Биыл облыс орталығында жергілікті бюджет қаржысына 10 көппәтерлі тұрғын үйді салу жоспарланып отыр. Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, оның 9-ы Копай шағынауданында тұрғызылатын болады.
Қазіргі уақытта баспаналарды тұрғызу бойынша байқау өткізілді. Алдымен Копай шағынауданындағы ескі үйлерді сүру жұмыстары басталды. Олардың орнын су жаңа көпқабатты үйлер баспақ. Жалпы 44,6 гектар жерді алып жатқан құрылыс алаңында 27 көппәтерлі баспана тұрғызылады, оның жалпы аумағы 278 мың шаршы метрден асады. Нәтижесінде қаланың 2871 тұрғыны қоныс тойын тойлайтын болады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы жеке инвестициялардың есебінен 10 көпқабатты тұрғын үйдің, 18 бюджеттік және 10 коммерциялық баспананың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. 2021 жылы құрылысы басталған 35 көпқабатты тұрғын үйді тұрғызу жұмыстары биыл жалғасын тапты. Оның 21-і жалдамалы пәтерлер болса, 14-і – несиелік. 2020 жылы қолданысқа 183,4 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, былтыр өсім 21 пайызға жетіп, 222,2 мың шаршы метрді құрады. Соның арқасында облыс орталығында өткен жылы 16 баспана салынды.