АЭС дегенде адамдардың есіне ең алдымен оның қатерлі жағы елестейтіні анық. Себебі атом бомбасынан зардап шеккен, АЭС-терде апат болған оқиғалар мен оның ауыр зардабы, мыңдаған жылдарға дейін жойылмайтын қалдықтары ғылым саласының әлі күнге шеше алмай отырғаны түйіні болып тұр. Дегенмен осы қиындықты еңсеріп, үлкен тәуекелге барып, атомды бейбіт мақсатқа пайдаланып, қыруар табыс тауып, үлкен экономикалық құн жаратып отырған санаулы мемлекеттер бар. Атомды бейбіт мақсатқа пайдалану дегініміз сол АЭС және медицина бағытын көрсетеді. Біздің шағын мақалада сөз еткелі отырған тақырыбымыз- атом электр стансасын салу арқылы энергия өндіріп отырған елдер жайлы болмақ. Бұлардың әрқайсысының басып өткен жолдары, АЭС салудағы тәжірибелері мен ғылыми жаңалықтар ашу жолындағы құлшыныстары бөлек-бөлек әңгімеге арқау болары сөзсіз.
Қазақстандағы келесі АЭС-терді Қытай салуы мүмкін
Қазақстанда да АЭС салу мәселесі біраз уақыт талқыға түсіп барып, соңында референдум арқылы шешім қабылданды. Станса салатын орын да белгілі болды. Мердігер компаниялардың да беталысы анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында:- «Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша. Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді»,- деген болатын.
«Росатом» әлемдегі көшбасшы компаниялардың қатырнда тұрғаны анық. Ол шетелдерде бірнеше орында АЭС салып жатқан тәжірибелі алпауыт мекеме саналады. «Росатом» мемлекеттік корпорациясының деректері бойынша, қазіргі уақытта компания Ресейден тыс жерде 10-ға жуық елде (Түркия, Мысыр, Мажарстан, Үндістан, Беларусь, Бангладеш және т.б.) 30-дан астам энергоблокты салу және жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Ал АЭС салудағы тәжірибесі кейін қалыптасқан Қытай елінінің атом жнергетикасы жағынадғы әлеуеті қаншалық деген сұрақ біраз адамды ойландырғаны анық. Себебі Қытай кәсіпкерлерінің өндірген көп тауарлардың сапасының көңілден шыға бермейтіндігі адамдардың санасында әбден орнығып қалғаны анық. Қарапайым түрде түсінік бере болсақ, аз шығын шығарып, арзан бағаға сатып, жез баюды көксеген жеке кәсіпкерлердің өндірісі мен Қытайдың Ұлттық компаниясының әлеуеті мен жауапкершілігі, ғылыми жетістіктерін қатар қойып баға беруге келмейтінін айта кеткен жөн. Шыны керек, Қытай АЭС салуды тақыр жерден бастаған ел. Сөйте тұра қысқа ғана 40 жылдың ішінде әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына қосылып үлгерді.
Қытайдың қырық жылы
Қытайдағы алғашқы АЭС 1980- жылдары Ханчжоу шығанағының солтүстік жағалауындағы Циншань тауының етегінде салына бастайды. Ол кезде отандық ғалымдардың мүлде тәжірибесі болмаған, көптеген істерде АҚШ- пен келісім жасау арқылы үлкен тәуекелмен кіріскен екен. Яғни тақыр жерден әлемдік деңгейдегі тәжірибені жинақтап шығуға бақандай қырық жыл кеткен! Сол Қытай қазіргі таңда ядролық энергетика саласында жаһандық деңгейге көтеріліп, негізгі технологияларды мықтап меңгеріп, қытайлық шешімдер мен стандарттарды әлемге танытып үлгерді.
Қытай 1980 жылы мемлекет басшыларыын ңшешімімен «728 жоба» атты үлкен құрылыс- Циншань атом электр станциясы салуға шешім қабылдайды. Осылайша тәуелсіз ядролық энергетиканы дамытудың жолына кіріседі. Бұл жоба 1991 жылы 15 желтоқсанда сәтті аяқталады. Осылайша Қытай әлемдегі атом электр станцияларын өз бетінше дамытуға, жобалауға және салуға қабілетті жетінші ел ретінде тарихқа енген екен. Осы барыста Қытай ғалымдары аңыз қылып айтатын мына эпизотты айта кеткен кеткен жөн.
1985 жылы Циншань атом электр станциясы іске қосылған кезде Қытайда техникалық тәжірибе жоқ, жабдық негізі жоқ және басқару жүйесі жоқ дейтін «үш жоқ» болған. Негізі 1985 жылы іске қосылуы тиіс деп жоспарланған құрлыс тағы бес жылға кешігеді. Оған себеп- демпфер оқиғасы болды. Циншань I кезеңі үшін қажетті демпферлерге АҚШ-пен келісімшартқа қол қойылған және төлемдері толық жасалған екен. Алайда, жөнелту алдында АҚШ тауарларды «сезімтал жабдықтарға қатысты» деген себеппен кенеттен тоқтатады. Бұл жеткізілімнен үзілген шайқас сияқты болды; жоба кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін еді. Осы маңызды сәтте техникалық топ шешім қабылдайды. Ғалымдар бір ауыздан «егер басқалар оларды бізге бермесе, біз оларды өзіміз жасаймыз» деген байламға келеді. Сөйтіп барлығы күндіз-түні жұмыс істеп, материалдарды қарап, қайталанатын тәжірибелер мен демонстрациялар жүргізеді. Көп ұзамай олар білікті жобалық сызбалар жасап, ішкі талаптарға сай келетін демпферлерді сәтті шығарып, осы технологиялық блокаданы бұзады. «Тәуелсіз жетістіктер туралы мұндай әңгімелер Циншань атом электр станциясының құрылыс тарихында және Қытайдың атом өнеркәсібінің дамуында көптеп кездеседі»,- дейді Қытай ғалымдары өткенді еске алғанда.
2021 жылы Циншань атом электр станциясының I кезеңінің жобасы жұмыс мерзімін 20 жылға ұзартуға мақұлдау алды. Бұл тек қондырғылардың жұмыс істеу мерзімін ұзартып қана қоймай, сонымен қатар Қытайдың ядролық энергетика технологиясының қауіпсіздігі мен сенімділігіне деген сенімділікті көрсетеді. 2025 жылдың соңына дейін Циншань атом электр станциясының тоғыз блогы 910 миллиард киловатт-сағаттан астам электр энергиясын қауіпсіз өндіріп, Янцзы өзенінің атырауы аймағында энергиямен жабдықтау мен жасыл дамуды қуатты түрде қамтамасыз етеді. Қазіргі электр энергиясын өндіру 2025 жылы Шанхайдың жалпы электр энергиясын тұтынуынан шамамен бес есеге тең.
1991 жылы, Циншань атом электр станциясы электр желісіне сәтті қосылғаннан кейін 16 күн өткен соң, Қытай Пәкістанмен атом электр станциясын салу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Чашма атом электр станциясы жобасы Қытайдың әлемдегі алғашқы «визит картасына» есептеледі.
«hualong-1» АЭС әлемдік деңгейге жетті
Циншаньнан бастап, Қытайдың атом энергетикасы саласы «еркін жүруден» «қадамды қадағалап отыруға», содан кейін кейбір салаларда «көшбасшылыққа» секіру жолына түсті. Егер Циншань атом электр станциясы Қытайда ядролық энергетика бар ма, жоқ па деген мәселені шешсе, онда «hualong-1» Қытайды әлемдегі озық ядролық энергетика технологияларының қатарына енгізді.
2011 жылы Фукусимадағы ядролық апаттан кейін халықаралық ядролық энергетика қауіпсіздігі стандарттары айтарлықтай өсті. Қытайлық зерттеу тобы шегінбеді, керісінше одан да жоғары қауіпсіздік стандарттары бар ядролық энергетика технологияларын әзірлеуге инвестиция салады, сайып келгенде, ең жоғары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетін «hualong-1» АЭС-ін құрды, бұл Қытайдың ядролық энергетикасын «қуып жетуден» «жетекшілік етуге» дейін дамытуды жүзеге асырды.
Қыатйдың құзырлы мекемелері таратқан ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерде бұл туралы мынадай мәліметтер бар. «hualong-1» бірегей қос қабатты қорғаныс құрылымы 9 баллдық жер сілкінісіне және үлкен ұшақтың соққысына төтеп бере алады. Белсенді және пассивті қауіпсіздік шараларын біріктіретін оның қос қауіпсіздік жүйесі табиғи күштерді пайдаланып төтенше жағдайларда қауіпсіз өшіруді қамтамасыз етеді. Толығымен тәуелсіз әзірленген «177 ядросын» пайдалана отырып, оның өзіндік «Қытай ядросы» бар, ол 60 жылдық жобалау мерзімімен мақтана алады және көмірқышқыл газы шығарындыларын жылына бір блокқа 8,16 миллион тоннаға азайтады.
Мұның артында 2044 стандартқа негізделген толық жүйе, 700-ден астам отандық патенттердің, 65 халықаралық патенттердің және 125 бағдарламалық жасақтама авторлық құқықтарының берік қолдауы, сондай-ақ 75 университет пен ғылыми-зерттеу мекемелерінің, 5400-ден астам жабдық өндірушілерінің және қиындықтарды жеңу үшін бірлесіп жұмыс істейтін шамамен 200 000 адамның ұжымдық күші жатыр - бұл Қытайдың жаңа ұлттық жүйесінің негізгі міндеттерді орындау үшін ресурстарды шоғырландырудағы институционалдық артықшылықтарының дәлелі»- деп жазыпты.
2021 жылы әлемдегі алғашқы «hualong-1»блогы, Фуцин атом электр станциясының 5-ші блогы, іске қосылды, бұл Қытайдың ядролық энергетика технологиясындағы серпіліс болды және шетелдік технологиялық монополияны бұзды. 2025 жылдың соңына дейін әлем бойынша салынып жатқан бекітілген «hualong-1» қондырғыларының жалпы саны 41-ге жетеді, бұл оны әлем бойынша салынып жатқан ең көп саны бар үшінші буын ядролық энергетика технологиясы және нағыз «ұлттық нышаны» деңгейіне жеткізді.
Қытайдың шетелдерде жүзеге асырып жатқан жобалары
Қытайдың ядролық энергетика саласындағы сапары әлемдік аренадағы зерттеулерін ешқашан тоқтатқан емес. 1991 жылы Пәкістан Қытайдың жетістіктеріне қызығушылық танытып, екі ел арасында бастапқы келісмге қол қояды. 2017 жылы Чашма атом электр станциясының барлық төрт блогы аяқталып, іске қосылды, орнатылған қуаты 1,3 миллион киловатттан асты, бұл Пәкістанның электр қуатының тапшылығын айтарлықтай жеңілдетті.
«Hualong-1» реакторының алғашқы шетелдік жобасы — Пәкістандағы Карачи K-2/K-3 ядролық энергетикалық жобасы — 2021 және 2022 жылдары электр желісіне қосылды.
Бүгінгі таңда Қытайдың атом энергетикасы уран ресурстарын барлау мен өндіруден бастап ядролық отынды жинауға дейін, жабдық өндіруден бастап инженерлік құрылысқа дейін және пайдалануды басқарудан бастап пайдаланудан шығаруға дейінгі әрбір буынға тәуелсіз бақылау жасай отырып, толық өнеркәсіптік жүйені қалыптастырды. 2025 жылдың соңына қарай Қытайда орнатылған қуаты 61 миллион киловатттан асатын 59 жұмыс істейтін ядролық энергетикалық блок болды, бұл әлемдегі ең үздіктердің қатарына кірді; бекітілген, салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған ядролық энергетикалық блоктардың жалпы саны 112-ге жетті, бұл әлемдегі ең үлкен көлем.
Қытай ядролық энергетика қауымдастығының 2025 жылдың соңында таратқан мәліметі бойынша қазіргі таңда Қытай елі шетелдерде көптеген жобаларға қатыса бастаған екен. Қытай қазір шетелдерге 7 ядролық энергетикалық блокты экспорттапты. МАГАТЭ мен тығыз қарым-қатынаста бола отырып, халықаралық термоядролық эксперименттік реактор жобасына қатысып жатыр. Бұнымен қоса әлемде 12 ядролық зерттеу нысаны мен эксперименттік платформаларды ашуға атсалысып отыр. Сондай-ақ Ресей, Франция, Қазақстан елдерімен ядролық энергетика саласынадғы ынтымақтастықты тереңдетуге келісіп отыр.
PS: Біз бұл мақаламызда Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы маңызды шешімдеріне қатысатын Қытай елінің тамаша жетістіктерін қысқаша шолып өттік. Қытай орнатылған ядролық қуат көлемі бойынша әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. Қазір Қытайда 18 АЭС жұмыс істеп тұр. Бұлардың кейбіреуін шетелдік компаниялардың салғаны белгілі. Дегенмен қытайлық тәжірибе қазіргі күні әлемді мойындаытп үлгергенін айта кеткен жөн.
Қазақстанға АЭС керек деген шешімге тоқтадық. Адамзат қазір жел, күн энергиясы сынды жасыл энергияны дамытуға бел шеше кіріскенімен, іркіліссіз жеткізіліп тұратын таза энергия көзі ретінде АЭС-ты таңдап отыр. Қазақстан әлемдегі ең ірі табиғи уран өндірушілердің бірі. Бұл аса маңызды шикізатқа деген тәуелділіктен құтаратын артықшылығымыз болмақ. Электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіптік даму, цифрлық экономика (деректер орталықтары), урбанизацияның жеделдеуі секілді факторларды ойластырғанда алдағы уақытта электр энергиясына деген сұраныс арта беретіні сөзсіз.















