Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылынан шыққан қылқалам шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Әлем халықтарының өнері» халықаралық қауымдастығының бейнелеу өнерінің академигі Мұхаммед-Омар Паншаевтың есімі Қазақстанда ғана емес, өзге мемлекеттерде де кеңінен танымал. Оның қайталанбас туындылары жұрттың жүрегін бірден баурап алады. Ол бейнелеген әрбір кенепке туған жерге деген сүйіспеншілік сіңген.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін суретшінің туындылары бір-біріне ұқсамайды. Қырық жылдық тәжірибесі бар өнер иесі шығармашылық жолында биіктен көрінуін ұстаздардан алған өнегесінің арқасында деп біледі. Сонымен бірге ол кеңестік көркемсурет мектебі бүгінде әлемдегі ең үздік мектеп болып қала береді дейді. Станоктық кескіндемені оқыған суретші бұл жанрды бейнелеу өнерінің ең шыңы деп бағалайды.
Мұхаммед-Омардың әкесі көп жыл бұрын ұлына өзі туып-өскен жердің, сол маңайдағы адамдардың сұлулығын бейнелеуге кеңес берген. Бұл оның көп жылдар бойы туындыларының негізгі бағыты болды. Қылқалам шеберінің шығармалары өмірінің көп бөлігін өткізген жерге деген сүйіспеншілікке толы. Бұл «Менің балалық шағым», «Шуақты аула», «Ана» және тағы басқа да картиналардан анық байқалады.
«КСРО Суретшілер одағының мүшесі» деген билетті жас кезінде-ақ қолына ұстаған талант иесі Жалпақтөбе ауылында 1957 жылы дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң 1972-1976 жылдары Чуйков атындағы Бішкек мемлекеттік көркемсурет училищесінде оқыды. Мұхаммед-Омар Бішкекте оқып жүрген кезінен бастап-ақ республикалық, халықаралық көрмелерге өз шығармаларын ұсына бастады.
Техникумды бітірер алдында 1976 жылы білім ошағына Ленинград пен Мәскеудің өнер институттарына студенттерді іріктеу жұмыстарын жүргізетін комиссия келеді. Комиссия мүшелерін жас таланттың «Ауылдағы кеш» деп аталатын жұмысы қызықтырды. Содан соң комиссия мүшелері басқа да картиналарын көруді өтінеді. Өкініштісі сол, өнерлі студенттің өзге жұмыстарының бәрі ауылында, яғни Жалпақтөбеде қалған.
Десе де суретші мұндай мүмкіндікті жіберіп алғысы келмеді. «Қалайда олардың соңынан еруім керек» деп шешеді. Комиссия мүшелері бұған Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік өнер институтына түсуге емтихан тапсыруға ұсыныс жасайды. Кейіпкеріміз көп ойланып жатпастан Мәскеуге келіп, институтқа құжаттарын тапсырады. Бір орынға 200 талапкерден таласқан сынақтан Мұхаммед-Омар сүрінбей өтеді. Аталмыш оқу орнын Ресей халық суретшісі В.Цыплаковтың класы бойынша 1982 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Бұл өнер институты оның шығармашылық жолында маңызды рөл атқарған. Шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, оларға бағыт-бағдар көрсетіп, таланттарының ашылуына жол ашқан тамаша сурет шеберлерімен танысу бақытына ие болды. Тәлімгерлерінің арқасында болашағына пайдалы болатын орасан зор білім алды. Мұнан соң суретшілер Г.Әйтиев пен Т.Садықовтың жетекшілігімен КСРО Көркемсурет академиясының кескіндеме шығармашылық шеберханасының аспирантурасында оқып шығады.
– Зымыраған уақыт қас қағым сәттей өтіп жатыр. Менің алғашқы кәсіби суретім 1971 жылы салынған. Қарахан кесенесінің алдында қолым дірілдеп, көне ескерткіштің сұлбасын сызып тұрғаным есімде. Ал қасымда алғашқы ұстазым Владимир Горбанев мені жіті бақылап жүрді. Мен, өнер мектебінің 14 жасар студенті тарихи маңызы бар кесенені үлкен құрметпен, қателіксіз салуға барынша тырыстым. Бірақ ұстазымның көңілі толды ма, жоқ па, түсіне алмадым. Себебі суретімді көрген оның жүзінен ешқандай эмоция байқай алмадым. Десе де сол суретім сәтті шықты. Содан кейін мұғалімім менің алғашқы жеке көрмемді ұйымдастырып берді. Ол кезде 15 жаста едім.
Бала кезімізде достарымызбен шалғында серуендегенді жақсы көретінбіз. Неге екені белгісіз, маған гүлдер, ағаштар, бақбақ гүлдері, жасыл кілем секілді шөптер, жәндіктер ұнайтын. Кейде мен көбелекті ұстап алып, оған сүйсініп ұзақ қарап отыратынмын. Суретші боламын деген шешімді бала күнімде қабылдағанмын.
Ауылдағы әкемнің шаңырағын жиі еске аламын. Көз алдыма елестей береді. Осы естеліктерден берекелі тыныштықты, сөзбен айтып жеткізе алмас сезімді, шынайылықты сезінемін. Бұл естеліктер жанымды жылытады және шығармашылық шабыт береді, – дейді суретші.
Қылқалам шеберінің туындылары ТМД елдерінің барлық мұражайларында қойылған. Оның жеке көрмелері Алматыда, Мәскеуде, Қытайда, Тунисте, Сауд Арабиясында, Иранда өткен. Сонымен қатар Шэньси провинциясы үкіметінің бастамасымен және қытайлық кәсіпкерлердің қолдауымен Сиань қаласында суретшінің шығармашылығына арналған фотоальбом жарық көрді. Оның жеке көрмесі де сол қалада өтті. Қытай елінде мұнан бөлек тағы бір альбом жарыққа шыққан. Ол альбомдағы суретшінің туындыларында қазақ ауылының тұрмыс салты мен өмірі, еліміздің табиғаты бейнеленген. Төрт миллион данамен шыққан альбом толығымен тегін таратылды. Бұл «қытайлықтар біздің мәдениетімізді танып-білсін» деген ниетпен жасалған қадам еді.
Сондай-ақ суретшінің шығармалары Қырғыз Республикасының бейнелеу өнерінің алтын қорына енді. Бұл – өнер иесі үшін ең жоғары баға. Себебі Қырғызстан әлем бойынша «сурет мектебі» ең мықты елдердің қатарында.
Адам болған соң көңіл күй тұрақты болмайтыны белгілі. Кейде шағармашылық адамдарының бірнеше уақытқа өнерден алшақтап қалатын, шығармашылық тоқырауға үшырайтын кездері болады. Бірақ М.Паншаевтың шығармашылық жолында сурет салуға деген құштарлығы әлсіреген кезі болмапты. Демек, осы кезге дейін қылқалам шеберінің шабыты сарқылмаған. Бұл жөнінде ол: «Өзімді шығармашылықсыз елестете алмаймын», дейді.
Бүгінде қалада жүрсе де өмірінің көп бөлігін Жалпақтөбе ауылында өткізген ол өзін ауылдықпын деп есептейді. Содан да болар, суретшінің шығармалары көбіне ауыл тіршілігіне, туған жерінің әсем табиғатына арналған. Ол Мәскеуде оқып жүргенінде бала кезінен санасында қалып қойған көріністерді жиі жазып тұрған. Суретшінің туындылары студент кездің өзінде-ақ жоғары бағаланып жүрген. Мәселен, Мәскеуде оқып жүрген кезінде ауылдың иісі аңқыған суреттері «Манеж» орталық көрме залында өткен. Бүкілодақтық көрмеде еліміздің жас суретшілерінің бес мыңнан астам жұмыстары қойылған экспозицияны ашқан. Аталған көрмеге автордың «Дүнген ауласы» атты шығармалар топтамасы кірген. Сол жолы мұның туындыларына тәнті болған танымал суретшілер авторға дәл осы тақырыптан, яғни ауыл көріністерін бейнелеуден алыстамауға кеңес береді. Өнер иесі мықтыларлың сол сөзінің дұрыстығына уақыт өткен сайын көз жеткізіп келеді. «Менің бағымды ашқан ауылдың табиғаты, ауылдың топырағы, ауылдың ауасы!» деп тебіренеді қылқалам шебері.
Бейнелеу
өнері – адам жанының, рухының тәрбиешісі. Әлем мойындаған өнер иесінің айтуынша, суретші өз туындыларын танымал болу, ақша табу үшін салмауы керек. Әр сурет туындысы жан тебіренісінен, жүректің толғанысынан туындауы тиіс. Әр картинаның өз оқиғасы, шығу тарихы болуы шарт. Сонда ғана көрермен суретшінің негізгі ойын ұғына алады.
Иә, рас, Арбаттарда, галереяларда тақырыбы да, бояуы да «Мені сатып ал! Қараңдаршы, мен қандай әдемімін!» деп айқайлап тұрған картиналар бар: Алайда мұндай суреттердің көбі шығармашылықтың коммерциялық бағыты. Қазір компьютерлік технологияның қарқынмен дамуына байланысты «сурет салуды үйренудің қажеті жоқ» деп санайтындар бар. Дегенмен бұрын да, қазір де Мұхаммед-Омар Сализұлы секілді қайталанбас суретшілер жасаған кенептер көбірек бағаланған, бағалана да береді. Қалай болғанда да технологиялық құрылғы қайталанбас шабытты, рухани, адами шеберлікті, жанның қалауын көшіріп бере алмайды.
Қылқаламсыз өмір сүре алмайтын суретші әлі де болса өзінің ең керемет картинасын жасауды армандайды. Қытайдың Ланчжоу қаласындағы Солтүстік-Батыс ұлттық университетінде төрт жыл бойы кескіндемеден сабақ беріп, екі жыл бұрын елге оралған ол қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде сурет пәнінен сабақ беріп жүр.
– Бір өкініштісі, сурет факультетіне шығармашылық тұрғыдан өте әлсіз жігіттер келеді. Бірақ бұл олардың кінәсі емес дер едім. Мектеп бағдарламасында бейнелеу өнері мен сызу пәніне өте аз көңіл бөлінеді. Қала балалары да, әсіресе ауыл балалары тегін көркем студиялар мен үйірмелерге бара бермейді. Мен шәкірттеріме осы өнердің қыр-сырын үйрету үшін барымды саламын. Олар осы оқу қабырғасынан алған білімдерін диплом алғаннан кейін шәкірттеріне береді деп сенемін, – дейді ол.
Мұхаммед-Омар Сализұлы төрт баланың әкесі. Үлкен ұлын өзі Тараз қалалық көркемсурет училищесінде мұғалім болып жүргенінде сурет салуға баулыған. Ол сурет салуды ыждағаттылықпен меңгерді. Жақсы туындылары бар. Бірақ ұлы кейінірек газ саласында еңбек етуді қалап, қазір сол саланың кәсіби маманына айналды. Әкесі ұлының суретші болмаса да өмірден өз жолын тапқанын мақтан тұтады. Ал өзге балалары шығармашылықтан алшақ. Әрқайсысы әр саланы таңдаған.
Қылқалам шебері бүгінгі қоғамда шығармашылық пен мәдениетке өте аз көңіл бөлінетініне алаңдайды. Оның айтуынша, адам бойындағы көркемдік талғамды бала кезінен тәрбиелеу керек. Балаға жастайынан ұлы күйшілер, әншілер, жазушылар, өнер адамдары туралы жиі айтып отыру керек. Суретші қоғамның құнсыз дүниеге құмартып бара жатқанына қынжылыс білдірді.
Армансыз адам болмайды. Кейіпкеріміздің де көкейде жүрген арманы бар. Оқырмандарымыз әлем таныған суретшінің қандай қалауы болуы мүмкін деген ойға қалған болар. Қылқаламшы «Аты жаман соғыс әлемде тоқтап, бейбітшілік орнаса, шартараптағы барлық суретшілер әлемдік деңгейдегі көрмелер ұйымдастырса, өнер, өнер иелері лайықты бағаланса» деп армандайды.
Жақында Мұхамет-Омар Паншаев туған ауылы Жалпақтөбеде жеке көрмесін өткізді. Автор көрермендерге 35-ке жуық туындысын, оның ішінде 1970 жылдары салған алғашқы миниатюралық эскиздерін, еш жерге қойылмаған ең жаңа картиналарын, шығармашылық өміріндегі елеулі оқиғалардың фотосуреттерін ұсынды.
Суретші дүнген этносының шығу тегі мен Ұлы Жібек жолы тақырыптарына үлкен мән береді. Оның кенептерінде шөл мен көне қалалардың фонында қытайлық аруларық мен араб жауынгерлері, көшпелілер мен шопандар, жалғыз түйе және тұтас керуендер бейнеленген. Көрмеге туындылардың ішінде «Қойшы», «Масанчиден шыққан дүнген әйелі», «Дервиш», «Ежелгі қала», «Түйе мінген шопан» картиналары қойылған. Оның көптеген туындылары бүгінде шетелдік музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Суретші қазір үш полотномен айналысуда.
Туған ауылында өткен көрмені суретші өзі білім алған В.Чкалов атындағы орта мектептің ұстаздарының ұсынысы бойынша ұйымдастырды. Атақты жерлесінің жұмысымен танысуға жергілікті тұрғындар үлкен ықыласпен келді. Әсіресе жас ұрпақ өкілдері қатты қызығушылық танытты. Айта кетейік, ауыл жастары танымал суретшіден тегін сабақ ала алатын мүмкіндікке ие болған. М.Паншаевтың өз үйінің жанынан ашқан шағын студияда жергілікті мектеп оқушылары бейнелеу өнерін
үйреніп жүр.
Қанша танымал болса да өзін халқынан төмен санайтын суретші жиі қайырымдылық жасап отыруға тырысады. Бірнеше жыл бұрын Алматыда қайырымдылық іс-шарасы өтіп, одан түскен барлық қаражат емделуге мұқтаж балаларға көмек көрсетуге жұмсалды. Қайырымдылық кешінде аукцион ұйымдастырылып, онда суретшінің «Хан-Тәңірі» картинасы 1,5 миллион теңгеге сатылды. Мұнан бөлек ел тәуелсіздігінің таңы атқан шақта суретші «Пайғамбар» картинасынан түскен барлық қаражатты өзі туып-өскен Жалпақтөбе ауылындағы мешіт құрылысына аударған. Бұл ісінен суретшінің мейірім толы ізгі ниетін ағаруға болады. Ал жүрегі ізгі жаннан барлық жақсы қасиеттер, биік өнер туындылары шыға беретіні анық.