Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің арнайы шақыруымен 11 сәуір күні жұмыс сапарымен Бұхара қаласына барды. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшыларының бейресми кездесуі өтіп, көне қаладағы бірқатар тарихи және өнеркәсіп нысанын аралады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы билік басына келгеннен кейінгі алғаш рет ресми сапармен Ресейге барған болатын. Дегенмен 2019 жылы 14-15 сәуір күндері мемлекеттік сапармен Тәшкентке барыпты. Саяси терминдерге сақтықпен қарайтын дипломаттар ресми сапар мен мемлекеттік сапар атауларын бөліп-жарып қарастыратыны бар. Ал, кезекті сапардың мәртебесі жұмыс сапары екендігі әу баста айтылды. Ендеше алда атқарылар жобалар мен өзара ынтымақтастық шеңберінде нақтыланған істер жайлы сөз болары белгілі еді.
11 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Бұхарада Жасанды интеллект бойынша өтіп жатқан жалпыұлттық хакатонды тамашалады. Одан кейін MERGANTEKS мақта-мата кластерінің қызметімен танысты. Мұнда шикізатты өңдеуден бастап, одан дайын текстиль өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі жолға қойылған екен. Сапардың келесі күн тәртібінде екі ел басшылары көне қала Бұхараның көрікті жерлерін аралап, тарихымен танысты.
Қазақ Президентінің сапары Өзбекстанда жоғары бағаланып, саясаттанушылар мен журналистер қауымы терең талдаулар жасап, өзіндік пікірлерін білдірген екен. Осы реткі сапар алдында өзбекстандық «Dunyo» ақпараттық агенттігінің журналисі Хикматилла Меликузиев, Қазақстанның Өзбекстан Республикасынадғы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұловпен сұхбат өткізіп, екі елдің қарым-қатынасының тарихы мен қазіргі ахуалы жайлы емен-жарқын әңгіме өткізіпті. Бұдан өзге БАҚ беттерінде екі ел басшыларының неліктен Тәшкентте емес Бұхара қаласында кездескендігі жайында дайындалған сараптамалық материалдар жарық көрген. Ал кейбір саясаттанушылар «Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азия қауіпсіздігінің стратегиялық өзегін қалыптастыруда» деп баға беріпті.
Сапар барысында ол Шавкат Мирзиёевпен келіссөздер өткізді. Мирзиёев бұл сапар екі ел арасындағы көпғасырлық достық пен тығыз байланыстарды көрсететінін, сондай-ақ стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтатынын атап өтті. Келіссөздер барысында президенттер экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бейілді екенін растады. Олар сауда көлемін арттыру, өнеркәсіп өндірісін дамыту, бизнесті қолдау және экономикалық белсенділікті ынталандыру үшін үкіметтер арасындағы үйлестіруді күшейтуге келісті. Сонымен қатар, сирек кездесетін металдар, көлік, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі кеңейтуге арналған «жол картасын» дайындауға келісті.
Өзбекстанның «Dunyo» ақпараттық агенттігі «Өзбекстан мен Қазақстан: жаһандық сын-қатерлер жағдайында сенім мен ортақ мүдделерге негізделген одақты нығайту» атты мақала жариялады. Онда «Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қазіргі қарым-қатынастар кезеңі бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып, жан-жақты әрі тұрақты стратегиялық серіктестікке өтуімен сипатталады» депті.
– Бұл сапардың мақсаты – қол жеткізілген жетістіктерді бекіту және өзгермелі аймақтық әрі жаһандық күн тәртібі жағдайында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау. Екі елдің жақындасуының негізі тек географиялық жақындық емес, сонымен қатар қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелеріне ортақ көзқарастар болып табылады. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекеттің одағын өңірлік тұрақтылықтың маңызды факторына айналдырады.
Қазіргі дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 23 қарашада бастау алды. Осы уақыт ішінде тараптар 304 құжаттан тұратын кең құқықтық база қалыптастырды. Олардың ішінде 2021 жылғы декларация, 2022 жылғы одақтастық туралы шарт және мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі тарихи келісім ерекше орын алады. Ресми шаралармен қатар, мемлекет басшылары арасындағы жеке сенімді нығайтатын форматтар да қалыптасқан. 2023 жылдан бері Шымкент, Хива және Алматы қалаларында үш бейресми кездесу өтіп, онда маңызды мәселелер құпия жағдайда талқыланды. Сонымен бірге көпжақты саммиттер аясындағы өзара іс-қимыл да белсенді дамуда.
Саяси диалогтың маңызды бағыты – парламентаралық ынтымақтастық. Оның құқықтық негізін 2017 және 2018 жылдары қабылданған меморандумдар құрайды. 2022 жылы құрылған Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі заңнаманы үйлестіру мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Екі ел арасындағы жүйелі қарым-қатынас бірлескен институттар желісімен де нығайтылған. Солардың ішіндегі негізгісі – 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Үкіметаралық комиссия. 2019 жылдан бастап оның мәртебесі көтеріліп, отырыстары екі ел премьер-министрлерінің төрағалығымен өтетін болды.
2025 жылғы 22-23 қазанда Хива қаласында өткен комиссияның 22-отырысы экономикалық жоспарларды үйлестіру мен өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды кезең болды.
PS: Ақпарат көздері екі ел басшыларының бұл реткі кездесулерінде негізінен экономикалық қатынастарды тереңдету жайы талқыланды дегенді баса айтып жатыр. Біздің ойымызша, арнайы кездесудің мәні сирек кездесетін жер металдарын игеру, өңдеу және халықаралық нарыққа шығару жақтарындағы өзара селбестік мәселесіне баса көңіл бөлінді ме деп ойлаймыз. Бастысы көрші отырған екі елдің тату көршіліктен одақтастық деңгейіне қадам баса отырып қатар дамуы дер едік.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ















