Қазақта не бар?
Дала бар.
Таулар бар және тізе бүккен қара нар.
Алысып жүріп ай тақырды алғанша,
Қан төгіп жүріп қара дөңді алғанша,
Ақ теңіз бенен Қара теңізді неге алмадыңдар, бабалар?
Бұл – қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушановтың өлеңінен үзінді еді. Марқұм Ес-ағаң осы шумақтарды жазғанда, көсіліп жатқан көк теңізге тамсана тұрып, өзінің далиған даласымен ойша салыстырған сияқты...
Иә, қазақта не бар еді? Жоғалтқанымызды қоя тұралық. Қолда бардың өзін кәдеге жарата білсек, бізде барлығы бар екен. Алтын Алтай, асқар Алатау, қарт Қаратау, Балқаштың көлі, Бетпақтың шөлі, Шарын мен Бозжыра... кете береді. Еуразияны кең жайлап жатқан елімізде табиғат таңғажайыптарының біразы бар екен. Ендігі мәселе – осы сұлу табиғатымызды аялай отырып, алыс-жақыннан ат терлетіп келген саяхатшыларға көрсетіп, өзімізді таныта білуде қалды. Бұл өзі ресми тілмен айтқанда, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытуға бағытталған стратегиялық жоспарларының бір тармағы – экологиялық туризмді дамыту бағытымен тығыз байланысты болмақ.
Экологиялық туризм біздің елімізде жақсы дамып келе жатқан салалардың біріне айналды. Бұл, ең әуелі, мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан маңызды жобалардың арқасында мүмкін болып отыр. Үкімет экотуризмді дамыту арқылы табиғатты қорғау, ауылдық аймақтардың экономикасын көтеру және халықаралық туризмді дамыту мақсаттарын көздеп отырғаны анық.
Мемлекеттің туризм саласын дамытуда ең алғашқы қолға алғаны – оның құқықтық базасын дайындағаны болды. Яғни, бұл саланы реттейтін заң нормаларын белгілеп, саланы дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттар әзірледі. Сонымен қоса, шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың маңызды шаралары қабылданды. Соңғы жылдары қабылданған маңызды құжаттардың қатарында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын атауға болады.
Экологиялық туризмді дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралардың қатарында Ұлттық парктерде инфрақұрылым дамыту, «Таза Қазақстан» және экологиялық туризм жобалары, туристік маршруттар мен экосоқпақтар салу, экологиялық туризм стандарттарын енгізу сынды ауқымды жобалар бар. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке қарастыруға тұратын тақырыптар. Қазір еліміздің әр облысында жергілікті ерекшелікке негізделген экотуризмді дамыту жобалары жолға қойылып, ел игілігіне жарай бастады. Мысалы, Алатау мен Шығыс Қазақстан облысы өңірінде қысқы спорт түрлерімен айналысқысы келетін туристер көптеп келуде. 2025 жылы шілденің соңында Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш көлінде алғаш рет Лотос (тұңғиық) фестивалі өтті. Бұл шараның әсерінің күшті болғаны соншалық, әлеуметтік желі бетінде «келер жылы міндетті түрде барамын» деп пікір қалдырған адамдардың қатары мол еді. Біз бұл мысалдарды сөз арасында тұздық ретінде айтып отырмыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан негізгі бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға тура келеді. Біз шағын мақаламызда Ұлттық парктерде инфрақұрылым дамыту туралы ақжолтай жаңалықтарды айта кетуді жөн көрдік.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов былтыр сәуірде Үкімет отырысында жасаған баяндамасында бірқатар мысалдарды атап өткен еді. Ол баяндамасында экотуризмді ілгерілету мақсатында ұлттық парктерді дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап өткен болатын.
– Соңғы жылдары туристік соқпақтарды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, 8 сапар-орталығы ашылды. Нәтижесінде ұлттық парктерде экотуристердің тұрақты өсуі байқалуда, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті.
Туризм министрлігі артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, барлық ұлттық парктерде Бурабайдағы секілді кіру жүйесін цифрландыру қажет. Дәл осындай жұмыс басқа да өңірлерде туризмнің әр түрін дамыту үшін іске асырылатын болады. Әсіресе, туризмнің этно-мәдени, балалар мен жасөспірімдер, медициналық, сауықтыру, іскерлік, караванинг және автотуризм секілді түрі басымдыққа ие, – деді министр мырза.
Ербол Қуантайұлы сонымен қатар туристік орталықтардың инфрақұрылымын дамытуға арналған маңызды жобалардың қатарында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатқан Катонқарағай мен Зайсандағы әуежайлардың құрылысы туралы да айтып өтті. Ал ендігі кезекте жүзеге асырылатын кешенді жоспардың қатарында «Маңғыстау» туристік аймағын дамыту екені айтылды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда экологиялық туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Ұлттық парктердегі инфрақұрылымды дамыту, экотуризм стандарттарын енгізу және ауыл туризмін қолдау сияқты шаралар бұл саланың дамуына ықпал етуде. Соңғы жылдары туристер санының айтарлықтай өсуі экотуризмнің перспективалы сала екенін көрсетеді. Болашақта Қазақстан табиғи туризм бойынша әлемдік деңгейдегі бағыттардың біріне айналуы мүмкін.















