Қазақстанның отбасылық-демографиялық саясатының күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау болып табылады. Себебі зорлық-зомбылық өткір әлеуметтік проблема ретінде жәбірленушілерге әсер етіп қана қоймайды, жалпы қоғамдық тұрақтылыққа және әлеуметтік тәртіпке зор қауіп төндіреді. Статистика бойынша, елімізде жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап қайтыс болады екен. Сондай-ақ күніне 5-6 бала отбасында қысым көреді. 80 мыңнан артық адам, статистика бюросының мәліметінше, жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Көбінше құрбан болатын әйелдер мен балалар.
- Сексуалды зорлық-зомбылық жасау (зорлау, азғындық және жыныстық сипаттағы еріктен тыс басқа да әрекеттер) – 95,9%;
- Ұрып-соғу, қол көтеру – 95,7%;
- Балаларды қатыгездікпен жазалау – 94,8%;
- Суицидке итермелеу – 90,1%;
- Жеңіл физикалық қысым көрсету (итеру, қолды қайыру) – 88,2%.
Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар:
- жақын туыстарының баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы (оны мас қылмыскердің жанында жалғыз қалдыру, баланың шағымдарына, мінез-құлқындағы өзгерістерге жеткілікті назар аудармау);
- ересектер мен балалардың бос уақыттарын дұрыс ұйымдастырмауы, кейде болмауы (жыныстық зорлық-зомбылықтың 59,6%-ы мас күйде жасалған);
- отбасының тұрмыстық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы (аналардың баланың жыныстық зорлық-зомбылық көруіне үнсіз келісім беруі);
- қоғамдағы, отбасындағы салт-дәстүрлерге байланысты бұрмаланған моральды идеялар;
- заңды өкілдердің қылмыскерлерді қорғауы (зорлық жасаушыларды жақтау мақсатында жақын туыстардың балаға теріс әсері);
- жанұя мүшелері арасында эмоционалды байланыстың болмауы және микроортаның немқұрайлығы;
- халықтың құқықтық және жыныстық (интимдік қарым-қатынас саласындағы білім) сауатының төмендігі;
- балалардың қауіпсіздігі, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық туралы мәселелерді білмеу (дағдыланбау).
Халықтың құқықтық және жыныстық сауаттылығын арттыру мақсатында және зерттеу нәтижесінде анықталған олқылықтар негізінде мыналар ұсынылады:
- балалардың қауіпсіздігі туралы пәнді міндетті мектеп бағдарламасына енгізу;
- мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарында кәмелетке толмағандардың жыныстық зорлық-зомбылық және девианттық мінез-құлық белгілерін анықтау әдістерін үйрету;
- ата-аналар жиналысында зорлық-зомбылықсыз педагогика әдістері бойынша сабақтар өткізу.
Осы мәселелерге орай Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бірінші оқылым өткені көпшілікке мәлім. Онда депутат Ермұрат Бапи отағасы туралы заң қабылдау туралы ұсыныс айтқан болатын. Депутаттар әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң жобасын талқылап, ондағы әкенің рөлі туралы қайта-қайта еске салып, заң жобасының дәстүрлі таным-түсінікке қайшы еместігіне алаңдаушылық білдірді.
«Осы заң жобасынан біз әкенің рөлін, ер-азаматтың рөлін, заң жобасының табиғатынан сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Қазақстанда халықтың 70 пайызын қазақтар құрайтынын білеміз. Осы жерде отырғандарымыздың бәрімізді «осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыдан келгенде біз әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?» – деді депутат. Депутат Аманжол Әлтай ер-азаматтан қысым көрген әйел адам ғана емес, әйелден қысым көрген еркектердің де барын еске салды.
«Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен буын едік, қазір «мамам біледі», «мамамнан сұраймын», «мамам шешеді» деген балалар көбейіп бара жатыр. Оған таяуда ғана Қарағандыда 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомбылық көргені дәлел болып отыр», – дейді мәжілісмен.
Кодекстің ҚР неке-отбасы заңнамасының негіздері деп аталатын 2-бабында жаңа 9, 10 тармақшалары қарастырылған екен. Бұл жерде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету және балаларды дәстүрлі отбасылық құндылықтарға құрмет көрсету, адамгершілік және рухани тәрбиелеуді қамтамасыз ету жазылған.