Аққумын шалғайдағы,
Шақырған əн майданы.
Əн деген – əлди өмір,
Əжемнің балқаймағы.
Жан-кəусар
Сазым менің,
Рас па сарғайғаны!?
Келеді Керім күндер,
Кестелі сезім гүлдер,
Гүлімді мақтан қылдым,
Үкілеп аттандырдым,
Үнімді шалғайдағы.
Қауырсын қанатым бар,
Сыншысың,
Сыралғысың,
Сəуегей данасыңдар.
Сен мені
Естисің бе?
Сендейлер көп дейсің бе?
Қалғыған қара шыңдар.
Көкмойын көлден едім,
Орным бар төрде менің,
Əнімді таратыңдар.
Жан білмес жарасым бар.
Жан-лəззат аласыңдар.
Қаңқылдап қаз боп ұшып,
Қай жаққа барасыңдар.
Мен сүйдім
Əрқайсыңды,
Əдемі дарасыңдар.
Əлпештеп жыр өсірген,
Жүрекпен санасыңдар.
...Санасыңдар!
Аралап өмір гүлін,
Құс болып келіп жүрмін.
Самал боп сайын қырда,
Əн шырқап беріп жүрмін.
Қалғыма қан жүрегім,
Əн сүйген балғын едім.
Шалқыған шарайнасы,
Шаракөз əн айнасы,
Айдыным қалды менің.
Айдыным мөлдіреген,
Аққуы селдіреген.
Аңқасы жыр деп кепкен,
Арманы бүрлеп көктен,
Кірпігін қамастырып,
Кіл ару талас қылып,
Пəк сүйіп періштедей,
Кетпеймін өрістемей,
Бəріңді қазақ қылып.
Ақ қанат өлеңдерім,
Параққа көгендедім.
Əн менің – ақ арманым,
Жыр менің – жан ардағым,
Күй менің – шежірем-ді,
Тал бойым сезім енді,
Жаныңмен сезін енді.
Сəулемін жарқыраған,
Сəулесін таң сұраған.
Ел сүйген ермін ерен,
Көк тумын желбіреген!
Байлап көр шамаң жетсе,
Сағасы сонау көкте,
Сарқылмас мен бір өлең!