Соңғы кезде тарихи Отанына оралып жатқан қандас-тарымыздың құжаттануы қиындап кеткені туралы әңгіме Парламент деңгейінде көтеріле бастады.
Осы мәселе бойынша көші-қон саясатымен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі маман, қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибекпен өткізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Сіз биыл 14 ақпаннан бастап қолданысқа енген «Бірлескен бұйрық» немесе «Пилоттық жоба» туралы БАҚ бетінде, әлеуметтік желілер арқылы дүркін-дүркін мәселе көтердіңіз. Аталған жобаның Қазақстанда ратификацияланған халықаралық нормаға, Конституцияға және қолданыстағы заңдарға мүлде қайшы екенін дәлелдеп, өз қарсылығыңызды білдірумен келесіз. Қалай ойлайсыз, бағдарлама неге сәтсіз болды?
– «Бірлескен бұйрық» немесе «Пилоттық жоба» туралы айтудан бұрын, сөзді Үкіметтің 2016 жылғы «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» №83 қаулысынан бастаған дұрыс.
Үкімет кейін бұл қаулыға толықтыру енгізіп, қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыратын өңірлер санын көбейтті. Сіз айтып отырған жаңа жоба бойынша Ақмола облысы (Қосшы қаласын, Аршалы және Целиноград аудандарын қоспағанда), Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Абай облысы және Ұлытау облысы белгіленіпті.
Қаулының мақсаты белгілі. Аты айтып тұрғандай, атажұртына оралған этникалық қазақтар мен халық тығыз орналасқан өңірлердің тұрғындарын осы өңірлерге қоныстандыру. Жалпы, қандастарды Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстандыру – кезек күттірмейтін өте маңызды саясат! Оның саяси және стратегиялық маңызын айтып жату – артық әңгіме!
Астын сызып тұрып айтайын, мен Үкіметтің бұл саясатын жүз емес, екі жүз пайыз қолдаймын. Тынбай қолдап та келе жатырмын. Әсіресе, шеттен келген ағайындарды сол өңірлерге баруға үгіттеуден шаршаған емеспін! Өкінішке қарай, Үкімет бұл саясатты өз деңгейінде жүргізе алмады.
«Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтиже бермегенін мойындауымыз керек!», – деп оны 2024 жылғы 20 ақпанда Үкімет сағатында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың өзі мойындады. Ал себебіне келсек, ең алдымен, Үкіметтің бағдарламасы дұрыс болған жоқ! Бес жылға деп жасалған бағдарлама соңына шықпастан, жаңаланып жатты. Және ол бағдарламалардың бәрі жемқорлыққа жол ашумен келеді. Жемқорлық мәселесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, екі-үш ауданның әкімдерін қызметтен қуғызғаны есімізде.
Екінші себеп, ақпарат пен үгіт-насихат жетіспеді. Олар да адам баласы. Олар да пенде! Кешенді бағдарламамен бірге, биік мінбелерден жұртты иландыратын жылы сөздер жиі айтылып тұруы тиіс!
Есіңізде бар ма, 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев:
«Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деп, бізді өте қиын кезеңде нық сеніммен шақырып еді ғой. Ол кезде Қазақстан экономикасының күйреп, жоқшылықтың кеңірдектен қысып тұрған шағы. Соған қарамастан, Тұңғыш Президенттің сол сөзін «Шалқар радиосынан» ести салып, атажұртқа қотарыла көштік қой... Сол секілді, біздің Үкіметбасы мен Үкіметтің әрбір жауапты мүшесі және облыс әкімдері: «Құрметті қандастар! Біз сіздерді Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру үшін, міне, мынадай керемет заң қабылдадық. Келіңіздер!» – деп, уақ-уақ қыран құстай саңқылдап тұруы керек! Ұрда-жық сөз бен шектен тыс қатаң талап бұл көшті көлікті ете қоймасы анық. Әрине, ол үшін ең алдымен заң дұрыс болуы шарт! Ал сіз айтып отырған «Пилоттық жобаға» келсек, мемлекет қандастарды Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстандыру сынды осы стратегиялық маңызға ие саясатты шындап қолға алғаны көрініп тұр. «Бірлескен бұйрықтың» сол үшін шығарылғаны анық. Тағы да астын сызып тұрып айтайын, мен Үкіметтің бұл бастамасын да толық қолдаймын! Өзіңіз жақсы білесіз, қазір Президентіміздің «Заң мен Тәртіп» қағидатының салтанат құрып тұрған шағы. Аталған қағидаттың маңыздылығы сондай, Үкімет «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» жасап, оны арнайы қаулымен бекітіп қойды. Ол аз десеңіз, «Заң мен Тәртіп» қағидаты жаңа Конституциямыздың маңдайына жарқырап тұр. Демек, қазір қоғамның да, биліктің де ең басты ұстанымы – осы «Заң мен Тәртіп» қағидаты. Жасыратыны жоқ, «Пилоттық жобаны» мен сол «Заң мен Тәртіп» қағидатының өлшемімен бағаладым.
Себебі мен – Қасым-Жомарт Кемелұлының «Заң мен Тәртіп» қағидатын бойына әбден сіңірген, шындап ұстанған азаматпын! Содан болса керек, «Пилоттық жобаны» қабылдау маған қиын болды. Мұны «Пилоттық жоба» авторлары біліп, түсініп отыр деп ойлаймын.
– Сонда, «Пилоттық жобаға» әлі де қарсысыз ба?
– Жоқ! Жоғарыда айттым ғой, мен мемлекеттің қандастарымызды Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстандыру саясатын қос қолдап қолдаймын! Мәселе, «Пилоттық жобаға» менің «Заң мен Тәртіп» ұстанымымен қарауымда ғана болып тұр. Ол үшін мені дұрыс түсіну керек! Әйтпесе, мен бұл маңызды стратегиялық саясатты жүзеге асыруға бағытталған «Пилоттық жоба» болсын, өзге де бастамалар болсын, бәрін қолдауға бармын!
Өзіңіз білесіз, мен жиырма жылдан бері көші-қон саясатымен тынбай айналысып келе жатқан өте белсенді азаматпын. Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңнамаларды оң бағытқа бұруға ықпал ете алған тәжірибелі маманмын. Жиырмадан астам ұсынысым қабылданып, қолданысқа енді. Егер Үкімет мүмкіндік берсе, осынау уақыт ішінде жиған өз тәжірибем мен білімімді ортаға салып, Үкіметтің осындай жобаларына көмектесуге де, қос қолдап қолдауға да дайын жігітпін. Ол үшін маған депутат немесе министр болудың керегі шамалы. Құзырлы орган тек бағдарлама мен заң жобасын жасауға қатыстырса, ұсыныстарымды ескерсе ғана болғаны. Маған сол жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, «Пилоттық жоба» дәл уағында жасалды. Ал оны қалай жасау керек дегенге келсек, бұл енді басқа әңгіме...
Пилоттық жобаның қос ерекшелігі
– Сіз тәжірибелі маман ретінде бұл жобаның жетістігін атап бере аласыз ба?
– Бұл жобаның екі артықшылығын ерекше атап өткім келеді. Ең басты артықшылығы – көшіп келушілерді Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру сынды бұл маңызды саясатты шындап қолға алғандығы!
Әрине, бұл саясаттың қозғаушы күші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев екені анық! Бұл – мемлекеттің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан қам мен қарекет. Кеше Ұлттық статистика бюросының мәліметін оқыдым. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еліміздің халық саны 20 562 993 адамға жетіпті. Оның 13 153 726-сы қалада, ал 7 409 267-сі ауылдық жерлерде тұрады екен. Көрдіңіз бе, ауыл мен қала халқы санының салыстырмасы ай емес, күн санап алшақтап барады. Урбанизация үрдісі үдей түсуде. Халық ауылдан қалаға ағылып жатыр. Ауылдар бос қалуда. Мектептерде оқитын балалар азайып кетті. Әсіресе, сол Үкімет айқындаған өңірлердегі ауылдарда... Жері кең, халқы аз, табиғи байлығы ұшан-теңіз мемлекет үшін бұл – өте қорқынышты жағдай!
Үкімет мәселенің осы жағын ойлап, батыл қадамға барып отырған болса керек.
«Қандастар – қауіп емес, қауіпсіздіктің кепілі!» деген тұрғыдан қарап, мемлекет оларды Үкімет белгілеген өңірлердегі бос қалған ауылдарға түгел қоныстандырып жатса, онда менің де ұлы арманым орындалар еді!
«Пилоттық жобаның» екінші бір артықшылығы – өңірлік квотадағы шектеудің алынып тасталғандығы! Енді бұрынғыдай бір-екі мың адамдық өңірлік квотамен шектеу жоқ.
«Пилоттық жобаның» аясында енді көшіп келушілер мен қоныс аударушылардың бәріне 70 АЕК мөлшерінде көшуге субсидиялар беру, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде ақша босату, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға 1625 АЕК мөлшерінде экономикалық ұтқырлық сертификаттарын ұсыну қарастырылыпты. Көп-көрім ақша. Жан саны көп отбасылар үшін қомақты қаражат деуге болады... Бұл – өте-өте дұрыс шешім және зор қамқорлық! Сондықтан бұл игілікті істі тек Үкіметке ғана артып қоймай, бүкіл ел болып қолдауымыз, көмектесуіміз қажет!
Жоба жайлы жазған хатым Президентке жетті
– «Пилоттық жоба» осы жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады екен. Көші-қон саясатында оған дейін және одан кейін қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Ең қуаныштысы, менің «Пилоттық жобамның» конвенциямен, Конституциямен және қолданыстағы заңдармен сәйкессіздігін дәлелдеп жазған хатым Президентке жетті. Бұл туралы Ақордадан бір емес, екі мәрте хабарланды. Тиісті тапсырма берілгенін айтты. Өзіңіз де көріп, естіп жатқан боларсыз, «Пилоттық жоба» қолданысқа енген күннен бастап, атажұртына оралған ағайындардың құжаттану процесі негізінен тоқтады десе де болады. Әсіресе, Қытайдан келген қазақтардың.
Қазір менің қолымда құжаттана алмай отырған үш жүзге таяу отбасының тізімі тұр. Құжатсыз қалғандардың қарасы бұдан бірнеше есе көп. Көшіп келіп жатқандар тағы бар. Келген еліне кері көшіп жатқандар да жетерлік... Егер «Пилоттық жоба» жыл аяғына дейін осы беті тұра беретін болса, елімізде ұлты қазақ «босқындар» пайда болады. Оның зардабы олардың өздерімен бірге, атқарушы билікке де ауыр тигелі тұр. Менің білуімше, Үкімет қазір осы «Пилоттық жобаның» негізінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңының жаңа жобасын дайындап қойды. Құрылтай депутаттары жасақталған соң, оны бірден талқыға салып, қабылдайды.
Ал Құрылтай оны қалай қабылдайды, ол жағы маған белгісіз. Бірақ «Халықтың көші-қоны туралы» заңының жаңа жобасы осы «Пилоттық жобаның» негізінде еш өзгеріссіз қабылданып жатса, онда ол Үкімет айқындаған өңірлердегі жергілікті атқарушы билікке өте ауыр, тағы қайталап айтайын, өте-өте ауыр қиындық тудырары сөзсіз!
Мені алаңдататын мәселе – осы! Президенттің тапсырмасымен жағдай өзгеріп те қалуы мүмкін.
– Сол өзіңізді алаңдатып отырған түйіндерді тарқатып айтыңызшы, ол қандай қиындықтар?
– Жоғарыда айттым ғой, қазір менің қолымда құжаттана алмай отырған үш жүзге таяу отбасының тізімі тұр деп. Бір қызығы, осы үш жүзге таяу отбасының біразы сол Үкімет белгілеген өңірлердің өзінде отырып, не құжаттана й, не өңірлік квотаға қол жеткізе алмай, сергелдеңге түсуде. «Пилоттық жобаның» аясындағы бұл көш бір-екі адамның немесе бір-екі отбасының шаруасы емес, неше ондаған мың адамның тағдырына қатысты мәселе!
Құдай бетін ары қылсын, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының жаңа жобасы осы «Пилоттық жобаның» негізінде еш өзгеріссіз қабылданып кетсе, айтып отырмын ғой, көшіп келушілер құжатсыз қалады.
Жергілікті атқарушы билік оларды жоғарыда айтылған мемлекеттік қолдау шараларымен қамдай алмай, өздері қиындыққа тап болады.
Тағы бір мысал келтірейін. «Пилоттық жобаға» сай, «Қандас» мәртебесі тек Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қоныстану өңірлеріне міндетті түрде қоныс аудару жағдайларында, ұзарту құқығынсыз 5 (бес) жыл мерзімге беріледі. Демек, бұл – Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған этникалық қазақтарға азаматтық бермей, бес жыл бойы тек «Қандас» мәртебесімен ғана ұстап отыру деген сөз! Сонда жергілікті атқарушы билік өз бетімен мал өсірем, егін салам деген шетел азаматы болып табылатын қандастарға жер телімін қалай бермек?! Қысқасы, Заң жобасы дұрыс қабылданбаса, Үкімет бөлген ақша игерілмей, атқарушы билік әбігерге түскелі тұр. Ертең Заң жобасы да осы беті кетсе, қоғам «Пилоттық жобаның» сипаты мен мақсатын сөзсіз басқаша бағалай бастайды! Сондықтан бұл жобаға бәріміздің де бей-жай, жүрдім-тұрдым қарауымызға мүлде болмайды! Мәселені шиленістірмей, алдын ала шешіп алуымыз керек!
«Тестілеу», «сауалнама жүргізу», «әңгімелесуді» заңнан алып тастау керек
– Сіз: «Алдымен заң дұрыс болуы шарт» деп қалдыңыз, жаңа заң жобасына өз атыңыздан қандай ұсыныстар ұсынар едіңіз?
– Менің ұсынысым өте қарапайым әрі жеп-жеңіл. Тіпті, түкке тұрғысыз дүние деуге болады. Көп ақылдың керегі жоқ, Үкімет айтқызбай-ақ, өзі біліп істей салатын шаруа!
Оның біріншісі, жыл аяғына қалдырмай, Қазақстанға көшіп келіп алған этникалық қазақтардың Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанғысы келетіндерін қолданыстағы заң аясында түгел құжаттандырып, «Пилоттық жоба» аясында субсидиялар мен сертификаттарды беріп үлгеру керек! Сосын, егер мемлекет қандастарымызды шынымен Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандырып, ондағы бос қалған елді мекендерді халыққа толтыруды көздесе, онда бұл аймақтарға қоныстанатын көшіп келушілердің құжаттану процесін барынша жеңілдету қажет. Анау «тестілеу», «сауалнама жүргізу» және «әңгімелесу» дегендердің бәрінің көзін құрту керек! «Өлшемшарт» деген мүлде болмауы қажет! Керек болса, азаматтық беруді бұрынғыдан да оңайлату, жеңілдету керек!
Сонымен бір мезгілде, Үкімет айқындаған өңірлерден азаматтық алып алып, басқа облысқа тайып тұрғысы келетіндердің жолын кесетін қатаң тәртіп те енгізген абзал! Мысалы, ондайларға берілген субсидиялар мен сертификаттарды екі-үш еселеп қайтарып алу; Үкімет айқындаған облыстардан өзге өңірлер мен қалаларға көшіп барса, тұрақты тіркеуге алмау сынды шаралар қолданса, жетіп жатыр. Бірақ, соңғысы жаңа Конституцияның 24-бабының 1-тармағына қайшы. Дегенмен, ол «Пилоттық жобаныкіне» қарағанда кішкене мұсылмандау шара!
Менің ұсынысымның бар болғаны – осы ғана! Бұл – нағыз әділетті шешім болары анық! Үкімет үшін қиын емес, оп-оңай орындалатын шаруалар.
Жеңіл, оңай құжаттану тәртібі орнаған жағдайда, қандастарға біз секілді көші-қон саясатымен айналысып жүрген белсенді азаматтардың сөзі бірден өтетін болады. Біз осындай игіліктерді алаулатып-жалаулатып айтып, оларды Үкімет бекіткен өңірлерге жаппай қоныстануға батыл үгіттей аламыз. Ең бастысы, Үкіметтің беті жарық, құлағы тыныш болмақ!
Қандастарымыз ешқашан масыл болған емес, болмайды да!
– «Вице-министр Ербол Тұяқбаев: «Оқымаған оралман керек емес!» депті...» – деп жатыр ғой. Бұған не айтасыз?
– Тұяқбаевтың ондай сөзін естіген жоқпын. Бірақ, «Қазақстанға келген кезде әлеуметтік масылдыққа салынбайтындай деңгейде өз мүмкіндіктерін дәлелдесе, біз оларды құшақ жая қарсы аламыз...», – дегенін оқыдым.
Үкімет оң құлағымен естісін, Қазақстанның отыз бес жылдық тарихында қандастар ешқашан масыл болған да емес, болмайды да! Жалпы, шеттен оралған қандастарымыз Үкіметке алақан жаюдан аулақ. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтуға әбден жетілген адамдар. Шетінен еңбекқор, істің көзін таба білетін мамандар... Оларды қинайтын бір-ақ мәселе бар. Ол – құжаттанудың Қазақстан Республикасы азаматтығына қол жеткізудің машақаты!
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі анау тоқырау жылдарында ауыл халқы жаппай қалаға үдере көшіп, елді мекендерде мал бағатын адам қалмай, мал басы күрт азайып кеткен болатын. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өте көрегендікпен ерте жолға қойған көші-қон саясатының арқасында, атажұртына оралған қандастарымыз, әсіресе Қытай мен Моңғолиядан келген ағайындарымыз сол кеңістікті толтырып, еліміздің мал шаруашылығын тоқырау мен қауіптен аман алып шықты. Бүгінде төрт түлікті мыңғыртып, қазақстандықтардың аузынан ақ май ағызып отырғандардың басым бөлігі – сол шеттен келген ағайындар екенін ешкім жоққа шығара алмайды!
Төрт түлік дегеннен еске түседі, еліміздегі малшы қауымның қаншасының «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден оқып келгенін, қаншасының ғылым докторы, ғылым кандидаты екені туралы дипломы бар-жоғын білгім келіп, жақында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атына арнайы хат жазып, сұрау салдым. Сұрауыма аталған министрліктің вице-министрі А. Бердалин: «...шопан (қойшы) мамандығы жұмысшы кәсіптер қатарына жататынын, яғни ол біліктілігі жоғары талап етілмейтін жұмысшы мамандығы екенін атап өтеміз. Бұл қызметте тәжірибелік дағдылар, малмен жұмыс істеу машығы, жайылымдарды білуді және мал ұстау жағдайларын білу есепке алынады», – деп жауап берді. Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елге жоғары білікті мамандарды, инвесторларды және таланттарды тартуға бағытталған Жарлыққа қол қойды. Дұрыс, ондай мамандар елімізге керек. Келсін! Сонымен бір мезгілде, мал бағатын, егін салатын, көше сыпыратындардың да ауадай қажет екенін естен шығармайық...
Демек, қандас – қауіп емес, қайта қауіпсіздіктің кепілі! Үкімет мұны екі дүниеде де ұмытпауы және терең түсінуі керек!
Сөз соңында айта кетейін, жақында мені екі жігіт іздеп келіп, көмектесуімді өтінді. Екеуі де кезінде Қытайдан келіпті. Екеуі де Қазақстан азаматтығын алған екен. Біреуі – журналист, біреуі – құрылысшы. Екінші категориядағы құрылыс компаниялары да барын айтты. Олар Үкімет айқындаған өңірлердегі ауылдардың маңынан жер телімін алып, қандастарға арналған жаңа үйлер салмақшы екен. Бір ауданның әкімінің қолдауымен жер телімін алып, ол жұмыстарын бастау алдында тұрғанын жеткізді. Екі жігіттің өтінішімен сол ауданға барып, әкіммен кездесіп, олардың жобаларын өз көзіммен көріп қайттым. Әкім өте білімді, іскер жігіт екен, бұл шаруаға қатты құлшынып отыр. Екі жігіттің айтуына қарағанда, олар аудан әкімі берген жерге қандастарға арнап, шағын ауыл тұрғызбақшы. Салынатын үйдің көлемі – 130 шаршы метр. Қора-жайы, қоршауы түгелімен бар...
Қаражатына келсек, бұл компания Үкіметтің «Пилоттық жоба» аясында қандастарға беретін субсидиялары мен сертификаттарына және осы ауылға қоныстанғысы келетін қандастардың өздеріне сүйенбек. Жігіттердің айтуларына қарағанда, осы жаңа ауылға келгісі келетіндердің санында есеп жоқ көрінеді. 56 отбасы екі жігітпен келісімшартқа отырып, алдын ала кепілдік ақшаларын құйып та үлгеріпті. Құрылыс жұмысы басталса, олар сол келіскен ақшасын түгел құюға дайын екен. Екі жігіттің талабы да менің өтінішім секілді өте қарапайым:
Жергілікті билік жер телімі мен шағын ауылдың инфрақұрылымын шешуді үстіне алса, сол облыстың «Пилоттық жоба» аясында қандастарға беретін субсидиялары мен сертификаттарын сол жаңа ауылға келетіндерге бағыттап берсе болғаны, қалғанын өзіміз қатырамыз деп отыр...
Міне, бұл да Үкіметтің «Пилоттық жобасын» іске асыруға септігін тигізетін керемет бастама деп білемін!
Көшіп келушілер қаражаттың жартысынан көбін өз қалтасынан шығарған соң, ол ауылдан ешқайда көшпейді. Тұрақтап қалады. Ең бастысы, жаңа үйлер, жаңа ауылдар пайда болады. Үкімет осындай жобалардан пайдалана білсе, еш ұтылмас еді...
Сұхбаттасқан –
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ













