Түркияда кәсіппен және өнермен еркін айналысу және түрік текті шетелдіктерді мемлекеттік немесе жеке мекемелерде, ұйымдарда немесе жұмыс орындарында жұмысқа алу туралы заңның жүзеге асырылуы туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Түркия баспасөздері хабарлай бастады.
Түркия Республикасында 1981 жылы түрік текті шетелдіктердің Түркия аумағында қызмет істеуіне рұқсат беру туралы заң күшіне енген. Бұл заңға 2018 жылы ішнара толықтырулар енгізіліп қайта қабылданған екен. Ал Президент қол қойған бұл заң Министрлер Кеңесінің қаулысымен мақұлданыпты.
Жаңадан жарияланған ережеге сәйкес, тек түрік текті азаматтар ғана емес, түркі елдерінде тұратын өзге де ұлт өкілдерінің де тұрғылықты елінде кейбір жағдайларға байланысты өз өнерімен, саудасымен немесе кәсібімен айналыса алмайтын немесе әртүрлі себептермен Түркияда өмірін жалғастыруға мәжбүр болғандар да Түркияда жұмыс істей алады.
Бұл жолы қабылданған «Түрік текті шетелдіктердің Түркияда кәсіппен және өнермен еркін айналысуы және оларды мемлекеттік немесе жеке мекемелерде, ұйымдарда немесе жұмыс орындарында жұмысқа алуы туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы ереже»-ге сәйкес бұдан былай түркі текті шетел азаматтарының Түркияның мемлекеттік мекемелерінде, мекемелері мен жекеменшік ұйымдарында немесе жұмыс орындарында жұмыс істеуіне, өнерімен, игерген мамандығымен шұғылдануына кәсіпкерілікпен айналысуына саудамен шұғылдануына рұқсат етілмек.
Осы Ережеге сәйкес түрік текті шетелдіктердің түрік азаматтары үшін заңды түрде рұқсат етілген немесе түрік азаматтығын талап ететін кәсіптерде, өнер саласында және кәсіпкерлік ұжымдарында жұмыс істеуіне немесе жұмысқа тұруына рұқсат алу үшін келесі шарттарды орындау қажет:
1, Ішкі істер министрлігі тарапынан өзіне тұруға рұқсат (ықтиярхат) берілген болуы.
2, Белгілі бір мамандықтар мен өнер түрлеріне қатысты арнайы заңдарда талап етілетін біліктіліктерге ие екенін уәкілетті Түркияның арнайы мекемелерінен алған ресми құжаттарымен дәлелдеуі.
3, Шетелдік оқу орындарынан (мектеп немесе факультеттен) алған дипломдарының нострификациясын тиісті мекемелерде растаған болуы.
4, Аталған мамандықпен айналысуы тұрғысынан қауіпсіздікке байланысты ешқандай кедергілер мен шектеулердің болмауы.
5, Шетел азаматтарына арналған арнайы тіркеу жүйесінде өзінің халықтық тіркеу жазбасын (төлқұжаттық мәліметтерін) жасатқанын құжатпен дәлелдеуі.
6, Егер белгілі бір кәсіп түрі үшін кәсіби ұйымға мүше болу міндетті болса, онда мүшелігін растайтын құжаты болуы.
7, Шетелден алынған жұмысшы, мамандық иесі, не соған тең дәрежедегі біліктілік куәліктерінің нострификациясы туралы шешімді тиісті Түркия мекемелері қабылдаған болуы.
8, Президенттің шешімімен анықталған түрік текті қауымның өкілі болуы.
9, Өз елінде кейбір себептерге байланысты өз мамандығымен, өнерімен немесе кәсібімен шұғылдана алмауы, және түрлі себептермен Түркияда өмірін жалғастыруға мәжбүр болуы.
10, Азаматтығы бар елінің басым көпшілігінен өзгеше этникалық және мәдени сәйкестікке ие болуы (өзге этникалық топқа жатуы).
Түркия баспасөзі хабарлағандай алдағы уақытта түркі текті немесе Түркі мемлекетінің азаматы саналатын өзге де этнос өкілдері жоғарыда көрсетілген шарттарға ие болған жағдайда Түркия Республикасы аумағында қызмет істеуіне, кәсіпкерлікпен, сауда-саттықпен шұғылдануына рұқсат етілетін болмақ.
Ерқазы Сейтқали













