Абай облысында автомобиль жолдарын қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жалпы ұзындығы 584 шақырым жолда қайта жаңарту қолға алынса, 250 шақырым жолда орташа жөндеу жасалып жатыр.
Әсіресе жылдар бойы қараусыз қалып, сапасы нашарлаған тас жолдар ретке келтірілуде. Жақында «ҚазАвтоЖол» мамандары орташа жөндеуден өткен «Өскемен – Семей» бағытының бір бөлігін пайдалануға берді. Бұл жол Абай облысы Шығыс Қазақстаннан бөлінгелі тиісті деңгейде жөнделмей келген болатын. Қазір республикалық маңызы бар трассамен тәулігіне 6 мыңнан астам көлік қатынайды. Жөндеу жұмыстары алдағы жылы да жалғасады.
«Қазірдің өзінде Көкпектіден Майқапшағайға дейінгі бағыт толық қосылды. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады. Ал келесі жылы 522 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде «Өскемен – Семей» бағыты толықтай орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Ресей шекарасына шығатын екі учаскеде жұмыстар жүргізілмек», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының директоры Айбек Аманбеков.
Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы құрылысы созылып кеткен «Қалбатау – Майқапшағай» күре жолында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.
Қоғам белсендісі Ақнұр Қайратқызы да жолдардың сапасына ерекше мән беріліп жатқанын атап өтті:
«Соңғы екі жылдың көлемінде, облыс құрылғаннан бері жолдардың сапасына жіті назар аударылуда. Тұрғындар тарапынан да бақылау бар. Біз ең алдымен халықтың пікіріне құлақ асамыз. Жөнделген жолдар жұртшылықтың игілігіне қызмет етіп жатқаны қуантады», – деді ол.
Қолданысқа беріліп жатқан тас жолдардың сапасы қоғам белсенділері мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандарының қатаң бақылауында. Мамандар жыл басынан бері 200-ден астам тексеріс жүргізіп, жол құрылысына пайдаланылған материалдардан 1 мыңға жуық сынама алған.