Әкім егіс алқаптарын аралап жүр

 Әкім егіс алқаптарын аралап жүр

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі ірі көпсалалы ауылшаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Журавлевка-1» ЖШС-нің егіс алқаптарындағы орақ науқанының барысымен танысты. Шаруашылық ауқымды егіншілікті, техникалық паркті жаңартуды, заманауи технологияларды енгізуді және жұмысшылар үшін тұрақты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді ұштастыра отырып, заманауи аграрлық өндірісті дамытудың кешенді тәсілін көрсетіп отыр.

Шаруашылық дәнді және дәнді-бұршақты, майлы, жемшөп және көкөніс дақылдарын өндіруге маманданған. Сонымен қатар мал шаруашылығын, оның ішінде қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын асылдандыру бағытындағы жұмыстарды дамытып келеді. Кәсіпорынның жалпы жер қоры 169 мың гектарды құрайды, оның 134 мың гектары – егістік алқаптар. Жер учаскелері Бұланды және Бурабай аудандарының аумағында орналасқан.

Кездесу барысында заманауи агротехнологияларды енгізу, соның ішінде майлы дақылдарды жинауды ұйымдастыру тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы заманауи жоғары өнімді ауылшаруашылығы техникасы пайдаланылатын рапс жинау барысымен танысты. Жалпы бүгінгі таңда шамамен 30 мың гектар алқап жиналып, орташа өнімділік гектарына 18 центнерді құрап отыр.

Кәсіпорынның бас директоры Арман Құдайбергенов:

– Майлы дақылдар есебінен егіс алқаптарын әртараптандыру шаруашылыққа тек экономикалық тиімділік беріп қана қоймайды. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдың әлеуметтік саласын дамытуға, мал шаруашылығы үшін жемшөп базасын қалыптастыруға, сондай-ақ өндірістік және тұрмыстық қажеттіліктерге баламалы экологиялық таза отын алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, зығыр сабаны астық кептіргіштер мен қазандықтарға отын ретінде пайдаланылады. Қауыз құс фабрикаларына өткізіледі және малға төсеніш ретінде қолданылады. Алдағы уақытта оны жылыту мақсатында кеңінен пайдалану жоспарлануда.

Кәсіпорын заманауи үлгідегі электроникалармен қамтамасыз етілген. Технологиялық операциялардың дәл орындалуын қамтамасыз ету, егістіктер мен техниканың жағдайын бақылау, ресурстарды тиімді пайдалануды оңтайландыру және объективті деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін шаруашылықта цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, GPS-навигация және автоматты басқару жүйелері, егістіктерді спутниктік мониторингтеу, агродрондар, автоматты метеостанциялар және басқа да заманауи құралдар енгізілген.

Шаруашылықта еңбек нәтижесіне тікелей байланысты еңбекақы төлеу жүйесі де енгізілген. Бұл еңбек өнімділігін 30%-ға дейін арттырып, қызметкерлердің түпкі нәтижеге деген қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде кәсіпорындағы орташа айлық жалақы шамамен 589 мың теңгені құрады» – деп, өңір басшысына таныстырды.

Кәсіпорынның өндіріс ошақтары, егін орағының жай-күйімен танысқан әкім: 

– «Журавлевка-1» ЖШС ауылшаруашылығы өндірісін жүргізуге ғылыми негізделген әрі жүйелі тәсіл қалыптастырып, мемлекеттік қолдау шараларын мақсатты әрі тиімді пайдаланып келеді. Сауатты жоспарлау, заманауи технологияларды енгізу және ресурстарды ұтымды пайдалану нәтижесінде шаруашылық тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізуде. Сонымен қатар кәсіпорын әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөліп, ауылдық аумақтарды дамытуға үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп отыр», – деп,  сөзін қорытындылады.  

Осылайша, «Журавлевка-1» ЖШС-нің бүгінгі жетістігі – өндірісті заманауи технологиялармен ұштастырып, еңбекке ынталандыруды және әлеуметтік жауапкершілікті қатар алып жүрудің нәтижесі. Кәсіпорынның тұрақты дамуы ауылшаруашылығы өндірісінің әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын сақтауға және ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп келеді. Мұндай жүйелі жұмыс өңірдегі аграрлық саланың орнықты дамуына негіз болары сөзсіз.

 

Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы
27.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰР АТАҚҚА ЕМЕС, ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ БОЛҒАЙ!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - 26.08.2026 243

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27275
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26783
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44110
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39864
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44438