Қазақ халқының ұлттық және рухани құндылықтар жөніндегі сенім мен түсінігі зор. Олар ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Біз рухани құндылықтарды қалай түсінеміз? Ол адамдар арасындағы мейірімділік, сыйластық адамгершілік, әділдік пен береке-бірлік сияқты рухани байлықты көрсетеді. Ұлттық және рухани құндылықтарымызға адамның бойындағы адамгершілік пен асыл қасиеттерді қалыптастыратын, ішкі жан-дүниесін байытатын амалдар жатады. Сондай-ақ адалдық, қайырымдылық, Отанды сүю, тіл мен дәстүрді құрметтеу және өнер, әдебиет, мәдени мұраларды кіргізуге болады.
Қазіргі заманда рухани құндылықтардың рөлі өте маңызды. Адамдардың күнделікті өміріне технологияның қарқынды дамуы, ақпараттың тез таралуы және жаһандану біршама өзгерістер әкеледі. Сонымен қатар адамгершілік, мәдениет және этика секілді рухани құндылықтар бірінші орында тұруы тиіс. Олар әркез өз маңыздылығын жоғалтпайды.
Халқымыз ұлттық құндылықтардың негізі ретінде асыл дінімізді жан мен тән тазалығын сақтайтын, адамға үлгі-өнеге беріп, көңілге мейірім сыйлайтын рухани күш деп білген. Яғни оның қасиеті-адам мен қоғам арасын жалғастырып, жарастырады және үйлестіреді. Ата-бабаларымыз имандылықты ерекше қадірлеп, жүрекке дарытып, атадан балаға аманат етіп қалдырып отырған. Олар көзбен емес, жүрекпен түсінетін адамгершілік құндылықтарды әспеттеп, дәріптеген. Сондықтан да иман еліміздің рухани дүниетанымында шектеусіз кең ұғымды білдіреді. Адамгершілік құндылықтарды өмірінің мәніне айналдыру арқылы адамзат қоғамды жамандықтардан, азғындықтан сақтандырады. Осылайша діни-рухани құндылықтар адамдарды салауатты өмір сүру жолына жетелейді.
Барлық қоғамда сан ғасыр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан діни және ұлттық құндылықтар бар. Ол құндылықтар тарихи тәжірибе арқылы түзіледі. Ол Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет сияқты көрініс тапқан әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани идеалдарынан құралады. Адам баласы көбіне материалдық дүниеде өмір сүргендіктен материалдық игіліктерге көп көңіл бөліп жатады.
Негізінде материалдық құндылықтар тұрақты әрі мәңгілік емес қой. Ал рухани құндылықтар мәңгілік болғандықтан, әрқашан да алдыңғы орында тұрады. Дегенмен де екеуі де бір-бірін толықтырып тұратындықтан, бөліп қарастыруға болмайды. Рухани құндылықтар адамгершілік бастауы болып саналады. Олар адамның дүниеге деген қатынасын белгілеп, дұрыс та жарқын өмір сүруге үйретеді. Сондай-ақ жан дүние тазалығы, байлығы қоғамның бағыт- бағдарын айқындап береді.
Құндылықтарымыз былайша бөлінеді:
Адамгершілік-этикалық құндылықтар: адалдық, ар-ұят, мейірімділік, қайырымдылық, әділдік, сыйластық, бауырмалдық, төзімділік, ізгілік.
Ұлттық-мәдени құндылықтар: туған тіл, тарих, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық өнер, мәдени мұралар.
Отансүйгіштік және азаматтық құндылықтар: Отанға деген сүйіспеншілік, елжандылық, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, жауапкершілік сезімі.
Интеллектуалдық-танымдық құндылықтар: білімге ұмтылу, өзін-өзі тану, дүниетанымын кеңейту, өмірдің мәнін іздеу.
Міне, осындай құндылықтар адамдардың ішкі рухани дамуына, қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділікке негізделмек. Бүгінгі кезеңде біраз жандар заманның ағымына қарай технология мен материалдық байлыққа көп назар аударып, рухани құндылықтарымызды ескермей барады. Өкініштісі – осы құндылықтар болмаса қоғам толық дамымайды. Сондықтан рухани құндылықтар адамдардың қалыпты да дұрыс өмір сүруіне кепілдік бола алады. Яғни біздің иманды, мейірімді, мәдениетті жан болып қалыптасуымызға пайдасын тигізеді екен. Міне, осыған байланысты қазіргі уақытта рухани құндылықтарды насихаттап, өркендету үшін көптеген отбасылар, білім беру жүйесі және қоғамдық ұйымдар үлкен жұмыс атқаруы керек. Сонда ғана адамдар технологиялық және материалдық табыстармен бірге рухани жағынан да өсіп, толық бір қоғамға айналмақ.
















