Біз Қытайдан қатты қорқамыз. Көптігінен бе, әлде зымияндығынан ба? Екеуі де бар. Ал қазақтың қарапайым ғана жігіті алпауыт мемлекеттің ішінде тұрып қорықпақ түгілі, сол Қытайдан өзіне жұмысқа шақырып жатыр. «Еңбекқор қытайдан үлгі алайық. Кәсіп іздеп басқа елге, жерге бармаңдар. Пайданың көзі осында.
Осы елде кәсіпкерліктің қазанын қайнатып, баюға әбден болады. Келіңіздер, оның жолын да, әдістерін де тегін айтамын. Мұнда кәсіп істеуге барлық жағдай жасалған», – дейді ол шын көңілмен. Халықтың неден үркектейтіні бесенеден белгілі. Бірақ қытайлардың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін жер-Ананы еміп, басқа кәсіптерді шыр айналдырып, жоқтан бар жасайтын жанкешті халық екенін білеміз. Ойланыңыз, қабырғаңызбен кеңесіңіз. Егер байығыңыз келсе, әлгі жанашыр бауырыңызға барыңыз.
Қазақта «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген мақал бар. Ғаламтордан қытайлардың тағы бір таңғажайып ісін көріп, таңғалдым да өте қатты сүйсіндім. Ол не таңғажайып дейсіз ғой? Жұмыр жерде не көп, құм басқан шөлді аймақтар көп. Ондай сахараларда өмір сүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қысқасын айтқанда, ол жерлер жартылай өлі мекендер. Бір сұмдығы, құм көшкіні уақыт өткен сайын ұлғайып барады. Тіптен Қазақстанда көптеген ауылдар оған түк істей алмай, соның астында қалу қаупі бар. Кезінде марқұм Қалмұхан Исабаев деген жазушы көкеміз қазақ жерін құм көшкіні басатыны жөнінде дабыл қаққан. Одан кейін бұл мәселе ешкімнің қаперіне кірген емес. Мінекей, енді құм көшкініне қарсы әдіс табылды. Оны мен сөзбен жеткізе алмаймын. Ғаламтордан қарасаңыз табасыз. Қытайлар бүкіл құм өлкесін шаршылармен көмкеріп, ағаштар егіп жатыр. Олар тамшылату әдісімен суарылады. Болашақта ол сахара орманға айналады. Бізде де Мойынқұм, Қызылқұм, Қарақұм шөлдері бар. Сол таңдайы кеуіп, құм басқан өлкелерді неге орманға айналдырмасқа?
Қытай өнері, ғылымы, өнеркәсібі жағынан жапондардың өзін басып озыпты. Сенесің. Миллиардтан асқан елін жұдырықтай жұмылдырып, жемқорлықсыз жұмыс істетіп, бай елге айналдырып жатқан олардың басшылары не деген мықты еді! 20 млн халыққа ие бола алмай, парақорлық пен жемқорлықтың батпағына батырған, сөйтіп қоғамымызды аздырып, тоздырып бара жатқан біздің көсемдерімізге не жетпейді? Жеп-жеп жарылып кететін шақтарың болған жоқ па? Сырт қарасаң, әп-әдемі жандар. Ісіне қарасаң, жиіркенесің. Сөз етіп отырған алпауыт мемлекеттің көзді ашып-жұмғанша қала салуға қуаты жетеді. Олардың тауды тесіп, тасты талқан етіп, иір-иір жасаған жолдарын көргенде таңғаласың. Иә, Қытайдан үйренетін нәрсе көп. Тек бізге жетпей жатқаны – адалдық. Біздің елде жалғандық, өтірік, жағымпаздық, сатқындық салтанат құрып тұр. Ертең ұрпағымызға қандай елді тастап барамыз? Ең болмаса осылай бір ойланып көрейікші. Сонда біз қытайды да, жапонды да артқа тастап, әлемде ең бай мемлекетке айналамыз. Ойланып, толғанайықшы бір сәт, ағайын!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ