Елдің мұңын жоқтайтын да ақындар,
Елдің нұрын мақтайтын да ақындар.
Адалдық пен әділдікті ту етіп,
Тек шындықты жақтайтын да ақындар!
Дандайсыған пенделерді бұқтырып,
Өмір сырын ұрпақтарға ұқтырып,
Ел мүддесін жырлап жүрген ақынды
Қалың қазақ сыйлап өткен тік тұрып!
От жырымен кәріге де, жасқа да,
Жылу берген жансыз қара тасқа да.
Ерекше бір парасатты ақын бар,
Болмысымен ұқсамайтын басқаға!
Киелі Бөген топырағынан жаралған,
Қасиетті Арал тереңінен нәр алған.
Ол аяулы азамат ақын – Зейнолла
Тұла бойы лаулап жанған жыр-арман!
Жасынан-ақ жасықтарға қосылмай,
Тағдыр салған ауыр дертке жасымай.
Болашаққа жырдан күмбез орнатып,
Нөсерлетіп ағып өтті жасындай.
Кейде жаны қиналғанда тұралап,
Халқы болды оған демеу, саябақ.
Дара туған қайталанбас перзентін,
Көтерді кезек алақанда аялап.
Періштесі махаббаттың жыр-гүлі,
Шыдам, жігер, қайсарлыққа боп үлгі.
Қазағымның Корчагині атанған,
Қайран, Зәкең 70 жаста бұл күні!
70 жасын тойлайық кел, ағайын,
Мен ортаңда дәнекерің болайын.
Жауһар жырын тарту етіп бәріңе,
Ақ қанатты «Сағыныш» әнге салайын.
Зейнолладай ақын берген еліме,
Туған жердің топырағы тегін бе?!
Мәңгі өлмес ақ шағала жырлары
Жұлдыз болып жарқырап тұр көгімде!
Кітабыңды ашқанымда сағынып,
Ақын аға, кеудемнен жыр ағылып.
Домбырамды қолыма алып толғанам,
Асыл аға, құдіретіне табынып!