Қытай халқы азайып барады

Қытай халқы азайып барады

Іргеміздегі алып көршіміздің халқы ақырындап кеміп бара жатыр. Бұл деректі сырттай тон пішетін, ақпараттық шабуылға иек артып, жұртты шатастыруды көздейтін мүдделі топтар емес, ҚХР-дың Мемлекеттік статистика мекемі таратты. Аталмыш мекеменің 2026 жылы 19 қаңтар күнгі мәліметінде «2025 жылдың соңында Қытайдың (Гонконг, Макао, Тайваньды қоспағанда) халық саны 1 млрд 404 млн 890 мың адам болып, 2024 жылмен салыстырғанда 3 млн 390 мың адамға кеміді. Қазіргі таңда туу көрсеткіші азайып, қарттардың саны көбейіп барады», – деп хабарлады. Осылайша Қытайда туу көрсеткіші қатарынан 4 жыл бойы төмен көрсеткішке өтті. Төменде осы мәселе жөнінде біраз ой өрбітетін боламыз. 

 

Қытай халқының көбеюі

Атақты ғалым Л. Гумилев өзінің «Монғол және Меркіт» атты мақаласында тарихи деректерді саралай келе, 12-13 ғасырларда Қытайдың орта жазығында шамамен 80 млн адам болған деп жазатыны бар. Міне, содан бері қарай «мың өліп, мың тірілген» қытайлар жер бетінен жойылып кетудің орнына жыл өткен сайын саны артып отырыпты. Тарихтың дөңгелегі алға жылжып отырып, ХХ ғасырдың табалдырығын аттаған тұста бұл аумақта аса үлкен қоғамды-саяси өзгерістер бірінен кейін бірі туып жатты. 1949 жылы коммунистер билікті қолға алып, Қытай Халық Республикасын құрған тұста құрлықтық Қытай аумағында 540 млн-нан астам адам бар екен.

Саясаттанушылардың зерттеулеріне қарағанда, Мао көсем Қытайдағы халық санының көптігі туралы сан рет бас қатырған екен. Бейжің университетінің профессоры, демограф Ма Инчу сол кездің өзінде адамның тым көптігінің «зиянды» тұстарын дәлелдеп, төраға Маоға ұсыныс жасаған. Бастабында демографтың көзқарасымен келіскен Мао отбасын жоспарлау, аз туу жайлы айта бастаған. Бұл кезде жаңадан құрылған коммунистік мемлекеттің зиялыларынан тартып, мемлекет билігінде отырған адамдарға дейін коммунистік блоктың бұзылмас қамалының ішінде жүре береміз деп сенген сияқты. Алайда 1950-жылдардың ортасынан кейін Кеңес Одағы Қытайдан іргесін аулақ сала бастайды. Төраға Мао бұл өзгерісті жақсы түсінеді. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, сол қиын кезеңдерде Мао мемлекеттің сақталып қалуы жолында Кеңес Одағына иек арту мен өз күшіне сүйеніп өмір сүру сынды екі түрлі таңдау жайлы қатты ойланған деседі. Осы тұста жағдай күтпеген арнаға бұрылады. Мао ендігі жерде «коммунист ағаның» сенімді серік болмайтынын болжаса керек. Ол қалың халықтың қос қолымен болашақ жарату жолын құп көреді. Бұл осыған дейін өзі қолдап келген «жоспарлап туу» ойының өзгеруіне алып келеді. 1958 жылдың наурыз айында Чэнду конференциясында ол: «Біз халықтың көп болуы жақсы нәрсе екенін көруіміз керек, халық саны 750-ден 800 млнға жеткеннен кейін барып оны бақылауды (тууды тежеу дегенді меңзесе керек) қолға алсақ та болады», – деп мәлімдейді.

 

1958 жылы Қытайдың жалпы халқы 660 млн шамасында болыпты. Бұл Мао төрағаның мақсатынан 100 млннан астамға аз болғандықтан, отбасын жоспарлау мәселесін мықтап қолға алуды тағы бір жыл кейінге қалтырады. Баспасөз беттерінде Маоның «Адам көп болса, күш те көп болады» деген сөзі ұран ретінде дәріптеле бастайды.

 

Қазіргі таңда Қытай демографтары өткен күнге баға бергенде: «Төраға Мао «отбасын жоспарлауды» қаншалықты қолдаса да, ол әрқашан ел мен оның халқының ұзақ мерзімді мүдделерін ескерді. Егер Қытай Ма Инчу жоспарын ұстанған болса, 1980 жылдары халқының саны небәрі 600 млн болар еді, ал бүгінде ең көбі 800-900 млн болар еді. Қосымша 300-500 млн жас және орта жастағы еңбек ресурстары болмаса, біз осындай қысқа мерзімде әлемдік фабрикаға айнала алар ма едік?» – деген көзқарастарын ашық айтып жатыр. Демек, Маоның стратегиялық жоспары дұрыстығын дәлелдеді деген сөз.

 

Жоспарлап туу саясаты

Дегенмен Маоның «адам көп болса, күш болады» деген сөзі бірден дұрыстығын дәлелдей алмаған саясат болды. Мемлекеттің дамуының тым баяулығына алуан түрлі себептерді алға тартуға болады. 1960 жылдары Қытайда болған алапат аштық млндаған адамдардың өмірін жалмайды. Мемлекет қорғанысын дамыту жоспары, Кеңес Одағынан төнген қауіпке дайындалу сынды кезеңдік қиыншылықтар әлеуметтік саланың дамуын тежеп отырды. Бұған қоса жеке басқа табынушылықтың шырқау шегіне жетуі, 1966-1976 жылдар аралығында жүргізілген «Мәдени революцияның» салдары елді кедейліктен титықтатып жіберген еді.

Осылайша 1971 жылдан бастап Қытайда «жоспарлап туу» саясаты біртіндеп жолға қойыла бастайды. Бұл саясат 1980 жылдарға келгенде мемлекеттік деңгейде қатаң атқарылуы тиіс саяси таңдау ретіне қалыптасты. 1982 жылдан бастап отбасын жоспарлау негізгі ұлттық саясат ретінде белгіленіп, Конституцияға ресми енгізілді. Осыдан былайғы уақытта «аз туу, сапалы туу» барынша үгіттеліп, бір отбасы бір ғана балалы болу белгілемесі күшіне енді. «Ұлдар ғана әулетті жалғайды» дейтін дәстүрлі көзқарасқа берік қытайлар мұндайда тек қана ұл балалы болуды шешті. Осылайша жүкті әйелдерді тексеріп, іштегі нәрестенің жынысының қыз екендігі анықталған жағдайда жасанды түсік жасату барынша белең ала бастады. Мұны сол тұстағы баспасөз беттерінен де көруге болатын еді. Мысалы, ашық ақпараттарда 1990 жылдардың басында Қытайда жыл сайын орташа есеппен 30 млн нәресте жасанды түсіктің құрбаны болып жатқанын айтып, дабыл қаққандар да болды. Бұл тек мемлекеттік емханалардағы ресми тіркелген оталардың көрсеткіші болатын... Осыдан кейін мемлекеттік үгіт қызметі «қыз бала да ұрпақ» деген ұранды адамдар санасына сіңіруге тырысып жатты.

Дегенмен Қытайдағы қалың халық 1990 жылдардағы экономикалық өрлеу кезінде ерекше көзге түсті. Жүз млндаған еңбек күші ширек ғасыр ішінде Қытайды жер бетіндегі алып зауытқа айналдырып жіберді.

 

Халық саны  туралы қайта ойлану

Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бері 1953, 1964, 1982, 1990, 2000 және 2010 жылдары алты рет ұлттық халық санағы жүргізілген. Кейінгі қалыптасқан дәстүр бойынша «Ұлттық халық санағы ережелеріне» және ұлттық халық санағы жобалары мен циклдері туралы тиісті ережелерге сәйкес, халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі, «0» санымен аяқталатын жыл санақ жылы болып табылады. 2020 жылғы халық санағы жетінші ұлттық халық санағы болды.

Қытайдың Ұлттық статистика бюросы 2010 жылғы санақтың нәтижесін 2011 жылдың 28 сәуірінде жариялады. Дерек бойынша 1 339 724 852 адам болған. Осы жерде демографтар мен мемлекет басшылары ойланған болуы мүмкін, 2015 жылдан бастап 30 жылға жуық уақыт қатаң атқарылып келген «бір отбасы бір бала» (аз санды ұлттар 2 балалы болуға болады) белгілемесі сәл өзгеріп, 2 балалы болуға рұқсат ете бастады. Себебі елдегі халық санының нақты жағдайы күрделілене түскен еді. Зейнеткерлер саны молайып, жастар арасында ерлер мен әйелдердің санында аса үлкен алшақтық пайда болған еді. Яғни ер адамдар көп, әйел адамдар күрт азайып кеткен болатын.

 

2020 жылы жасалған санақтың нәтижесі 2021 жылы сәуірде жарияланды. Мұнда Құрлықтық Қытайда 1 411 778 724 адам бар деген мәлімет таралды. Ал Гонконг, Макао сынды аралдардағы халықтарды қоса есептегенде 1 млрд 440 млн-нан астам адам бар деп мәлімдеді Қытай билігі.

 

Осылайша жоспарлап туу саясаты бір жағынан еңбеккүштің көбеюіне, ел экономикасы мен өндірістің дамуына айырықша серпін бергенімен, табиғат заңдылығын адам факторымен өзгерту – кері әсерін дәлелдеп шықты. Қазір Қытайдағы зат бағасының қымбаттауы, урбанизацияның жылдамдауы адамдарды қайта ойлануға мәжбүрлегендей. 2021 жылдан бастап Қытай билігі адамдарға 3 балалы болуға рұқсат етуге көшті.

Біздің тілге тиек етіп отырғанымыз Қытайдағы ресми дереккөздерде айтылып жатқан мәліметтердің қорытындысы екендігін ескертеміз. Ал шетелдік демографтар Бейжіңнің таратқан деректеріне күдік келтіріп жүргеніне біраз уақыт болды. Мәселен жапондық демограф ҚХР-дағы жыл сайынғы тұтынатын ас тұзының мөлшерін негізге ала отырып, «қазір құрлықтық Қытайда 800 млн адам өмір сүріп жатыр» деп болжам айтса, ресейлік бір зерттеуші жылдық азық-түлік тұтыну мөлшеріне талдау жасай отырып, «қазір Қытайда 900 млн шамасында адам бар» депті. Бұдан бөлек Қытай ІІМ-ның таратқан «елде 740 млн адамда жеке куәлік бар» деген дерекке сүйенген тағы бір зерттеушілер «Қытайда ары кетсе 800-900 млн аралығында халық бар» деп болжаған.

 

Мүшеқап салығын молайту тууды ынталандыра ма?

Халық санындағы елеулі өзгерістердің ресми билікті ойландырғаны шындық. Ақпараттарды қатаң сүзгіден өткізіп отыратын елде қазір бұл тақырып төңірегінде талқылау жүргізуге шектеу жоқ. Тек мемлекет жариялаған 1,4 млрд халық санына күдік келтіретін әңгімелер ғана ашық айтылмайды.

Біраз жылдан бері бойдақ еркектерге қыз жетіспеушілік мәселесі ашық талқыға түсіп келген еді. Кейінгі жылдары отырып қалған қыздардың мәселесі де молайды. Осылайша отбасын құру тақырыбы Қытайдың «бас ауруына» айнала бастады. «Шетелдік келіннің» жарнамасы молайып, қыздардың тұрмыс құруға асықпауы мен аса қымбат қалың мал талап ету мәселесі ашық талқылана бастады.

Осы тұста мемлекет көпбалалы болуға ынталандыратын жаңа саясатты жолға қоюға көшті. Мұнда балалы болған отбасыларға жәрдемақы тағайындау жағы қарастырылып жатыр. Одан бөлек жүктіліктен сақтайтын дәрі-дәрмектердің өндірісін бақылау мәселесі жолға қойылған. Мұндай дәрі-дәрмектер мен мүшеқап сынды қосымша құралдар Қытайда біраз жыл заңды отбасыларға тегін таратылып келген еді. 1993 жылдан бастап контрацептивтік препараттар мен құралдарға, отбасын жоспарлау құралдары ретінде, ҚҚС-тан босату саясаты қолданылып келген болатын.

2025 жылдың соңында қабылданған Қытай Халық Республикасының Қосымша құн салығы туралы заңына сәйкес, Қытай 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап контрацептивтік препараттар мен құралдарға арналған ұзақ мерзімді ҚҚС-тан босату саясатын күшінен қалдырды. Бұл ендігі жерде мүшеқап өндіруші кәсіпорындарға 13% мөлшерлеме бойынша ҚҚС салынатынын білдіреді. Мамандар бұл шешім халық санын молайтуға белгілі деңгейде септігін тигізеді деп сеніп отыр.

Осылайша 2026 жылдан бастап енгізілген жаңа ережелер заң бойынша салық салу принципін және босануды ынталандыру саясатына сәйкес жүзеге асыру үшін жаңа Қосылған құн салығы туралы заң 30 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан бұл жеңілдік саясатын алып тастады. Мұндағы мақсат – төмен туу деңгейін шешу үшін халық санына қатысты саясатты түзету, салық жүйесін өзгерту арқылы ресурстарды бөлуді оңтайландыру және сонымен бірге салық түсімдерін босануды ынталандыратын салаларға бағыттау дейді қытайлық сарапшылар.

 

P.S. Қазір Қытай билігін қайта ойландырған бұл мәселе жөнінде шетелдік сарапшылар қызу пікір білдіріп жатыр. Олардың пайымдауынша, экономикалық өсімнің баяулауы және жылжымайтын мүлік нарығының дағдарысқа батуы, балаларды тәрбиелеудің қымбаттығы көптеген жастарды қорқытып тастаған. Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздықтың үнемі жоғары болуы ЖОО-ларды бітіруші түлектердің тұрақты табыс табу үшін күресуіне әкеледі, бұл оларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің шиеленіскен жағдайында ата-аналарының қолдауына сүйенуге мәжбүр етеді.

Калифорния университетінің әлеуметтану профессоры Ван Фэн: «Әртүрлі елдердің тәжірибесі экономикалық ынталандырулардың туу деңгейінің артуына ешқандай әсер етпейтінін көрсетеді. Қытайдың экономикалық қиындықтары күшейген сайын, жастар күтуді таңдауы мүмкін, бұл туу деңгейін арттыру үшін пайдалы емес», – деген тұжырымын айтыпты.

Жалпы шығыстағы көршіміздің жағдайында елеулі өзгерістердің туғаны анық. Бір анығы – ол жақта қарттар көбейіп, еңбекке жарамды адамдар азайып келе жатыр. 2035 жылға барғанда 400 млн зейнеткер болатындығын Қытай билігінің өзі ашық айтып келеді. Ал енді 100 жылдан кейін Қытайда 600 млн адам өмір сүреді деген болжам қытайлық медиа кеңістігінде қызу талқыға түсіп жатыр.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
29.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22817
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22568
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38476
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36127
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40200