Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында: «Өткен аптада 56 мемлекетте коронавирустан өлім-жітім 10 пайыздан астамға артқан», – деген ақпар тарады. Зерттеу материалдарына сәйкес, Ұлыбританияда соңғы 24 сағат ішінде 214 науқас қайтыс болды, эпидемиядан зардап шеккендердің жалпы саны 141 181-ден асып жығылды. Қазіргі уақытта вирусқа қарсы екпенің бірінші компонентімен 50 071 683 адам вакциналанды немесе ел халқының 73,8 пайызы, ал 45 752 487 британдық, яғни 67,4 пайызы толық вакцинация курсынан өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өлім-жітімнің жоғарылауына және коронавирус инфекциясының таралуына алаңдаушылық білдіреді. ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус 50-ден астам елде коронавирустан қайтыс болу деректерінің күрт өскенін мәлімдеді. «Өткен аптада барлық өңірдегі 56 ел COVID-19 салдарынан өлім-жітімнің 10% астамға өскенін хабарлады», – деді Гебрейесус. ДДСҰ басшысының айтуынша, апта сайынғы өлім-жітім 50 мыңнан астам адамды құрайды. Осыған байланысты Гебрейесус ДДСҰ шұғыл қолдану үшін ұсынған дамыған елдер мен вакцина өндірушілерін COVAX халықаралық бағдарламасына белсенді қатысуға және вакциналарды сатып алу үшін африкалық жұмыс тобына дәрі жіберуге шақырды.