Жыл сайын 16 желтоқсан жақындай бастағаннан-ақ «Тәуелсіздік күні құтты болсын!» деген құттықтаулар әлеуметтік желіден лек-легімен келіп жатады. Мен де емеурін танытқан боламын, бірақ ішімнен бір нәрсе тіреп тұрады. Екі ұдай күй кешемін. Жалғыз мен емес, басқалардың да сасқалақтап, әрі-сәрі болып қалатынын байқаймын. Не мереке ретінде қуанып, құттықтайтынымызды, не қасіретті күн ретінде қайғырып, көңіл айтатынымызды білмей шатасамыз да жатамыз. Алдымен жылап аламыз, сосын тойлауға кірісеміз. Таңертең алаңға барып, Тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойып келеміз де, сосын түк болмағандай бір-бірімізді құттықтай бастаймыз. Жасыратын не бар, былтыр да соны қайталадық, таңертең Республика алаңына жиналып, халықпен бірге оқылған құран ішінде болып қайттым. Жаным ауырып, көңілім толқыды. Самайлары ағарып, шау тарта бастаған желтоқсандық достарымды көріп, көзіме іркес-тіркес жас іркелді. Қатарлары сирей бастапты... Бір әріптес достың: «Иә, жұрт Тәуелсіздік мерекесі деп қуанып тойлайды, біз неменемізге жетісіп тойлаймыз? 16 желтоқсан десе, менің есіме сол күнгі қорқынышты сәттер, солдаттардың ақырғаны, иттердің абалағаны, қыздардың шыңғырғаны еске түседі, көз алдыма басқа ештеңені елестете алмаймын», – деген реніші сонда тұрған біразымызды кәдімгідей ойландырып тастады.
Кейін мамандардан сұрастырып білгенім мынау болды: не әрі емес, не бері емес мұндай екі ұдай көңіл күйді психологияда «когнотивті диссонанс» дейді екен. Яки, ішкі сезімдердің бір-біріне қарама-қарсы қайшылықты эмоциялар мен мән-мағыналарды бір мезетте қабылдай алмай, өзара шарпысып, қақтығысқа түсетін сәті. Бұл ішкі жайсыздық көбіне адам көңіл күйіне әсер етіп, қан қысымын көтеріп жіберетін көрінеді. Мұны Желтоқсанға байланысты қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан бағалайтын болсақ, «саяси-идеологиялық диссонанс» деп атайды екен. Адам ауру жандай мәңгіріп, не істеп, не қоярын білмей, өзінен-өзі жандалбасалай бастайды. Ол уақытылы ем-дом алмаса, психологиялық айықпас ауруға апарады-мыс. Енді осы жағдайды билік білмей отыр ма? Мәселенің мәнісі осында. Өз басым білмей отыр деп ойламаймын. Бірақ біле тұра бір әрекетке көшпеуі қайран қалдырмай тұрмайды. Айтыңызшы, Желтоқсанның ақ қары қанға боялған күнді мереке деп атауға, тойлауға бола ма? Құттықтауға бола ма? Ендеше, неге біз өзімізді алдап жүрміз?
Біріншіден, 1986 жылы 16 желтоқсан күні қазақ халқының ұлттық мүддесі аяқасты етілді, намысы нақақ тапталды. Мәселе – Қонаев қызметінен босатылып, орнына басқа басшының сырттан әкелуінде немесе сырттан әкелінген басшының басқа ұлт өкілі (орыс) болғанында емес, мәселе – Кремль номенклатурасының Қазақстанды өзіне тең санамағанында болып тұр. Яғни, Желтоқсан көтерілісі Қазақстанның ұлттық мемлекет құру жолындағы аңсар-арманы мен соған ұмтылысын ескермегендігінен, қазақты ұлт ретінде мойындап, санаспағандығынан туындады. Мұны шеруші жастардың қолдарына ұстаған «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Ұлт саясатының лениндік ұстанымын сақтауды талап етеміз!» деген ұрандар айғақтайды.
Екіншіден, Орталық Комитеттің шешіміне риза болмаған жастар әділдік талап етіп, еліміздің бас алаңына шеруге шықты. Яғни, бұл күн – жас қазақтардың тоталитарлық режимге қарсы бас көтерген күні.
Үшіншіден, бұл күні тек Алматы қаласында емес, басқа да көптеген қалаларында қазаққа қарсы оқ атылды, алтын асықтай ұлдарымыз итке таланды, қырмызыдай қыздарымыз солдаттардың табаны астында жаншылды, зорланды, қорланды, тағдыр тәлкегіне ұшырады, өмірі ойрандалды. Тоталитарлық жүйенің қатал жазалау машинасы ешкімді аяп қалған жоқ, қаншама отбасын қайғы-қасіретке душар етті.
Төртіншіден, адам өлімі орын алды. Әрине, бұл күні ұрыс алаңдарында қанша адам «серейіп жатты», қанша адамның мәйіті шықты, нақты анықталмаған. Бірақ бұл күні (16 желтоқсан) алаңда адам шығыны болмады деген сөз емес. Ресми дерекке сүйенсек, алаңда құрбан болғандар екі адам. Олар – шеруші Е. Сыпатаев пен жасақшы А. Савицкий. Тағы да қайталап айтайын, бұл ресми деректер. Ресми деректер көбіне өңі айналдырылып, бұрмаланып көрсетілетінін тарих әлдеқашан дәлелденген. Тәуелсіз сарапшылар басқаша деректер келтіреді. Мысалы, Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашу мақсатында құрылған комиссия сол күндері алаңда 168 адамның жер жастанғанын анықтаған. Бірақ осылардың қайсысы қай күні опат болғанын ешкім анық білмейді. Одан басқа Алматы маңындағы бір шұңқырға 58 адам «тірідей» көмілген деген дерек бар. Бұл ақпаратты осы хайуандыққа күтпеген жерден куә болған түрік ақсақалы айтқан. Ол: «Адамдар тірідей көмілген жерден екі-үш күнге дейін үрейлі, қорқынышты дауыстар шығып жатты», – деген. Бірақ бұл ақпаратқа ресми орындар уақытында назар аудармаған. Бұл зұлым оқиғаны ұзақ жыл құпия ұстаған кісінің айтуынша, ол жер қатаң бақылауға алынып, күзет қойылған және онда ешкімді жібермеген.
Өкінішке орай, ресми органдар мұны да растамады. Бірақ билік растамады екен деп, шындық шықпай қоймайды ғой. Бұл не деген сөз? Яғни, Желтоқсан шындығына байланысты жаппай мойындалған ақиқи дерек жоқ деген сөз. Архив толық ашылмаған. Желтоқсан эпопеясының соңғы нүктесі қойылған жоқ. Билік – саяси құрылым, олар не істесе де саяси көзқараспен өлшеп-пішеді, іс-әрекеттерінде саяси мүдденің иісі шығып тұрады.
Осы орайда «маскүнем», «нашақор», «күмәнді элементтер» деп атап, адал ниетті қазақ жастарын қорлаған тоталитарлық жүйенің өтірігін Кеңес одағының ең биік мінберінен, КСРО халық депутаттарының съезінде айдай-әлемге жайып салған арқалы ақын Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» кітабынан мына бір үзіндіні келтіре кеткенді жөн көрдік.
«Есіме Мәскеуде Борис Ельциннің осы проблема төңірегінде айтқан құпия әңгімесі оралады:
«МҚК-дағы бір сенімді адамнан Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында көп адам шығыны болғанын естідім. Ол негізінен түгелдей МҚК қолымен бүркеліпті. Билік басындағылардың бәрі мұны жақсы біледі. Бірақ қатаң құпияда ұстайды... Мен сол саладағы өз адамдарым арқылы сіздің қауіпсіздігіңізге болысамын...». Мұндай мәліметтер кеңестік-тоталитарлық жүйе қазақ жастарының бейбіт шеруін қандай зұлым саясатқа бұрып жібергенінен хабардар етеді.
Бесіншіден, қаншама жас (мысалы, М. Шаханов келтірген деректерде 1792 адамның түрлі дене жарақатын алып, тіркелгені айтылған, кітап авторы айтқандай, тіркелмей бой тасалап қалғаны қаншама) жазықсыз жазаға тартылды, мыңдаған адам комсомолдан, партиядан шығарылды, оқудан, жұмыстан қуылды, жер аударылды, сотталды, түрмеге тоғытылды, тағдырлары тас-талқан болды.
Ендеше, Желтоқсанды мереке деп өзімізді-өзіміз алдаусыратып тойлағаннан не таптық? Құттықтағаннан не ұттық? Бұл өзі-өз тарихымызды жар жағасына апарып, көзін тас қып байлап қойып зорлау секілді емес пе? Алдау, арбау, қазақты тарихынан жаңылыстыру, жолынан адастыру емес пе?!
Естеріңізде болса, 2022 жылы Президент Қ. Тоқаевтың шешімімен Желтоқсан «ұлттық мереке» санатынан шығарылып, ол бостандығымыздың бастауы, азаттығымыздың алғашқы қадамы болған «Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданған 25 қазанға (1990 ж.) ауыстырылды. Алайда «мемлекеттік мереке» деген мәртебесін сақтап қалды. Неге? Сөйтсек, оның да өзіндік себебі бар болып шықты. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттік дербестігі туралы» заң қабылдаған. Бұл Тәуелсіздік құжаты – тарихымыздағы маңызды конституциялық акт болып табылады екен. Онда КСРО мемлекеті өз қызметін тоқтатқаны, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаны, дербес мемлекет – Қазақстан Республикасының құрылғаны туралы айтылады. Аталған құжаттың негізгі құндылығы да осында жатса керек.
Бірақ көкейде күмән бар. Білесіздер, ол елімізде Назарбаев билігінің тоқпағы жүріп тұрған кез. Жасыратыны жоқ, ол биліктің қулық-сұмдығы көп болды. Бір ғана мысал: Қазақстан бұрынғы одақтағы барлық республикалар, тіпті одаққа қамшы үйіріп отырған – Ресей Федерациясының өзі одан шығып кеткен соң, ең соңынан өз тәуелсіздігін жариялады. Және тура 16 желтоқсанды таңдап алды. Неге? Таңдау үшін басқа оңтайлы күн құрып қалып па? Бұл жерде қалайда тарихты адастырғысы, шатастырғысы келетін амал бар сияқты көрінеді. Анығын Алла біледі. Ал менің білетінім, дәл қазір қазақ баласы үшін тарихи шындыққа деген зәрулік кезеңі туып отыр.
Олай болса, қазақтың қаны төгілген, талай боздақтардың тағдыры тас-талқан болған, өмірі ойрандалған күн қалайша мереке болады? Не үшін қуанып, тойламақпыз? Бұл мүмкін емес. Өз басым бұл күнді – қазақ жұрты аза тұтып, көңіл айтатын қаралы күн, Демократия құрбандарын еске алатын кү н, Алла алдында, өз ар-ожданы алдында күнәлары үшін кешірім сұрайтын күн деп есептеймін.
Меніңше, 25 қазандағы Республика күнін Тәуелсіздік күні деп өзгерткен дұрыс болады деп ойлаймын. Сіз бұған не айтасыз, оқырман?
Болат ШАРАХЫМБАЙ














