МЕКТЕП МИССИЯСЫ – ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ ЖАҢАЛЫҚТАР АШУҒА ШАБЫТ БЕРУ

МЕКТЕП МИССИЯСЫ – ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ ЖАҢАЛЫҚТАР АШУҒА ШАБЫТ БЕРУ

«Цифрлы Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі:  Жасанды интеллект, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, «Таза Қазақстан», Инновациялық даму,  Ұлттық жад, Ұлттық рух – елді көркейту жолындағы Президентіміздің салиқалы саясаты – дәстүрлі экспедицияның алтын арқауы» атты «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің экспедициясы аясында «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбеге келген болатын. Экспедия жетекшісі бұл сапарында Ақтөбе өңіріндегі бірқатар білім ордаларында болып, сала мамандарымен де кездескен еді. Сондай ұйымдардың бірі –  Ақтөбе қаласындағы Aqbobek Lyceum мектебі. 

Дәстүрлі экспедициясының негізгі мақсаттарының бірі –  еліміздегі білім беру саласының тыныс-тіршілігімен танысу, озық тәжірибелерді насихаттау, білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосып жүрген білім беру ұйымдарының тәжірибесін көпшілікке таныту. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, заманауи білім мен ұлттық тәрбиені ұштастыру арқылы ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын, білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызын көрсету. Сәуле Мешітбайқызы Aqbobek Lyceum мектебінің ұжымымен кездесуде педагогтермен осы мәселелер төңірегінде ой бөліскен-ді: «Бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеті –  заман талабына сай білім мен дағдыны меңгерген, жаңашыл ойлайтын, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және қоғамның дамуына үлес қоса алатын ұрпақ тәрбиелеу. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде мектеп оқушыға білім берумен қатар, оның ізденісіне жол ашып, шығармашылық әлеуетін дамытуға және өз идеясын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруы қажет», –  деді С.Мешітбайқызы. 

Кездесуде Aqbobek Lyceum директоры Бекзат Байдирахманова білім ордасының білім беру ұстанымы, жүзеге асырылып жатқан жобалары, оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік ізденістері, сондай-ақ академиялық жетістіктері туралы айтты. Оның айтуынша, лицейдің білім беру бағыты оқушылардың циррлық сауатын арттырумен ғана шектелмей, олардың зерттеушілік қабілетін, дербес ойлауын, жауапкершілігін және өмірлік мәселелерге тың шешім ұсыну дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар оқу үдерісінде ана тіліне, ұлттық мәдениетке, кітап оқуға және жазу өнеріне деген құрметті қалыптастыруға ерекше мән беріледі.

Кездесуден соң  Aqbobek Lyceum директоры Бекзат Байдирахмановамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

–  Қазіргі білім беру жүйесінде балаларға заманауи технологияларды меңгерту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді қатар алып жүру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, лицейде цифрлық білім мен ұлттық тәрбиені ұштастыру арқылы оқушылардың жан-жақты дамуына қандай жағдай жасалып отыр?

–  Цифрлық дәуірде жаңалықтар ашуға шабыт беру –  білімді ұрпақ тәрбиелеудің ғана емес, болашақты қалыптастырудың да жолы.

Қазіргі әлемде технология күн сайын өзгеріп, білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып келеді. Жасанды интеллект, цифрлық шешімдер мен инженерлік жаңалықтар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде мектептің міндеті тек білім берумен шектелмейді. Ең бастысы –  алған білімін өмірде қолдана алатын, дербес ойлайтын, жаңа идея ұсынатын және өз әрекетіне жауап бере алатын тұлға қалыптастыру.

Алайда болашаққа ұмтылу өткеннен қол үзу дегенді білдірмейді. Керісінше, жаһандық өзгерістер жағдайында ұлттық болмысты сақтау, ана тілі мен мәдениетке құрмет қалыптастырудың маңызы арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, заманауи технологиялық білім мен ұлттық тәрбиені ұштастыру –  бүгінгі мектептің маңызды міндеттерінің бірі.

Aqbobek Lyceum өз білім беру бағытын осы идеямен байланыстырады. Мектептің миссиясы –  «Цифрлық дәуірде жаңалықтар ашуға шабыт береміз». Ал болашаққа бағдарын айқындайтын vision тұжырымдамасы –  «Цифрлық технологиялар арқылы білім беретін үлкен әлеует мектебі».

–  Балаларға цифрлық дәуірде жаңалықтар ашуға шабыт беру бір бөлек, олардың өз идеяларын нақты жобаға айналдыру бір бөлек. Осы бағытта қандай жұмыстар  жүргізіліп жатыр? Оқушылардың жобалары олардың алған білімін тәжірибеде қолдануына, нақты мәселелердің шешімін табуына қалай мүмкіндік береді?

–  Бүгінде Aqbobek Lyceum-да 306 оқушы білім алып, 35 педагог еңбек етеді. Мектептің IT-бағыты оқушылардың технологиялық сауаттылығын қалыптастырумен қатар, олардың зерттеушілік қабілетін, шығармашылық ойлауын және мәселені шешу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Бұл бағыт оқу үдерісіндегі нақты пәндер арқылы жүзеге асырылады. Жетінші сыныпта жасанды интеллект пәні оқытылады. Сегізінші сыныпта GameDev бағыты, яғни компьютерлік ойындарды әзірлеу меңгеріледі. Тоғызыншы сынып оқушылары Технопарк базасында инженерлік жобалармен жұмыс істейді.

Аталған бағыттардың ерекшелігі –  оқушылардың оқу жылы соңында әр пән бойынша өз жобаларын қорғауы. Мұндай жұмыс білімді дайын күйінде қабылдаумен шектелмей, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Оқушы тақырыпты меңгеріп қана қоймай, өз идеясын ұсынуға, оны жоба түрінде жүзеге асыруға және нәтижесін көпшілік алдында таныстыруға үйренеді.

Жобаны қорғау барысында біліммен қатар жоспарлау, іздену, өз ойын жеткізу және атқарған жұмысына жауап беру дағдылары да қалыптасады. Бұл қабілеттер оқушының келешекте жоғары оқу орнында білім алуына, зерттеу жүргізуіне және кәсіби жолын таңдауына негіз бола алады. Лицей оқушыларының жобалары өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге де бағытталған. Мысалы, Health Note жобасы алғашқы көмек көрсету кезінде қажетті ақпаратты жедел алуға көмектесуді көздейді. Ал Corinbe жобасы мұғалімге сабақ барысында оқушылардың ұялы телефон қолдануын анықтауға көмектесетін құрал ретінде әзірленген. Мұндай бастамалар оқушылардың технологияны меңгерумен қатар, оның көмегімен нақты мәселелерге шешім іздейтінін көрсетеді.

Цифрлық білім берудің мәні –  оқушыға технологияны пайдалануды үйрету ғана емес, оның көмегімен қандай мәселені шешуге болатынын түсіндіру. Өйткені технологияны меңгерген адам мен технология арқылы жаңа шешім ұсына алатын адамның мүмкіндіктері бірдей емес.

–  Жаңа бір сөзіңізде мектепте заманауи технологиялық білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ана тіліне құрмет пен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше мән беріледі дедіңіз. Ол жұмыстар қалай жүргізіледі? Жалпы цифрлық дәуірде баланы кітап оқу мәдениетіне үйрету, оқушылардың ұлттық болмысын нығайту, қазақ тілінде сауатты жазу, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру және рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту бағытында нақты қандай істер атқырылады? 

–  Aqbobek Lyceum-де ұлттық тәрбиеге қатысты бастамалардың бірі –  жетінші және сегізінші сыныптарда домбыра сабақтарының жүргізілуі. Домбыра –  қазақ халқының мәдени жадын, тарихы мен дүниетанымын жеткізетін ұлттық мұраның маңызды бөлігі. Оқушылардың осы өнермен танысуы олардың ұлттық мәдениетке жақындай түсуіне мүмкіндік береді.

Мектепте  қазақ тілінде жазу мәдениетін дамытуға бағытталған «AL, жазайық» жобасы жүзеге асты. Оған 100-ден астам оқушы қатысып, өздерінің эссе жазу дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыстанды. Оқушылардың шығармашылық жұмыстары арнайы платформада сақталып, эсселер жинағын шығару жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат мектеп көлемінде ғана емес, облыс, республика көлемінде эссе жазу мәдениетін қалыптастыруға атсалысу болып отыр. 

Мектеп –  оқушы ой өрісін, шығармашылық әлеуетін молайтатын қасиетті орта. Адамзатқа ортақ құндылық, дегдарлық, парасаттылық мектептен бастау алатыны айдан анық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», –  деп атап өткен-ді. Осы орайда «AL, оқиық» жобасының мақсаты Ел Президентінің идеясымен үндес, сырлас. Ал жобаның көтерер жүгі ауқымды. Өйткені аптасына кем дегенде бір рет оқушылар өз бетімен оқуға талпынады, көркем әдебиеттегі құндылықтарды ерікті түрде бойға сіңіреді. Оқуға ұсынылған шығармалар «100 кітап жобасымен» етене байланысты. Ұлттық тәрбие, тарихи сана, адамзаттың асыл құндылықтары – бәрі осы жоба аясында мәселе ретінде оқушылармен бірге талқыланып отыр.  

–  Aqbobek Lyceum оқушыларының бір бөлігі ақылы, енді бір бөлігі грант негізінде білім алады екен. Грантқа қабылдау кезінде қандай талаптар ескеріледі және оқушылардың академиялық әлеуетін дамыту үшін қандай қолдау көрсетіледі? Сонымен қатар түлектердің отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсіп, білім гранттарын иеленуіне қандай факторлар ықпал етеді?

–  Aqbobek Lyceum-да білім беру үдерісі оқушылардың академиялық дайындығын нығайтып, қабілеттерін дамытуға бағытталған. Лицейге грантқа конкурстық іріктеу кезінде талапкерлер қазақ тілінен эссе жазып, математика мен ағылшын тілінен тестілеуден өтеді. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 60 пайызына жуығы грант негізінде білім алуда. Бұл –  сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Мектеп жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі –  түлектердің жоғары оқу орындарына түсуі. 2025-2026 оқу жылында лицейді 50 оқушы тәмамдады. Олардың 7-сі «Алтын белгі» иегері атанса, 10 түлек үздік аттестат алды. 32 түлек білім гранттарына ие болды, оның ішінде 5 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға грант жеңіп алды. Сонымен қатар 3 түлек грант иегері бола тұра, ақылы оқу нысанын таңдады.

Лицей түлектері Nazarbayev University, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Astana IT University, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және Қазақстан-Британ техникалық университеті сияқты жоғары оқу орындарына түсті. Бұл нәтижелер оқушылардың академиялық дайындығы мен болашақ білім жолын жалғастыруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Aqbobek Lyceum үшін маңыздысы –  оқушыны келесі білім басқышына дайындап қана қоймай, оның өз мүмкіндігін танып, саналы таңдау жасауына жағдай қалыптастыру. Пәндік білім, жобалық жұмыс пен зерттеушілік ізденіс осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған.

–  Aqbobek Lyceum жас зерттеушілердің идеяларын халықаралық деңгейде танытуға қандай мүмкіндіктер беріледі? Балалардың жетістіктері туралы айтсаңыз? 

–  Білім беру нәтижесі тек меңгерілген тақырыптармен немесе игерілген технологиялармен өлшенбейді. Оның маңызды көрсеткіштерінің бірі –  оқушының алған білімін жаңа жағдайда қолдануы, өз идеясын жүзеге асыруы және қоғамға пайдалы шешім ұсына алуы.

Aqbobek Lyceum оқушыларының жетістіктері білім беру ортасында қалыптасып келе жатқан ізденіс пен шығармашылық мәдениеттің нәтижесін көрсетеді. Лицей шәкірттері пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда және түрлі зияткерлік сайыстарда облыстық, республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мектептің екі жылға жуық тарихында оқушылар қалалық деңгейде 106, облыстық деңгейде 71, республикалық деңгейде 11 және халықаралық деңгейде 2 жетістікке қол жеткізді. Бұл көрсеткіштер лицейдегі білім беру жұмысының ауқымын және оқушылардың өз қабілеттерін түрлі деңгейде танытуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Халықаралық деңгейдегі жетістіктердің қатарында лицей түлегі Батырхан Құлдыбаевтың 2025-2026 оқу жылында International Cybersecurity Olympiad (ICO) халықаралық киберқауіпсіздік олимпиадасына Қазақстан атынан қатысуын атап өтуге болады. Ал 2027 жылы Италияда өтетін осы олимпиадада Аружан Маратова Қазақстан намысын қорғауға дайындалуда. Аружанның ізденісі халықаралық олимпиадамен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда ол дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған DamuMed Agent стартапын іске асыру үстінде. Бұл бастама жас ұрпақтың технологияны меңгерумен қатар, оны қоғамдағы нақты қажеттіліктерді шешуге пайдалану ұмтылысын көрсетеді.

Лицей оқушысы Ералы Ғайнулланың KazBERT және Centra жобалары да оқушылардың зерттеушілік әлеуетін танытады. Оның жұмыстарына халықаралық академиялық орта өкілдерінің қолдау білдіруі жас зерттеушілердің идеяларын дамытуға және оларды кеңірек ғылыми ортаға ұсынуға мүмкіндік береді. 

Бұл нәтижелер –  лицей жетістіктерінің шағын ғана бөлігі. Басты мақсат –  жекелеген жеңістермен шектелмей, әр оқушының қабілетін ашатын, зерттеуге ынталандыратын және өз идеясын нақты жобаға айналдыруға жағдай жасайтын білім беру ортасы қалыптасып келеді.

Aqbobek Lyceum-ның миссиясында айтылғандай, цифрлық дәуірде жаңалықтар ашуға шабыт беру –  оқушыға дайын жауап ұсынудан гөрі, оны сұрақ қоюға, ізденуге және өз шешімін табуға жетелеу. Ал осындай ізденістің ұлттық құндылықтармен сабақтасуы білімді ғана емес, болашағына саналы қарайтын ұрпақ қалыптастыруға негіз болады.

 

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы
29.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі
Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Ұлытау облысы - 29.10.2026 51
Еуропа  дүрлігіп жатыр
Ерғазы Сейтқали - 23.10.2026 265

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28981
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28533
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45811
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41451
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46123