Биыл ақын, Қазақстанның халық жазушысы, жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің туғанына – 90 жыл. Осы айтулы датаға орай Орал қаласында тұратын 79 жастағы спортшы Құбайдолла Хасанов тоқсан шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтті.
Ардагер параспортшы, екі дүркін Азия чемпионы Құбайдолла Хамзаұлы бұл 90 шақырымдық жаяу марафонды алты күн ішінде бағындырған екен. Осылайша салауатты өмір салты мен рухани құндылықты ұштастырған аға буын өкілі жастарға үлкен үлгі көрсетті. Күн сайын 15 шақырым жүрген спортшы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қарымды қаламгер Қадыр ақынға деген құрметін, оның шығармашылығына деген қызығушылығын осылайша дәлелдеді.
Бұған дейін Құбайдолла ата Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығының құрметіне де осындай тарту жасап, 80 шақырымдық жолды жаяу еңсеріпті. Тәжірибелі марафоншы тірек-қимыл аппараты зақымдалған жандар арасындағы пара пауэрлифтингтен 2004 жылы Үндістанда, ал 2006 жылы Филиппинде Азия чемпионы атанған. Екі дүркін Азияның чемпионы атанған Құбайдолла Хасанов жасының егде тартқанына қарамастан белсенділік танытып, облысымызда мүгедектер спортын дамытуға өзінің үлесін қосып келеді.
– Мен жаяу жүру барысында қаланың ішіндегі Жеңіс алаңына, Мәншүк Мәметова алаңына барып, Отан үшін от кешкен бабалардың рухына тағзым еттім. Осы марафонды ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің мерейтойына арнадым. Осы алты күннің ішінде менің жанымда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының өкілдері Қайырбек Рамазанұлы мен Нұрлан Казимов болып, жаяу жүргіншілер жолында келеңсіз жағдайларға ұрынып қалмауымды қадағалады. Енді алдағы уақытта өз картиналарымнан жеке көрме ұйымдастырғым келеді, – деді пара-
спортшы ардагер.