Жағымпаздық жайлы хикая

Жағымпаздық жайлы хикая

Бұл ертеректе болған оқиға. Ертерек болғанда тәуелсіздік жылдарында болған оқиға. Бір шенеуніктің түкірігі жерге түспей ауада  «қатып қалған» жылдарынан естілік. Бәленше облысты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған» Дөкей мырзаның көңілін тапқан бай қазақ жайлы хикая.

«Халық айтса қалып айтпайды» деген бар ғой, сол жылдары «Бәленше деген Байекең үлкен атақты өзеннің  бойында он шақты  ақ шаңқан киіз үй тіккізіп, облысты тіреп тұрған Дөкейді қонақ етіпті. Семіз жылқының етін Дөкей сүйсініп жепті. Құнан қымызды сырадай сіміріп, жас бағыланның етін шайнамай жұтып, шұбатты шампандай сіміріп бір апта жатыпты. Арақ пен шарап су болып ағыпты...  Өзеннің бойындағы ну қамыс пен қоғаны кезіп қабан атыпты, қасқыр қуыпты. Қоян мен түлкіні қынадай қырыпты. Ұшқан құсты аман жібермепті... Күндіз көл-көсір қонақасы, кешке той-думан. Ойын-сауық...

Бір мезгіл суға түсіп сергіп алса, кейде өзенге спиннинг (жарқылдауық) атып құмардан шығыпты. Таза ауа, тұмса табиғат, құлаққа ұрған танадай тыныштық. Жан рақаты. Әне, өмір солардікі» деп халықтың шуылдағаны есімде қалыпты.

Кейін сол оқиғаға куә болған бір жігітке жолықтым. Сөзіне сенсек, Дөкейді құдайдай күтіпті әлгі Байекең. Өзі де тығыршықтай облыс әкімі бір аптада тіпті домаланып жүре алмай қалыпты. Көзі сығырайып, жүзі күнге тотығып, беті былшиып кетіпті.

Дөкейді облыстан бес «ДЖИП» машинасы арнаулы күзетпен алып келіпті. Ылғи соқталдай-соқталдай орыс жігіттері. Түрлері суық, күндіз қасынан бір елі қалмайды, түні бойы күзетеді екен.

Бәріне куә болған жігіт айтады: – Анау орысың (Дөкей) мені таңғалдырды. Семіз жылқының еті салынған үйеме табақ ет алдына келгенде мүшелерін түгендеп «Жамбас қайда, жал қайда» деп бізді састырады. Қазан басындағы қатын-қалаш у-шу болады. Майға шылқыған сорпа алдына  келгенде «Где курт?» деп айқайлайды. Тіпті табақтағы еттің қалай туралып жатқанына мән береді. Қазы мен қарта домаланып түспесе, ет қиялай туралмай шашырап кетсе,  ескерту жасалады.

Әй, анауың, қазақ психологиясын әбден меңгерген қудың өзі. Отырыста қазақтың әнін шырқатып, күйін тарқызып «Айт деген», «Ойдайт деген» деп қолпаштап қояды. Өзі де «құдық» екен. Жеген семіз ет, ішкен бал қымыз бен шұбат қайда кетіп жатқаны белгісіз. Бір сөзбен айтқанда «кіріс бар да, шығыс жоқ».

Байекең болса мәз-мейрам. Енді ше, қонағы дән разы. Көңілі көтереңкі. Одан артық не керек?

Бар қызық Дөкөйдің іші пысып аң атқысы келгенде басталды. Қашанғы ішіп жейді. Қашанғы шалжиып жатады. Қызара бөртіп алған әлгі неме қос ауыз мылтығын оқшантайымен далаға сүйреп шығарып: «Где ваши кабаны. Наидите их!» – деп ақырсын. Қалш-қалш етеді. Шошып кеттік.

Қонақ келердің алдында Байекең күтуші жігіттерді жинап алып: «Егер анау қабан атамын десе, бір мүйісте тор ішінде қабандар қамауда тұр. Ол жерде арнаулы жігіттер жүреді. Соларды құлағдар етерсіңдер», – деп ескерткен.

Сол ойға оралып бес «ДЖИП»-ті мүйіске қарай бағыттадық. Ұшып барады. Шабарман да төте жолмен мүйіске жетіп үлгерді. Сөйткенше болған жоқ. Тарс-гүрс басталды. Атып жатыр. Бір кезде құлағыма торайлардың шыңғырған дауыстары естілді. Алқынып біз де жеттік.

Қарасақ Дөкей аппақ орамалмен тершіген маңдайын, терге малшынған денесін сүртіп жатыр. Жымың-жымың етеді.  Анадай жерде «екі мүйізімен» жер сүзіп құлаған қабан жатыр. Сол қолдауы қызыл ала қан. Одан әрегіректе мегежін  тырапай асыпты. Үш-төрт торай да шашылған тарыдай «шашырап» кетіпті. Мылжа-мылжа.

Атуға ыңғайлы болу үшін ашық алаңқай таңдалғаны көрініп тұр. Маңайында жасырынатын тал жоқ. Ар жағы – құлама жар, бергі бет – ашық бел. Ну тоғайға кіріп кету үшін 500 метр жер жүгіру керек. Қабанның шабысы белгілі. Жол талғамайтын «ДЖИП»-тер оларды аттатпайды. Бәрі ескерілген, кәдімгідей жоспар жасалған...

Оны қызып алған ана Дөкей қайдан білсін, бір күн бойы өзінің «мергендігін» сөз етіп, қабан атудағы «шеберлігімен» миымызды ашытты. Қашан ұйықтап кеткенше сандырақтап сөйлеп жатты.

– Тағы бір қызық оқиға, – деді ол жігіт сол жолы, – Дөкей балық аулауға шыққанда орын алды. Талы кесіліп, арнаулы трамплин етіп  жасалған алаңқай кәдімгі шетелдің пляжын еске түсіреді. Басекеңнің демалатын орындығы, жататын жиналмалы кереуеті жағалауға жақын тұр. Күннен қорғайтын қолшатыры төбесінде.

Қолжетім жерде белі қайысқан үстел. Құс сүтінен басқаның бәрі бар. Сондай ырымдары бар ма, ол жағын білмеймін, жарқылдауығын шортан қапқан сайын (жамырап құттықтаймыз) Ол бір рөмке конякты көмейіне құйып жібереді. Маңайындағыларға да «Шортанның құрметі үшін» алып қоюды бұйырады. Қазекеңдер де қалысып жатқан жоқ. «Жаудан түк тартсаң да пайда» дегендей жалақтап жүр.

Манағы «тұлғалы күзетшілері» жар басында ана жер, мына жерде қазықтай қақиып тұр. Өз жұмыстарына адалдығы байқалады. Қалт еткенді қапы жібермеуге дайын. Өте сақ. Бейне кинодағы мафияның басшылары көз алдыңа келеді екен. Біздің қонақ «Дөкей» тіпті еркін. Бұтында шорты, көзінде қара очки. 

Денесі жалаңаш. Ақ -сары терісі күреңітіп кеткен. Байекеңнің тапсырмасы бойынша, екі жігіт  пышақтың өткір жүзіндей лыпып жүр. Дөкей сәл тыныстап «жүз граммды» көмейге жөнелткенде, жарқылдауық солардың қолына тиеді. Орекеңнің қолы стаканнан «босаған кезде» қармақты ұстата қояды. Анау ырс-ырс етіп айдынға лақтырады келіп.

Мен басында «мына орысқа шортан қапқыш екен» деп шынымен таңғалып жүргенмін. Бір кезде пысық жігіттердің көз ілеспес жылдамдықпен жарқылдауықтарды ауыстыра қоятынын аңғарып қалдым. Сөйтсем Байекең қаптаған жарқылдауықтарға шортандарды «қаптырып» дайындатып қойған екен. Анау әккі екі жігіт көзді ала бере Дөкейдің масаңдығын пайдаланып «дайын олжаны» қолына ұстата салады. Бітті.  Анау «шортанды сүйреп», есі шыға айқайлап сайдың аңғарын жаңғыртып жібереді. Ой, біз не көрмедік?!» –  деп жігіт сөзін аяқтаған еді.

Бұл не жағымпаздық па, жоқ әлде шынымен Байекеңнің «қазақтың қонақжайлығын» осылай дәріптеген түрі ме? Ол үшін осыншалықты шашылудың қажеті қанша еді?

Бір қызығы, осыдан көп өтпей Байекеңнің бір баласы облыстық мәслихатқа депутат болып кетті. Тағы бір баласы облысқа білдей бір департаментке басшы болып сайланды.

Одан да сорақы қылықтарымен «өсіп-өнгендер» қаншама. Жағымпаздық білінбей жасалғанда ғана «Құрметке» ие де, анық көрініс берсе, «даттауға» лайық тұратынымыз-ай осы!

 

Нағашыбай Қабылбек
02.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44208
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549