Лирик ақын Жігер Асқар мен Ажар Садықованың диалогтарын оқудан Республикалық деңгейде бәйге өткізілген болатын. Қос монологшы ақынның бірнеше диалогтарын назарларыңызға ұсынбақшымыз.
Кеш, күнім!
Қыз: Күндер жылжып, ай дөңгелеп өткенде,
Қайта келдік сағынышпен көктемде.
Арадағы қимастықтың сезімі,
Қауыштырды гүл жамылған көк белде.
Жігіт: Бірге жүріп, белестерге шықтық біз,
Кеудемізде сарқылмайтын жыр түпсіз.
Қара күзде қоштасып ек, содан соң,
Қос жүректің қиналғанын ұқтық біз.
Қыз: Жазармыз- ау, әлі талай тақырып,
Бәз біреулер тұрар сонда «аһ!» ұрып.
Келешектің таусылмайтын дастанын,
Қалдыруға ақ қағаз тұр шақырып.
Жігіт: Қоштасқаннан не таптық құр аптығып,
Сөндірмедік сезімді сынақ біліп.
Біздің жырды оқиды барша әлем,
Бір күндері сахнада жылап тұрып.
Қыз: Сыртымыздан сөз тасыды, желікті ел,
Бірі – досым, бірі болды – көріпкел.
Е, Тәңірім ,біз көтерген жолды ауыр,
Дәмін сезсін, оларғада бөліп бер.
Жігіт: Ғайбаттасын жәй жатпасын нетемін,
Әр сөзінің алар әлі өтеуін.
Біздің жүрген жолды берсе бір сәтке,
Түсінер ед(і) қандай қиын екенін.
Қыз: Саған аян бар болмысым, кескінім,
Мені өзіңдей түсінбеген ешкімім.
Жазаласам,жараласам жаныңды,
Еркелігі деп түсін де, кеш күнім!
Жігіт: Жүрегімде айтылмаған жатыр мұң,
Сен жыламас үшін бәрін жасырдым.
Еркелігің орныменен болса егер,
Түсінемін, түсінемін, Ақылдым.
Сынай берме
Жігіт: Түн жарымда өлең жазып отырмын,
Жүрегімнен тəтті теңеу қыршып ап.
Жан сырымды ақ параққа көшірдім,
Жаным,саған қояйыншы бір сұрақ
Қыз: Түн ұйқыңды ұрлап аппақ арманың,
Сезім отын үмітіме жалғадың.
Сұрағыңды қоя қойшы, құрметтім,
Шешуі мен сезінейін салмағын.
Жігіт: Жас боп жаңбыр тереземе себелеп,
Басты өксігін, келеді енді күн шығып,
Осы қалпы сүйем сені не керек,
Сен де мендей сүйесің бе, ынтығып?
Қыз: Ұғынамын ақ жауынның тырсылын,
Ақ жауында бар деп ойла тылсым үн.
Сені ұнатып жүргенімді білсең де,
Сұрақтармен сынай берме, қырсығым!