33-ші маусым рухты қойылыммен басталды

33-ші маусым рухты қойылыммен басталды

 

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры өзінің биылғы 33-ші маусымын «Жұбан» поэтикалық драмасымен ашты.

Тұсауы кесілгеннен бастап театр репертуарынан берік орын алып, көрерменнің сұранысына айналған бұл туындыны драматург Мәдина Омарова мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева бірлесе жазған. Оралдағы «Зенит» мәдениет үйінде өткен маусымның салтанатты ашылуына жиналған көпшілік алдымен Абай Құнанбайұлы, Жұбан Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев, Қадыр Мырза әлі сынды мерейтойлары биылғы жылмен тұспа-тұс келген ұлы тұлғалардың шығармашылығына арналған кейіпкерлер аллеясын тамашалады. Сонымен қатар «Жұмысшылар жылына» орай театрда сахна сыртында жүргенмен, әр қойылымның сәтті шығуына үлкен үлес қосатын костюмер, реквизитор, тігінші, сахна машинисі сынды қызметкерлердің қатысуымен декорациялық инсталляция ұйымдастырылды.

Бұдан соң көрермен тарихтан сыр шертетін, төл әдебиетімізде өзіндік орны бар патриот тұлға Жұбан ақынның рухы мен жігерін өскелең ұрпаққа танытатын қойылымды тебірене отырып көріп шықты. Қаламгердің балалықтан – даналыққа дейінгі тағдыр жолы мен сол заманның ащы шындығы суреттелген драмада Теміржан Матаев, Нұргүл Жұбатова, Жанаргүл Құрманғалиева, Жасқайрат Валиуллиев және басқа да театрдың белді әртістері ойнады.

Өнер ұжымын жаңа маусымның ашылуымен құттықтаған БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев бұл драманың мәні де, маңызы да жоғары екенін атап өтті. – «Жұбан» – көрермен жүрегінен орын тапқан мазмұнды туынды. Кезекті театр маусымының дәл осы қойылыммен ашылуы да кездейсоқтық емес. Биыл – көрнекті эпик әрі лирик ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл. Осыған орай өңірімізде бірқатар тағылымды іс-шаралар өтуде. Хадиша театры алдағы қазан айының басында Алматыда өтетін кезекті гастрольдік сапарын да осы қойылыммен бастағалы отыр, – деді басқарма басшысы. Өз сөзінде Қуанышбек Жанболатұлы өңіріміздегі қазақ театрының тарихына қатысты тың деректердің табылып жатқанына тоқталып, сол сабақтастықты үзбей жалғап келе жатқан театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Әсіресе, өнер сүйер жұртшылықты облыстық қазақ драма театрының өз ғимаратындағы жөндеу жұмыстарына жан біткені туралы жаңалық ерекше қуантты.

Сонымен қатар қойылым соңында театр ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

 

 

12.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17673
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17517
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32701
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31275
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34945