Т.Рысқұлов ауданына 10 айда салынған инвестиция көлемі – 17,8 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,6 пайызды құрап, 1,9 млрд теңгеге артық орындалыпты. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингі барысында аудан басшысы Ернар Есіркепов айтты.
-Есепті кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасты. Нақтырақ айтқанда, экономикалық өсім 106,5 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары 14,4 млрд теңгенің өнімдерін өндіріліп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,9 пайызды құрап отыр, - деді Ернар Серікұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. Оның сөзінше, қазіргі таңда ауданда 1 652 азамат тұрғын үй кезегінде тұр екен. Жыл соңына дейін 113 мұқтаж отбасы баспанаға қол жеткізбек. Бұдан бөлек, биыл 80 пәтерлі бір көпқабатты үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал Луговой ауылында бос тұрған бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған мұқтаж отбасыларға берілмек.
Жалпы, брифинг барысында Ернар Есіркепов өзі басқаратын аудандағы өзге де салалардың даму қарқыны жөнінде мәліметтермен бөлісті. Елді-мекендерді газдандыру, жол салу жұмыстары жыл өткен жандана түскенін жеткізген ол әлеуметтік салалардағы оң өзгерістерді атап өтті. Брифинг қорытындысында БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, оларға нақты жауап алды.