Ақтөбе облысында өткен «Айбын – 2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жиынында Абай облысының жас сарбаздары топ жарды. Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан бұл дәстүрлі жиын биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Байқауға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жас қатысты. 50-ден астам команда әскери, интеллектуалдық және шығармашылық бағыттар бойынша бақ сынады. Бұл – болашақ сарбаздардың жігерін шыңдайтын, патриоттық тәрбиені тереңдететін ерекше алаң.
Абай облысы атынан қатысқан командалар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-интернатының командасы республикалық әскери мектептер арасында қатарынан төртінші жыл Гран-приді жеңіп алды. Олар «Айбын дарыны», «Smart Sarbaz» және автомат бөлшектеу сайыстарында 1-орын, сондай-ақ бірқатар спорттық және шығармашылық бағыттарда жүлделі орындар еншіледі.
Сонымен қатар, өңірдің «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы да жалпыкомандалық есепте 1-орын алып, «Smart Sarbaz» номинациясында жеңімпаз атанды. Ал «Жас барлаушы» командасы турникке тартылудан 2-орынды иеленді.
Абай облысының командалары көрсеткен бұл нәтижелер – өңірде әскери-патриоттық тәрбие жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.