Агроөнеркәсіптің аршынды қадамы

Агроөнеркәсіптің аршынды   қадамы

2026 жылғы 24 шілдеде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі шаруашылық басшыларымен кеңейтілген кездесу өткізді. Басқосуға «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ өкілдері, салалық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ауылшаруашылығы құрылымдарының жетекшілері қатысты. Жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі, инвестициялық жобалар және саладағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Алматы облысы ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша республикада екінші орында тұр. Елімізде өндірілетін ауылшаруашылығы өнімінің 12,2 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі.

Өңірдің азық-түлік өндірісі де тұрақты өсім көрсетуде. Биыл тамақ өнеркәсібінде 284,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 19,1 пайызға артты. Ал азық-түлік экспорты жылдың алғашқы бес айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар салаға тартылған инвестиция көлемі екі есеге көбейіп, ауылшаруашылығының инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетті.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2022 жылдан бері облыста жалпы көлемі 1 млн 270 мың гектар пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген ауылшаруашылығы жерлері анықталып, оның 563 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.

Су ресурстарын үнемдеу ісінде де нақты нәтижелер бар. Бүгінде облыстың 92,1 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар 101,6 пайызға орындалған. Бұл технологиялар жылына 90 млн текше метрге дейін суды үнемдеуге мүмкіндік беріп, ауылшаруашылығы өнімін қосымша 265 мың тоннаға дейін арттыруға жол ашады. Биыл егіс алқабы 9 мың гектарға ұлғайып, жалпы 438 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары себілді.

Мал шаруашылығы саласы да тұрақты дамып келеді. Алматы облысы құс саны бойынша республикада екінші, ал ұсақ мал басы бойынша үшінші орында. Қазақстанда өндірілетін құс етінің 27 пайыздан астамы осы өңірде өндіріледі. Биыл мал басы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 4,8 пайызға артқан. Сонымен қатар 2026-2027 жылдары облыста 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымын салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай өңір ветеринариялық инфрақұрылыммен толық қамтылмақ.

Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. Биыл жергілікті бюджеттен субсидиялауға 39,2 млрд теңге бөлініп, оның 29,8 млрд теңгесі шаруашылықтарға бағытталған.

Балық шаруашылығы да өңірдің маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Алматы облысында жұмыс істейтін «Балық мектебі» білім беру және тәжірибе алмасу орталығында соңғы бес жыл ішінде еліміздің әр өңірінен келген 300-ден астам азамат оқытылды. Оның ішінде 15 түлек облыста жеке кәсібін ашқан. Соның нәтижесінде балық өндірісі 29 пайызға, экспорт көлемі 27 пайызға өсті. Қазіргі таңда облыста өндірілген өнім Дания, Нидерланд және Польшаға экспортталуда. Сонымен қатар биыл жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Өз сөзінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталып, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ветеринария қызметін жетілдіру, техникалық паркті жаңарту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және мал тұқымын асылдандыру бағыттарының маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, ауылшаруашылығында еңбек етіп, нақты жобаларды жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау тетіктері қарастырылған.

Кездесу соңында шаруашылық басшылары өндірісті цифрландыру, қаржыландыру тетіктері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, электр энергиясы мен газ тарифтеріне қатысты өз сауалдарын қойып, жауапты сала мамандарынан жан-жақты түсіндірме алды.

Өңірдегі аграрлық саясаттың жүйелі жүзеге асуы бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Соның айқын дәлелі ретінде Алматы облысында күздік дақылдарды жинау науқаны басталды. Мамандардың бағалауынша, биыл қолайлы ауа райы, агротехникалық талаптардың толық сақталуы және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі нәтижесінде күздік егіннен мол өнім күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы басқармасы егін орағы жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, науқанның уақытылы әрі ысырапсыз аяқталуын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Заманауи техника мен науқан жұмысының тиімді ұйымдастырылуы егіннің белгіленген мерзімде аяқталып, облыс диқандарының маусым бойғы еңбегі жоғары нәтижемен қорытындыланады деген сенім мол. Жалпы, Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына серпін беріп, тек өңірдің емес бүтін елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын одан әрі арттырды.

 

Әсем ФАЗЫЛОВА, 

Алматы облысы 

 

30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26654
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26087
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43479
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39258
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43883