Осыдан 17 жыл бұрын Жайық өзенінің атырауында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған болатын. Бұл өңір үшін маңызды оқиғаға айналды. Себебі мұнда Солтүстік Каспийдің көркем табиғатын тамашалап, теңіз самалын сезініп, сирек кездесетін құстардың табиғи тіршілігімен танысуға болады.
Құрылған күннен бері резерват табиғатты қорғауға бағытталған бірқатар халықаралық конвенцияларға қосылды. Соның ішінде 2014 жылы «Ақжайық» резерваты ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары тізіміне енгізілді.
Резерват аумағында бірегей табиғи кешен саналатын Шалыға аралы орналасқан. Мұнда құстардың 300-ге жуық түрі тіркелген. Оның 110 түрі осы жерде тұрақты ұя салса, 106 түрі көктемгі және күзгі көші-қон кезінде кездеседі. Ал 36 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың қатарында бұйра бірқазан, қарабас шағала, қарқылдақ шағала, қасқалдақ қасқыртұмсық (колпица) және басқа да сирек құстар бар.
– «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында төрт туристік бағыт жұмыс істейді. Оның екеуі құрлықпен, екеуі су жолымен өтеді. Қазір біз тұрған бағыт «Құстар мекені» деп аталады. Ол Примор каналы маңынан басталып, Шалыға аралына дейін жалғасады. Бұл бағытта құстардың алуан түрін және олардың ұя салатын орындарын көруге болады. Сонымен қатар резерват аумағында әуесқой және спорттық балық аулауға рұқсат етілген. Ол үшін резерват кеңсесіне барып, арнайы жолдама алу қажет. Балықшыларға салмағы бес келіден аспайтын жекелеген балық түрлерін аулауға рұқсат беріледі, – дейді резерват директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Назерке Махметова.
Маманның айтуынша, жыл басынан бері мұнда 600-ден астам турист келген. Бұрын резерватқа негізінен шетелдік қонақтар келсе, бүгінде бұл ерекше табиғи аумаққа қазақстандықтардың да қызығушылығы артып отыр. Резерват аумағы кездейсоқ таңдалмаған. Оның құрылуындағы басты мақсат – осы өңірде тұрақты мекендейтін немесе маусымдық қоныс аудару кезінде аялдайтын құстардың сан алуандығын сақтау.
– Бүгін Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Каспий теңізін көруді көптен бері армандаған едік. Сондықтан бұл қорыққа келгенімізге өте қуаныштымыз. Канал мен теңіз арқылы қайықпен серуендеу бізге ерекше әсер сыйлады. Әртүрлі құстар мен жануарларды көріп, табиғаттың әсемдігіне тәнті болдық. Бұл ұмытылмас сапар болды. Мұндай көрікті жерді баршаға көруге кеңес беремін, – дейді турист Мария Луиза де ла Круз.
Экскурсияға қатысу үшін алдымен Қабдолов көшесі, 10 мекенжайынан билет сатып алып, кейін Примор каналына бару қажет. Бес адамнан құралған топқа арналған билет құны 37 мың теңгеден басталады. Бұл сомаға гид қызметі, су көлігін жалға алу және санитарлық қызмет көрсету шығындары кіреді.














