Су ырыстың көзі «Сулы жер, нулы жер» демекші, дария суы жыл сайын күрделі мәселеге айналып, шаруалардың да шымбайына батып келеді. Арал теңізінің тағдырына тікелей әсер етіп жатқан өзен суын күріш шаруашылығы азайтып жатқаны ұдайы айтылып жүр.Сондықтан күріш егінінің көлемін азайтып, жаңа технологияларды пайдалануды айтудай-ақ айтып келеді. Бұл мәселе өткенде аймақ басшысының Сырдария ауданына жасаған сапарында да айтылды.
Суды үнемдеудегі жаңа технологиялардың алар орны ерекше заманауи технологиялардың тиімділігі Сыр ананы сақтап отыруға үлкен көмегін тигізеді. Біз – табиғаттың бір бөлшегіміз, сондықтан оның тепе-теңдігін құрта бермеуіміз керек. Ғарыштық мониторинг жүйесінің су үнемдеу, егіс көлемін бақылау және өнімділікті арттырудағы маңызы ерекше.
Сырдария ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сала басшылығы биыл ауданда 32064 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын егуде, оның ішінде 17 мың гектары – күріш, 142 гектары – картоп, 180 гектары – көкөніс, 368 гектары – бау-бақша.
Егісті әртараптандыру бағытында 2000 гектарға жүгері егу көзделген. Жаңбырлатып суару әдісімен 150 гектарға жоңышқа себілсе, 1500 гектар жер лазермен тегістелді. Мұны Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылдық округіндегі, «Мәді қажы» шаруашылығының жұмысынан және ғарыштық мониторинг жүйесінің мүмкіндіктерімен айқын аңғаруға болады.
Жиырма екі жылдан бері өңірдің аграрлық саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан шаруашылық негізінен егін егуге және мал басын көбейту ісін ілгерілетуге басымдық берілу үстінде.
Шаруашылықтың 9 765 гектар жерінің 3 065 гектары егістікке, 3 267 гектары жайылымға арналған. Биыл 1000 гектарға күріш, 1200 гектар алқапқа жоңышқа егілді. Бүгінде күріштің дені суға бастырылған.
Аудандағы ауылшаруашылығының өзге де бағыт-бағдарларына назар салып, мәселелер көтерілді. «Елдің мәселесі көтерілгенде ғана шешіледі, шешілгенде ғана мәселе болмайды» демекші, аймақ басшысы қандай жағдайда болсын арыз-шағым, өтініштерді тыңдайтынын, оң шешілуге барынша атсалысатынын айтты. Сондай‐ақ «ел аузы дуалы» демекші, кәсіпкерлер мен тұрғындар бұған ризалығын білдіріп, еңбек даласының көрігін одан әрі қыздыра түсті.
Ағыбай ОРЫНБАЕВ














