Жамбыл облысы Құлан ауданының әкімі Ернар Есіркеповтың аудан тізгінін қолға алғанына биыл үш жылдан асып отыр. Осы уақыт аралығында бірқатар өзекті мәселелер шешімін тауып, маңызды жобалар жүзеге асты. Соның бірі – ауызсу мәселесі.
Су – тіршіліктің өзегі. Онсыз өмірді елестету мүмкін емес. Осыны жақсы түсінген аудан әкімдігі соңғы үш жылда 14 елді мекенге таза ауызсу тарту жобаларын жүзеге асырды. 25 мыңнан астам тұрғынды қамтыған бұл жобаларға бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген. Ернар Серікәліұлы 2022 жылдың маусым айында аудан әкімі қызметіне кірісіп, сол жылы үш ауыл – Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай елді мекендерінде ауызсу жүйесі іске қосылды.
Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі су нысаны 2022 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Жобаға 414 млн теңге қаржы жұмсалып, бүгінгі таңда тіршілік нәрі 420-дан астам аулаға жеткізіліп отыр. Ал Қазақ және Сәлімбай ауылдарының тұрғындары да дәл сол жылы ауызсудың игілігін көре бастады. Бұл екі жобаға шамамен 800 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде үш ауылда 4300-ден астам тұрғын таза ауызсумен қамтылды.
Халқы 200 адамнан аспайтын елді мекендер «болашағы жоқ ауылдар» қатарына енгенімен, аудан басшысы мұндай ауылдарды назардан тыс қалдырған жоқ. Ернар Есіркеповтың бастамасымен шағын елді мекендерге кешенді модульді блоктар орнатылды. Таза ауызсу тарататын бұл заманауи қондырғылар Сұмқайтты, Әбілхайыр, Қосапан және Қорағаты ауылдық округтеріне қарасты Тойқұдық, Мамыртөбе, Аққайнар елді мекендерінде орнатылып, әр қондырғыға шамамен 30 млн теңгеден астам қаржы бағытталды.
Аудан әкімінің қамқорлығы шалғай ауылдардан да көрініс тапты. Сөгеті мен Мамай ауылдарының тұрғындары да көптен күткен ауызсуға қол жеткізді. Бұрын Мамай ауылының халқы бір ғана сағатқа ағатын құдық суын пайдаланып келген болса, бүгінде әр үйге су жүйесі тартылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды.
– Үйімізге су кіргізіп алдық, Құдайға шүкір, қалалықтардан еш кем емеспіз. Газ да бар. Ернар Есіркепов әкім болғаннан бері жағдайымыз едәуір жақсарды. Президент пен облыс басшылығына да айтар алғысымыз зор, – дейді Мамай ауылының тұрғыны Алпысбай Құрбанов.
Жаз айларында ауызсу тапшылығы айқын сезілетіні белгілі. Құлан кентіндегі 20 мыңға жуық тұрғынды көп жылдар бойы тек бір ғана су ғимараты қамтамасыз етіп келген. Соңғы жылдары орталықта тұрғындар саны мен жаңа үйлердің көбеюі бұл мәселені өзекті ете түсті. Осыған орай аудан әкімі «Арай» тұрғын үй алқабында құны 559 млн теңге болатын жаңа су ғимаратының құрылысын бастауға тапсырма берді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталуға жақын.
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты шалғай Шөңгер ауылына да жетті. 213 тұрғыны бар ауылда жаңа ауызсу нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жоба аяқталған соң, тұрғындар таза судың игілігін көреді.
Сол секілді Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Р.Сәбденов ауылының халқы да көптен бері ауызсу жүйесін күтіп жүрген. Қазіргі таңда бұл елді мекенде жалпы құны 982 млн теңге болатын жобаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстарды «Таразстрой – 2004» ЖШС атқаруда.
Ауыл халқы үшін ауызсудан бөлек, таудан келетін ағын су да үлкен маңызға ие. Бұл бағытта аудан аумағындағы «Қарақат» каналы қайта қалпына келтіріліп, судың мөлшерін арттыру шаралары қолға алынған. Алдағы уақытта осындай тағы бес су арнасының құрылысы жоспарланып отыр.
Ауызсу жүйесін дамыту бағытындағы бұл жұмыстар – аудан халқының денсаулығы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, болашағын нықтауға бағытталған нақты істер. Бұл – аудан әкімі Ернар Есіркеповтің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің нақты орындалуы және Мемлекет басшысының тапсырмаларының жүзеге асуының айқын дәлелі. Осылайша соңғы үш жылда 14 елді мекен таза ауызсумен қамтылып отыр.
Арайлы Жақсылық, Жамбыл облысы