және Иракта оның құрметіне ескерткіштер орнатылған. Тіпті, ай бетінде де оның есімімен аталған «Ibn Firnas Crater» кратері бар – бұл Халықаралық астрономия одағының берген ресми атауы.
1976 жылы Ливия әуе компаниясы «Ибн Фирнас» ұшағын оның құрметіне атаған.
Ең әйгілі ескерткіші Аббас өмір сүрген Кордова қаласының кіреберісіндегі Гвадалквивир өзенінің үстінен өтетін көпір маңында бой көтерген. Ол жерде көкке қанат жайған ғалымның ұшу әрекетін бейнелейді.
1980 жылы Бағдад қаласы әуежайының алдында мүсіні қойылған. Сонымен қатар, әуежайдың бір бөлігі, яғни ұшу-техникалық аймағы оның құрметіне берілген. Эр-Риядтағы Ғылым қалашығында ескерткіш, Марокко астанасы Рабат қаласындағы Аэронавигация академиясының алдында оның құрметіне тақта және шағын мүсін орнатылған. Бірнеше араб елдерінде оның атында көше, мектеп, аэроклуб, ғылыми саябақтар бар.
Қысқаша айтқанда, Аббас ибн Фирнас – адам ұшуға алғаш қадам жасаған, ғылым мен өнерді біріктіре білген ұлы мұсылман ғалым. Ол табиғатты зерттеу арқылы Алланың жаратылысындағы заңдылықтарды түсіндіруге тырысқан.
Басқа жаңалықтары
Су сағаты, сағат және де басқа механикалық құрылғылар ойлап тапқан.
Мөлдір шыны мен кристалл өңдеуде ерекше тәсіл ойлап тапқан және түс беру әдісін жетілдірген және Андалусияда әйнек өндірісін қолға алған.
Астрономиялық обсерваторияларда қолданылатын аспаптар жасаған. Күмбез тәрізді аспан моделі мен аспан қозғалысын планетарий үлгісін жасаған.
Оның есімімен байланысты жетістіктер:
жұлдыздар мен планеталардың қозғалысын бейнелейтін құрылғы (шағын планетарий);
мөлдір әйнек өндіру әдісін ойлап тауып, алғашқы үлкейткіш линзалар жасаған («оқу тастары» деп аталған).
Аббас ибн Фирнас – тек ұшуға талпынған батыр ғана емес, адамзаттың арманы мен ізденісінің символы. Оның батылдығы мен ғылымға деген сенімі – бүгінгі жастар үшін үлкен үлгі. Ол өз заманының шегінен асып, болашақтағы авиация ғылымына жол ашты.
Дайындаған – Салтанат БАКЕЕВА














