Ол кезде қыршын Қайрат небәрі 21 жаста ғана еді. Егер қазір арамызда тірі жүргенде, биыл 13 наурызда 60 жасқа толғанын атап өтіп жатар едік. Бірақ Алла Тағала оған бұл күнді тірі көруді жазбапты. Шығыстан жарқырай шығып келе жатқан күн көзіне үлкен үмітпен күлімсірей қараған жауқазын ғұмыр... аспанда кенеттен пайда болған жасындай бір жарқ етті де, бүкіл әлемді таңқалдырып ағып түсті.
Ол ел үшін, жер үшін, қара қазан, сары баланың қамы үшін шейіт болған өзінен бұрынғы батыр бабаларының қатарына барып қосылып, енді солардың рухымен бірге ұрпағына үнсіз тілеулес болып тұрғандай.
«Өлгендер қайтып келмейді» деп жатамыз. Мүмкін. Дегенмен, өлгендердің қайтып келмейтіні қанша ақиқат болса да, біреулерді тым алысқа кетіп, содан орала алмай жүрген тірі адамдай сағынатыныңды қалай түсінуге болады?! Осы орайда біздің аяулы бауырымыз, «Қайрат деген атым бар, қазақ деген затым бар, «Еркек тоқты – құрбандық», атам десең атыңдар!» деп әділетсіздікке қасқайып қарсы тұрған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің теңдессіз қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың мәңгі оралмас сапарға аттанып, ортамызды ойсыратып кеткеніне қырық жылға таяса да, міне, міне, қайтып келетіндей болып тұратыны несі екен?!
Бүгінде Қайрат Рысқұлбековтың есімін білмейтін адам жоқ. Тілі былдырлап енді шығып келе жатқан бүлдіршіннен бастап, кеудесі күмбір, көңілі жіңгір, тау мүсін қарияға дейін оны жақсы біледі.
«Құдай куә, адам баласын өлтіргенім жоқ!»
Тараз өңірінің тумасы, азаматтық борышын оқ пен оттың өтінде – Ауғанстан жерінде өтеген ер мінезді жігітке 1986 жылы қанды Желтоқсаннан кейін жасақшы А. Савицкийді қасақана өлтірді деген ауыр айып тағылды. Бірақ қайсар жас өзіне тағылған айыпты мойындамады. Қылмыс жасалған уақытта ол мүлде басқа жерде болғанын дәлелдеп, адам қанын арқалаудан үзілді-кесілді бас тартты. Алайда ұзаққа созылған сот процесінен әбден қажыған, бір жарым жылдай Алматы түрмесінде азап шеккен Қайраттың жанайқайы тоңмойын жүйені иліктіре алған жоқ. Өрімдей жас Құдайды куәлікке тартып: «...Әйел затына ер болып қол ұшымды беріп, көмектесуге, оларды арашалап, қорғау үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім де рас. Ол үшін еш өкінбеймін, керісінше үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ та, бір Құдай куә, адам баласын еш өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзі сормаңдай менің қолымнан келмейді. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милиционерді ұрып-соққаным рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана. Ал маған «жығылғанға жұдырық» деп зұлымдықпен мойныма ілген «адам өлімі» – менің ісім емес. Мұның бәрін ою-қиюын келістіріп, көпе-кернеу жала-жалғандықпен мен сорлының мойнына жүз қайтара орап ілген «ұялмайтын, бес гектардай беттеріне талмайтын жақ берген» албасты атқан тергеушілер мен әбжылан жалақорлардың ісі», – деген имандай шындығы қуыршақ құрылымның сойылын соғушыларды селт еткізбеді. Е. Грабарник төрағалық жасаған сот коллегиясы Қайратқа жеткілікті дәлелдерсіз-ақ ең ауыр жаза – өлім жазасына кесті. Мойнында кісі қаны жоқ екенін айтудан танбаған жазықсыз жас соңғы үкім оқылған сәтте сот залынан шығып бара жатып: «Мен жаламен кетіп барамын, мама!» – деп құлын дауысы шыға шырқырапты. Соның ертеңіне баласымен соңғы рет кездесуге барған анасының алдында перзенттік кейіппен солқылдап жылап тұрып: «Маған тергеуші төрт мың берсең, ісіңді жеңілдетемін», – деп айтты, мама. Мен сіздерден жазықсыздан-жазықсыз босқа ақша алып қинағым келмейді. Өйткені менің еш кінәм жоқ, жала жауып отыр. Болмаған соң зәбір көрсетіп, ине тықты. Міне, өн бойымда сау тамтық жер жоқ», – деп тесік-тесік денесін көрсетіпті.
Өрімдей жас жігіттің сондағы жазығы не? Оның бар жазығы, егер анасына, туған-туыстарына жазған хаттарына жүгінсек, «мына әділетсіз қоғамға, социализмге көзсіз сенгендігі...» болған. Ол «біздің қоғам адамдардың бәрін бірдей көретін, нағыз әділетті қоғам» деп ойлапты. Қатты қателесіпті. «Бұл қоғам екіжүзділердің, жылпостардың, сатқындардың, қалталылардың қоғамы болып шықты...». Сондықтан да жазықсыз жанды қорғау былай тұрсын, сол қабағынан ызғар шашқан әділетсіз қоғам оның істемеген ісін «қылмыс» деп мойнына іліп, басын өлімге байлап берді. Ал Қайрат оңы мен солын танып үлгермеген, әлі көкөрім бала еді, күнәдан пәк еді.
21 мамыр № 21 камерада Кузнецов айта алмай кеткен шындық
Бірақ Қайрат бәрібір өмірден, бақытты болашақтан, әйтеуір бір әділетті күннің келетінінен үмітін үзбеді. Ол қараңғыны жарықтың түретініне, жақсы күндердің бір келетініне сенді. Сенгендіктен, темір тордың ар жағында жатса да, өлең жазды, сурет салды, өзін рухани тұрғыдан жетілдірумен айналысты. Сондай күндердің бірінде өзі сияқты ату жазасына кесілген, бір камерада жатқан Мырзағұл Әбдіқұловтың жазасы жиырма жылға ауыстырылғанын естігенде қатты қуанып: «Мырзағұл аға, маған да сіздің жолыңызды берсе екен. Алладан басқа ештеңе тілемеймін», – деп ағынан ақтарылыпты. «Оның арманы асқақ еді, болашақ жайлы ойлары кемел еді, – дейді ағалы-інілі болып шер тарқатып, үш айдай бір камерада үкімін күтіп бірге жатқан тағдырлас ағасы Қайратты сағынышпен еске алып.
– Горбачев уәде берген әділеттілік, демократия қайда? Социализмге сендік. Коммунистік партияға сендік. Ленинді пайғамбар дедік. Сонда қайда әділдік? Сіз де, мен де әділетсіздіктің құрбанымыз. Қайта, сізде арман жоқ, аға. Өзіңізді қорлатпадыңыз. Нағыз намысты жігіт сізсіз! Енді олар сізден аяғын тартатын болады».
Шынында да, Алла Тағала Қайраттың осы тілегін қабыл етті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен бұған кешірім жасалып, өлім жазасы жиырма жыл бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ ол тура келген ажалдан бәрібір құтылып кете алмады. Оның өзіндік себебі де бар-тұғын. Жарты әлемді қаһарымен ықтырып отырған КСРО басшыларына, оның Саяси Бюросына, өздеріне қарсы бас көтерген жас қазақ демократиясының меселін қайтарып, бетін жасқап қою үшін үлкен бір құрбандық керек еді. Ол Қайрат бола ма, жоқ, басқа біреу бола ма, көздері қарауытқан партия бюрократтары үшін бәрібір болатын. Алаңда ұсталған кез келген жігіттің «ұлтшыл» атанып, дәл Қайраттың кебін киюі ғажап емес-тін. Себебі, бұрын айтқанымыздай, бұл – қазақ жастарынан кек алу үшін, СОКП ОК Саяси Бюросының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған саяси спектакль болатын және Қайратты әлдеқашан құрбандыққа шалып қойған еді.
Қайраттың жазасы жиырма жылға ауыстырылғаннан кейін, ол кесімді мерзімін Свердловск қаласындағы түрмеде өтеу туралы шешім шығыпты. Ол Свердловскіге Қарағанды арқылы жөнелтілуі тиіс болған. Алайда, неге екені белгісіз, алдын ала бекітілген бағыт күтпеген жерден өзгертіліп, Семейден бір-ақ шығады. Сол жерден түсіріп, СЕ 165-1 түрмесінің №21 камерасына апарып қамайды. Ең сорақысы, камерада оны Л. Власенко атты аса қауіпті қылмыскер күтіп отыр еді. Көп уақыт өтпей, бұлар жатқан камераға қылмыс әлеміне «Цыган» деген лақап атпен танылған Кузнецов деген екінші рецидивисті әкеп отырғызады. Бұл – ешқандай да түрменің ішкі тәртіп ережелерімен сәйкес келмейтін, түрме басшылары заңды белден басып, өз білгендерін істеген. Бірақ оны істі тексерушілер кейін ескермеді.
Арадан бір ай өтер-өтпесте, анығырағы, 1988 жылы 21 мамырда өрім жас өз камерасында асылып тұрған жерінен табылды. Ол өзін-өзі өлтірді ме, әлде оған басқа біреу «көмектесті» ме? Қаскөйлікпен өлтірілсе, өлтірген кім? Бұл факт әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Құпиясы сол бойы ашылған жоқ. Бір анығы, Қайраттың өзінің су жаңа майкасы бола тұра, тұзақ үшін жанында отырған камераласы Леонид Власенконың майкасын пайдаланған. Осыған сенуге бола ма? Алайда, Власенко «Қайраттың өліміне менің қатысым жоқ», – деп түсініктеме берген. Бұл факт те тергеушілер тарапынан жеткілікті зерттелмеген күйі қалды. Кейін №1 күдікті Власенко: «Мен барлық шындықты айтып беремін, тек мені қорғасаңдар болды», – деп Қайраттың туыстарына хабарласыпты. Бірақ үлгермеген, оны да түрмеден шыққан бойда пышақтап кеткен.
Сондай-ақ, Қайраттың өліміне Кузнецовтың қатысы болуы мүмкін деген де жорамал бар. Власенконың айтуынша, Қайраттың өлер алдында анасына жазған соңғы хатын осы «Цыган» тауып алып, жоқ қылған, сол үшін ол түрме әкімшілігінен наша мен шошқа майын сыйлыққа алған. Бұдан қандай ой түюге болады? Яғни, Қайратты Власенко емес, басқа бір қанпезер – Кузнецов өлтіруі мүмкін екен. Істеген қанды қылмысын жасыру үшін ол жанындағы камераласы Власенконың майкасын тұзақ ретінде пайдаланған болуы әбден мүмкін. Бірақ бұл фактіні де ешкім назарға алмаған. Ал егер жас Қайраттың өліміне осы екі қылмыскердің де қатысы болса ше?!
Бұдан шығатын қорытынды: бұрынғы кеңестік тоталитарлық жүйе біреудің қолымен от көсеуге бейім болғаны айтпаса да түсінікті. Қайрат өліміне байланысты күні бүгінге дейін жұртшылықты әрі-сәрі күйге түсіріп, анықталмай келе жатқан жұмбақ жағдайдың бірі – осы.
Қайрат өлімінің жұмбағы дегенде, оның өмірін терең зерттеп, «Қайсар рухты қазақ» деген атпен кітап жазған журналист Коммунар Тәбейдің мына бір дерегі еріксіз ойға оралады. Автордың айтуынша, қаныпезер Колбиннің атқан жебесіне іліккен Қайрат 21-ге қараған шағында қолына кісен салынып, тұп-тура 21 күн сот алдында нақақтан күйіп-жанып, өртеніп, тас түрменің 21-камерасында, 21 мамыр күні қапылыста қара ниет қарақшының құрбаны болған, оның арада бес жыл өткен соң, 21 ақпанда ақталуы қалай? Бұл, жоғарыда айтқандай, кездейсоқтық па, әлде тағдырдың маңдайға жазғаны ма?..
21 санының қандай құдіреті бар екенін кім білсін, бірақ оқырманды мына бір дерек бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Ресми мекемелер «21 желтоқсанда Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Кенжегүл Молданазаровалар да өзіне-өзі қол салып, мерт болды» деп ақпар береді. Басқа-басқа, бұл факт сол кездегі Қазақ ССР-нің бас прокуроры болған Ғ. Елемесовтің өз аузымен айтылған сөз. Осы өтірікке Елемесовтің өзі сенді ме, сенбеді ме, қазір оны біз біле алмаймыз. Бірақ «қазақ жастары уәделескендей тура 21-і күні жаппай суицидпен айналысқан ба?» деп ойлап қаласың. Ең қызығы, бұл қыршындардың өлімінің ақиқаты да ашылған жоқ.
Таңғаларлығы сол – жоғалған хат мекенжайын дәл тауып, кешіктіріліп болса да Қайраттың ата-анасының қолына тапсырылған. Онда жас жігіттің өлімге бас тіккені, ата-анасынан кешірім сұрағаны, барлығымен қоштасуы жазылған. Бірақ Қайраттың туыстары да, оны жақсы білетін достары да хаттың дәл Қайратқа тиесілі екеніне сенбейді. Кейін Желтоқсан көтерілісі туралы тамаша фильм түсірген режиссер Қалдыбай Әбенов хатты бүге-шігесіне дейін тінте зерттеп, жазудың Қайраттың қолына ұқсамайтындығын, стилі Семей диалектісіне жақын екендігін және өзге де көптеген сәйкестіктерді көрсетіп, үлкен мақала да жазды. Одан қалса, Қ. Рысқұлбеков өліміне қатысты іспен танысып, сараптамадан өткізген КСРО Прокуратурасы прокурорлық тобының мүшесі В. Г. Гаев пен Желтоқсаншыларды ақтау бойынша комиссияның арнайы шақыртуымен Қазақстанға келіп, осы іспен жеке танысқан жоғары санатты заңгер-эксперт, Латвия адам құқын қорғау жөніндегі лиганың кеңесшісі В. Богданов заң ережелерінің өрескел бұзылғандығын айта келіп, «бұл – нағыз қаскөйлікпен жасалған қастандық» деп баға бергені тағы бар. Бұл фактілерден қандай жорамал жасауға болады? Біріншіден, Қайратты кәнігі қылмыскер «Цыган» өлтіріп, ізін жасыру үшін оны Власенконың майкасына асып қоюы мүмкін. Екіншіден, соңғы хатты түрме басшылары алып, соңына өздерінің ойларын қосып жазып, сосын оны басқа біреуге қайта көшіртіп, Қайраттың ата-анасына салып жіберген.
Ең сорақысы, ұлының өлімін естіген Ноғайбай ақсақал мен Дәметкен ананы балаларының сүйегін алып қайтуға бармақ болғанда, жергілікті шолақ белсенділер әртүрлі айлаға салып, қорқытып-үркітіп, жібермеген.
Ал Қайраттың қаза болғаны жөнінде жеделхатты жеткізген «үш әріп» қызметкерлері «ұлдарыңның сүйегін іздеп Семейге барсаңдар, басқа балаларыңа зияны тиеді» деген мазмұнда ескерту жасаған. Ал Семейдегілер «балаңыздың сүйегін алып кетуге үш-ақ күн уақыт береміз» деп, кейін өздері өте құпия жағдайда астыртын жерлей салған. Қысқасы, ұлын ақтық сапарға шығарып салуға ата-анасы қатыстырылмаған. Қатыстырылмағаны былай тұрсын, кейін бес рет Семейге іздеп барған ұлының қабірінің қай жерде жатқанын көрсетпей, әбден әуре-сарсаңға салғанын қайтерсің. Осылайша Қайраттың мүрдесінің қай жерде жатқаны көп уақытқа дейін белгісіз болып келді. Тиісті орындар бұл өлім жайында сыртқа бір хабар шығып кетпеуін өте қатаң бақылауда ұстады. Осылайша ұлының қабірін табу, топырағын құшып, мауқын басу ата-ана үшін үлкен арманға айналды. Сонда есіл ердің өлімін неге сонша құпияландырды? Оның артында не тұр?
Жоғарыда сөз болған жайттың барлығын сараптай қарасақ, Қайраттың туыстарының көңіліне ұялаған күдіктің рас екеніне, сол кездегі билік тарапынан жас жігітке жасалған қысастықтың ешқайсысы кездейсоқ болмағанына көзің жете түседі. Өмірге құштар жастың «өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес» деген ойға бекінесің.

Қайраттың қабірі қалай табылды?
Әрине, кейіннен Қайраттың қабірі табылды. Бірақ, ол қалай табылды? Табылған зират шынымен Қайраттікі ме? Егер Қайраттікі болса, Ноғайбай ақсақал мен Дәметкен ана ұлдарының сүйегін неге еліне алып кетпеген? Тарихшы-ғалым, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы бұрынырақта берген бір сұхбатында «Қайраттың үстінде тасы болғанымен, астында сүйегі жоқ» деп мәлімдегені бар еді. Сол рас па? Әуелде осындай күмән-күдіктің көп болғаны белгілі. Ендеше, ретімен баяндайық.
1990 жылдың көктемінде Алматыда республикалық «Азат» қозғалысының құрылтайы өткен болатын. Сол алқалы жиынға ұлының бір дерегін алып қалармын деген үмітпен Қайраттың әкесі Ноғайбай ақсақал арнайы келіпті. Ол бірден Семейдің жігіттерін іздестіреді. Ақыры Семей облыстық «Демократ и я» газетінің бас редакторы Рахат Алтайға жолығып, мәселенің мән-жайын түгел түсіндіреді. Істің ақ-қарасын анықтап, ұлының қабірін табуға көмектесуін өтінеді. Рахаң туған жеріне оралған соң, тура облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевқа кіріп, жаны жаралы әкенің аманатын жеткізіпті. Облыс басшысы жағдайды түсініп, бірден ІІБ бастығы Мұрат Қалматаевқа қоңырау шалып, Қайраттың мүрдесі жатқан жерді анықтау жөнінде тапсырма береді. Бұл уақытта түрме басшылығында ауыс-түйіс болғандықтан, түрменің жаңа бастығы істің анық-қанығын жақсы білмейтінін желеу етіп, біраз бұлталаққа салса керек. Бірақ, М. Қалматаев түрме басшысын орнына қойып, «бұл мәселе ешқандай талқылауға жатпайды» депті. Жағдайды түсінген түрме басшысы ақыры Қайратты жерлеуге қатысқан бір офицерді тауып беріп, Желтоқсан қаһарманы жатқан жерді көрсетуін талап етіпті. Ол офицердің мәлім етуінше, Қайрат қайтыс болатын күні түрме басшысы бірде-бір ұлты қазақ қызметкерін кезекшілікке қалдырмаған көрінеді. Түрме кезекшілерінің дабыл қағуымен таңғы 5-те оқиға орнына келген офицер жазаланушы Власенконың кереуетінің үстінде Қайраттың жансыз денесі жатқанын көреді. Түрме басшылығы ешқандай қосымша тексерусіз асығыс-үсігіс жансыз денені алты солдат далаға алып шығып, алдын ала дайындап қойған көлікке тулақша лақтырған да, Знаменко тас жолының бойындағы қорымға апарып, жарты метр жер қазып, мәйітті сонда қойып, үстін топырақпен бүркей салған. Офицердің айтуынша, ол жерге одан кейін де талай іздеушісі жоқ адамдарды жерлеген көрінеді. Сондықтан да Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековтің қабірі мына жерде деп дөп басып тану мүмкін болмапты. Дегенмен, жерленген жері белгілі болысымен Р. Алтай Жамбыл облыстық «Азат» қозғалысының төрағасы Асқар Сырғабайға хабарласып, Қайраттың жерленген жері мөлшермен белгілі болғанын айтқан.
Міне, осыдан кейін Ноғайбай ақсақал мен Дәметкен ананың Жамбыл жеріндегі Мойынқұмнан Семейге сабылысы басталған... Бірақ, онда да ұлдарының қабірін тауып, топырағын құшып, мауқын баспақ болған жаны қаралы ата-ананың алды даңғыл болды деп айту қиын. Осы бір сауапты істе үлкен қайраткерлік көрсеткен тағы бір семейлік азамат Арман Тілеубаев болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сол уақытта облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарған бұл кісі Қайраттың қабірін іздестіріп табуда үлкен еңбек сіңіріп қана қоймай, кейін оның атын ұлықтауда да көп тер төкті. Аман ағаның тағы бір азаматтық ісі – Желтоқсан батырының қабірін ұзақ жыл қалай қажымай-талмай іздестіріп, тапқаны жөнінде көрген-білгенін егжей-тегжейлі баяндап, «Егемен Қазақстан» газетінде (12 ақпан 2006 жыл) мақала жариялауы дер едік. Ол былай жазады: «Әміршілік жүйе сол кездегі көшеге шыққандармен ғана күресіп қоймай, Қайрат сынды азаматтардың өлгеннен кейінгі сүйегімен де жағаласты емес пе? Қайраттың әкесі ұлы жерленгеннен кейінгі үш жылда Семейге бес рет келсе де, қарт адам түрме басшыларынан бастап милиция, прокуратура, т.б. есігінің табалдырығын тоздырып, баласының сүйегін таба алмапты. Табылмаған емес, қайда жерленгенін айтпай қойған. Менің бір таңғалатыным, Ноғайбай ақсақал осылай шарқ ұрып жүргенде, кезінде осы Желтоқсан үшін қуғын көрген Мұрат Қалматаев ағамыз сол кезде Семей ІІБ-ның бастығы еді. Сонда үкіметтің айтқанынан ол кісінің де шыға алмағаны ма? Ол кісі де «білмеймін» деп жауап беріпті.
Әбден барар жері, басар тауы қалмаған қарт таяуда ғана «Қазақ тілі» қоғамына төраға болып келген маған келіп, көзінен жасы ағып отырып, барлық көрген қиындығын айтты.
Мен осының бәріне өзім кінәлі адамдай қатты қысылдым, бүкіл жан дүнием ерекше толқып кетті. Ақсақалды сабырға шақырып, кешке қонақ асын беріп, «балаңызды табамын, хабар өзімнен болсын» деп еліне шығарып салдым. Сол күннен бастап тыным таппай, талай есікті қағуға тура келді. Ақырында Қайрат жатқан түрме бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары С. Қасымхановқа бардым.
Бұрын комсомолда бірге істеген жақсы таныс Сайлау келген шаруамды білген соң, не істерін білмей, қатты қысылды.
– Әбеке, ол зираттың қайда екенін ешкімге айтпа деген нұсқау бар. Сондықтан оның жерлеуіне де екі-үш-ақ адам қатысқан. Бізде Шмит деген бар, сол жерлеген. Айта қойса, ақырын содан білейін, – деді.
Арада біраз уақыт өткен соң телефон шалып едім: «Телефонмен ештеңе айтпа, жолығайық», – деді. Екеуміз ешкімге көрінбей, жасырынып зиратқа барсақ, маған «міне, осы жерде жатыр» деп бір кішкентай шұқырды көрсетті.
– Сәке, мынау мәйіт жатқан жер емес қой, әдетте жерленген адамның үстінде топырақ үйіліп жатпай ма? – дедім.
– Кейін ешкім таппасын деп әдейі осылай жерленген. Жерді қазған соң, бетіне жұқа тақтай салып барып топырақ үйіпті. Ал тақтай аз уақытта ортасына шіріп түскен соң, орнының үңірейіп жатқаны содан. Бұл жерді маған Қайратты өз қолымен жерлеген Шмит тауып берді. Бірақ мен сізге мұны көрсеткем жоқ. Ешкімге мен айтты демеңіз, – деді.
Айналасында кірпіш қаланған зираттар ортасындағы аядай жердегі шұңқырға байыптап қарасам, шынында да кісі жерленген жер екен. Кезінде қабірдің ішінен шыққан топырақты да қайтадан үстіне дұрыстап үймегендіктен, қабірдің айналасында дөмпек-дөмпек болып қалып қойыпты. Әлгілерді дұрыстап, қабірдің үстіне үйіп, айналасын кірпішпен қоршап кеттік. Кейіннен Сейітқасым Тәмбетов пен Омарбек Байуақовтың көмегімен қабірдің сыртын әдемілеп қоршап, мәрмәрдән тас қойып, оған «Әкімшілік-әміршілік заманның құрбаны Қайрат Рысқұлбеков» деп жазып, екінші мәрмәрді мәйітінің үстіне көлденең қойып, оған марқұмның өзінің «Қайрат деген атым бар, қазақ деген затым бар, «еркек тоқты – құрбандық», атам десең, атыңдар!» деген бір шумақ өлеңін жазып қойдық. Осылардың бәрі біткен соң, әке-шешесіне хабар берілді.
...Қайраттың туыстары келуіне байланысты зират басына өткізілмек митингіге Семей жастары тайлы-тұяғы қалмай келді десе де болғандай. Қайраттың аруағының құрметіне арнайы келіп тұрған автобустарға отырмай, жастар қолдарына ақ ту, көк байрақ, гүл ұстап, қала сыртындағы зират басына қарай лек-легімен жаяу ағылып жатты, ағылып жатты...
Бірнеше жыл бойы ұлының зиратын зарығып іздеп тапқан Дәметкен ананың сол жерді құшақтап аңыраған зарлы жоқтауы сонда жиналған мыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратып, көзіне жас алғызды дейді оған куә болғандар. Жыламаған адам қалмапты. Айтпақшы, семейліктер сарсаңға түсіп, Қайраттың қабірін іздеп жүргенде, мұндай қайғы-қасіретті көтере алмаған Ноғайбай ақсақал да өмірден құса болып өтіпті.
Міне, Қайраттың қабірі көп қиындықпен, мезі қылған әуре-сарсаңмен Р. Алтай, А. Тілеубаев, С. Тәмбетов, О. Байуақов сияқты ақ еділ азаматтардың зор күш салуының арқасында осылай табылған.
21 жасар ұланның азаматтық асқақ данқы қалды
Содан басталды дей беріңіз. Кейіннен қаһарман Қайратқа деген құрмет бүкіл семейліктер тарапынан жалғасын тауып жатты. Көп кешікпей қала орталығындағы бір көшеге Желтоқсан батырының есімі берілді. Достық үйінің алдында қазақтың өжет ұлына ескерткіш орнатылатын болып, сол араға белгі қойылды. Батыр тұлғасын жасауды жергілікті мүсінші Мұратбек Жанболатов өз қолына алды. 2002 жылы осы ескерткіштің ашылу салтанаты өтіп, оған Қайраттың туған-туыстары келіп қатысыпты. Енді мына сәйкестікке қараңызшы, ескерткіш ашылғаннан бір жылдан кейін, желтоқсан айының дәл сол күнінде (13 желтоқсанда) қала шетіндегі №33 қазақ орта мектебіне Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың аты берілген. Қазір осы мектепте оған арналған мұражай жұмыс істейді екен. Әлеуметтік желіден алған мәліметке қарағанда, мұнда Желтоқсан қаһарманының өміріне қатысты заттар жинақталған. Қайраттың түрмеден анасына, туған-туыстарына жазған хаттарының көшірмелері мен мектепте оқыған кезіндегі дәптерлері мен күнделігі, басқа да жеке заттары, тіпті оның оқушы кезінде таққан пионер галстугі де осында сақтаулы тұр екен.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Қайраттың зиратының басын күтіп-баптап ұстауды осы №33 мектеп өз мойнына алған көрінеді.
Осының бәрі қазақтың өжет ұлына деген Семей жұртшылығының көрсеткен құрметі. Осы игі істердің барлығының қасында «Қазақ тілі» қоғамы жүргенін айта кету – парызымыз.
Қайраттың қабірі демекші, 2015 жылы әлдебір шаруалармен Семей қаласына жолым түскен болатын. Әдетте Семей жері – ұлылардың мекені, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келген аяулы алтын бесік, қасиетті топырақ деп жатамыз. Күні кешегі Алаш қайраткерлерінің де осында ізі қалғаны белгілі. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы, қыршын Қайраттың өмірінің соңы да осы Семей топырағымен тығыз байланысты.
Осы жерде айта кету керек, өз басым қырық жылдан бері Желтоқсан тақырыбын зерттеп, қалам тербеп келемін. Соның ішінде Қайрат Рысқұлбековке қатысты шаруалармен де айналыстым. Сол себептен де қылыштың сабындай қысқа ғұмырында мәңгі өлмейтін ерліктің үлгісін көрсетіп, ойламаған жерден опасыз рецидивистің қолынан қапыда өлім құшқан қаһарманның өмір дерегімен бір адамдай хабардармын десем, артық айтқаным емес. Міне, сол қыршын жастың Семей топырағында жатқанынан хабарым болғанымен, мұнда ешқашан табаным тимеген еді. Рас, бір көрсем, басына барып, рухына тағзым етсем, құран бағыштасам деп ойлап жүретінмін. Алланың қалауымен сол олқылықтың орнын толтыратын қолайлы сәттің туғанын ішімнен сездім. Ойымды мені күтіп алып, кішіпейілдік ізет көрсетіп жүрген Сағынтайдай ініме шет жағалап айтып көріп едім, ол сөзге келмей келісе кеткені. Және Желтоқсан батыры жатқан жерді жақсы білетін болып шықты. Сөйтіп, Семей қаласының бір шетіндегі қорымда жатқан Қайраттың зиратына көзді ашып-жұмғанша зырылдатып әкелді.
Қайраттың зираты үстіндегі құлыптас көзіме оттай басылды. Басына жақындап тізе бүктік. Иманжүзді Сағынтай інім екеуміз сәл бөгеліп, бір минут үнсіздікпен еске алдық. Сосын марқұмның рухына арнап құран бағыштадық. Қол жайып, дұға жасалған соң, құлыптастағы жазуға тереңірек үңілдім. Бір қызығы, қабірде екі құлыптас қатар тұр екен. Бұл жағдайды жолсерігім «Мұның біреуі Қайраттың қабірі алғаш табылғанда қойылған, екіншісі кейінірек қойылған тас» деп түсіндірді. Осы кезде менің есіме Қайраттың қабірін алғаш іздеп тауып, басына тас қойдық деген Аман Тілеубаевтың жазбасы есіме түсті. Мәрмәр тасының жоғары жағына қашалып салынған портреттік бейненің астына: «Халық Қаһарманы Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков. 13. ІІІ. 1966-1988. 21. V» деп жазылыпты. Құлыптастың едені мен айналасы да мәрмәр таспен қапталыпты. Арада біршама уақыттың өткеніне қарамастан ұқыпты қолдан шыққаны аңғарылып-ақ тұрды.
Тек бір әттеген-айы, Желтоқсан қаһарманы зиратының төңірегі алқам-салқам болып, ашық-шашық жатқаны, ең әрісі тізеден аспайтын темір қоршаумен қоршағаны өз алдына, қабір басы шаң басып, қалай болса солай қараусыз қалғаны көңілге қаяу түсірді. Осы бір түйіткілді мәселені баспасөз арқылы көтеремін деп ниет еткеніммен, арадағы килігіп кеткен сан алуан ұсақ шаруалар оған қолбайлау болған. Уақыт өте сол олқылықтың орнын толықтыру мақсатымен әлеуметтік желі арқылы бірнеше рет пікір білдіргеніміз бар. Бірақ бұл іске жауапты орындар тарапынан қозғалыс болды ма, жоқ па, одан бейхабар қалған едім. Біреулерге ұнайтын, екінші біреулердің шамына тиіп, ұйқысын қашыратын бұл тақырыпқа қайта оралуға тура келіп тұрғаны сол себептен болатын.
Ал, қаһарман Қайрат пен Желтоқсанның әлемді дүр сілкіндірген ерлігі ұмытылмасы анық. Олар соған сай мәрт жігіттер болды. Шейіт кетті! Көңіл сенбейді. Мейлі ғой, көнесің, көнбегенде қайтесің! Алла ісіне шараң қайсы? Дегенмен, көңілде күдік бар: Қайраттың өлімі Алланың емес, адамның қолынан болса ше?! Әрине, біреуге нақақ жала жабудан аулақпыз. Ондай күнәні көтеріп жүргіміз де келмейді. Дегенмен...
Уақыт шіркін де бір сәтке аялдау, дамылдау жоқ, сынаптай сырғып, зымырап өтіп жатыр. Қайрат небәрі 21 жыл ғана өмір сүрді. Ол өзі опат болғанымен, артында мәңгі өшпес ерлік ісі, азаматтық асқақ даңқы қалды.
***
Егер қыршын Қайрат тірі болғанда, биыл 13 наурызда асқаралы алпыс жасқа толар еді.
Басыма келген ой: түрме басшысының саяси істер жөніндегі орынбасары С. Қасымхановтың, мәйітті жерлеуге қатысқан офицер Шмидтің айтуларына қарап, Қайраттың өліміне сол кездегі түрме басшысының да қатысы болған-ау деп топшылауға болатындай. Ендеше, тиісті мекемелер сол кездегі түрме басшысының аты-жөнін, тұрғылықты мекенжайын анықтап, 1988 жылы мамырдың 20-нан 21-не қараған түні СЕ 165-1 түрмесінде қандай оқиға орын алды, ол мұндай әрекетке неге барды, кімнің тапсырмасын орындады деген сұрақтардың жауабын білуге неге күш салмайды? Не десек те, түрме басшысы Желтоқсан қаһарманының өліміне қатысты оқиғаны жақсы білетін сияқты.
Болат ШАРАХЫМБАЙ
Суретте: Қ. Рысқұлбековтің қабірі басына қойылған құлпытас.
Қайраттың №21 камерада өлім құшып жатқан соңғы суреті.













