Әлемге үстемдігін жүргізіп отырған жаһандану қазақ еліне де, салт-дәстүріне де өз «қолтаңбасын» қалдыруда. Қандай өкініш! Қандай қасірет! Қайда бара жатырмыз? Ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба? Бұл да үлкен сұрақ болып тұр. «Елдің болашағы – жастар» дейміз, ол жастарымыздың бүгінгі хал-ахуалы қандай? Беріп жатқан тәлім-тәрбиеміз көңіл көншіте ме?
Қазақ ұлты жаһанданудың аранына жұтылып кететін күлше болмау үшін, ұлттық сана мен ұлттық ізденістер және шешімдер үшін ең алдымен ұлттық саясат қажет. Өйткені қазақ болмысына қауіп төніп тұр, жаһандану идеологтары ұлттық бірлік пен мемлекеттің уақыты бітті деп жар салуда. Енді ғана ұлтымызды, қазақтық болмысымызды сезініп келе жатқан кезімізде бұл үлкен мәселе. Сондықтан алдымен мәдениеттік тұғырдың мәні мен ұстындарына көңіл бөлу шарт.
Адамның шыр етіп дүниеге келген уақыттан бастап өскен ортасы, кеңістігінен алған мәліметтері мен танымдары негізінде қабылдаған құндылықтар дүниесі мен қам-қарекетіне кең мағынада мәдениет деп қараймыз. Мәдениеттің ең басты күретамырлары – дін, дүниетаным, мағлұмат, тарихи сана мен жад. Бұған ешкім дау айтпас.
Қазіргі таңда қоғамдық сана мен азаматтық ортаны қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің орны ерекше. Ақпарат секунд сайын еселеп көбейіп жатқан әлемдегі жалғыз өнім деуге болады. Мұндай үлкен көлемдегі өнімдерді тұтыну барысында ақпараттық гигиена мен ақпараттық иммунитет қалыптасқан жөн. Себебі мұнда психологияны бұзатын да, әлеуметтік ортаны да өзгертіп, тіпті ұлттық, мемлекетке де қауіп тудыратын контенттер болатыны айтылып жүр. Гибридтік соғыстар заманында мемлекетті жаулап алғысы келсе, оған қарсы қарулы қақтығыстардан гөрі ақпараттық идеологиялық саясат арқылы өз құндылықтарын насихаттап, жаулап алу қиын емес.
Француз қолбасшысы Наполеонның «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газетің болсын» деген сөзінен-ақ ақпараттық құралдардың сол заманнан бері рөлі орасан зор екеніне көз жеткізуге болады.
Әлеуметтік желідегі парақшасына сенатор Бибігүл Жексенбай Сенатта «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы орны» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткенін жазды.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту» туралы жарлыққа қол қойған болатын. Доктрина халқымыз бен еліміздің идеологиялық дамуын қамтамасыз етуді, елді ұйыстыруға және заман ағымына бейімделген ақпараттық саясатты құруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін барлық БАҚ өкілдері мен тиісті органдар бірлесе тізе қосып жұмыс істеп жатқандығын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі толыққанды баяндады. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыс кешенді жүргізіліп, бүкіл қоғам жұмылдырылуы керек деп ойлаймын. Халқымыздың саны, арғысын айтпағанда, көрші алпауыт мемлекеттердің бір қаласының тұрғынындай болып отыр. Қазіргідей технологиялар дамыған заманда бар-жоғы 19 миллионның санасын улап, небір теріс пиғылды тықпалай салу қиын болмасы анық. «Смартфонмен туған» ұрпақтың миын басқару тіпті оңай. Олар тіпті бұрынғы кездегідей ғарышкер, ғалым, журналист, әртіс болуды армандап, идеал тұтпайды, керісінше, A4, ГЛЕНТ, Lesha Maisak, Компот, Дима Масленников сияқты атақты жаңа медианың өкілдерін кумир тұтады. Бұл аса қауіпті. Яғни тек дәстүрлі, бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, жаңа медиаға барынша назар аударатын уақыт жетті. Көрші елдер өз әлеуметтік желілерін дамытып жатыр. Қазақстанда бар желілерде мемлекеттік тілдегі сапалы контент мардымсыз. Мемлекеттік тіл демекші, ұлттық идеологияның өзегі Ана тіліміз екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақ тілі қазақтың қара баласының алпыс екі тамырын үнемі иітіп тұрмаса, онда істеп жатқан бар рухани тірлігіміз босқа кетті дей беріңіз. Бізге балалардың, әсіресе жасөспірімдердің қызығушылығы мен сұранысын зерделеу арқылы ұлттық құндылықтарымыз бен мемлекеттік мүддеге сай контент фабрикасын жасау уақыт күттірмейтін міндет. Елімізде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз үшін бұл салаға бөлінетін қаражат мөлшерін қайта қарап, көбейтуді ойластыруымыз керек. Ауруды емдеуден гөрі, алдын алған тиімді екені ақиқат.
Аса маңызды тағы бір мәселе – БАҚ пен жаңа медиадағы құмар ойындар, энергетикалық сусындар, электронды шылым т.б. халыққа аса зиянды өнімдерді жарнамалауға шектеуді заң жүзінде реттеу қажет. Әрине, жарнама табысы БАҚ-ды асырап отырғаны анық. Алайда ұлт денсаулығы мен санасына кері әсер беретін өнім мемлекет үшін қауіпті. Бұл бағытта арнайы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді де қарастыратын боламыз», – деді сенатор ханым.
Бәрі дұрыс. Ұлттық идеология керек деп біз қақсағалы қашан. Жаһандануға қарсы тұруға шақырған қаншама мақалалар жарық көрді. Әттең, оған дер кезінде құлақ түрген, құлықты болған билікті көрмедік! Қазақ «Ештен кеш жақсы» деген. Жақсы бастаманы қолдауға игі жақсының бәрі дайын деп ойлаймын.
Қазіргі таңда, жанымызға қанша батса да, дәстүрлі медианы әлеуметтік желілер тықсырып бара жатқанын мойындауға тиіспіз. Қазір дәстүрлі медиаға деген балалардың қызығушылығы қала тұрмақ, ауылдарда да төмендеп барады. Бұл – әлемдік тенденция. Әлеуметтік медиа буыны қатпаған балалардың санасын жаулап алған. Соның кесірінен мұғалімін сыйламайтын, ата-анасын тыңдамайтын, иман мен ізеттен, салт-дәстүрден жұрдай ұрпақ өсіп келе жатыр. Мұны жасыруға болмайды. Осы ретте елдегі жастар тәрбиесі, ұрпақ мәселесі – аға буынды алаңдататыны шындық. Көпбалалы аналардың да жанайқайы жүрек шымырлатады...
Мақаланың жалғасын келесі нөмірден оқитын боласыздар.