Жуырда Шыршық мемлекеттік педагогика университетінің Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру факультетінде қазақ және өзбек поэзиясының қос жарық жұлдызы – Зульфия Исроилова мен Фариза Оңғарсынова шығармашылығына арналған “Жырдың қос жұлдызы – Зульфияханым мен Фариза” атты әдеби-мәдени кеш өтті. Бұл тағылымды шара тек жыр кеші ғана емес, екі халықтың рухани жақындығын, мәдени үндестігін айшықтайтын маңызды басқосу болды.
Кештің басты мақсаты – жастарға қос ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру, олардың поэзиясындағы адамгершілік, махаббат, нәзіктік пен қайсарлық сынды асыл қасиеттерді дәріптеу, сондай-ақ қазақ-өзбек халықтары арасындағы достықты нығайтуға бағытталғанымен ерекшеленді. Шара барысында көрермендер қос ақынның өмір жолы мен әдебиеттегі орны туралы мағлұмат алып, олардың жүрекке жетер өлеңдерін тыңдады.

Кешті аталмыш факультеттің профессоры Тармиза Хурвалиевна ашып, поэзия әлемінің қос падишалары, олардың туындылары мен шығармашылық жолына тоқталды. Жүргізушілер де Зульфияханым мен Фариза Оңғарсынова шығармашылығындағы үндестікті ерекше атап өтті. Расында да, екі ақынның жырларында әйел тағдыры, өмірдің мәні, махаббат пен адалдық, рухани тазалық терең көрініс тапқан.
Зульфия поэзиясы нәзік лирикасымен, жүрек қылын шертер сыршылдығымен ерекшеленеді. Оның өлеңдері адам жанындағы ең нәзік сезімдерді бейнелеп, оқырманды мейірім мен ізгілікке жетелейді. Ал Фариза Оңғарсынова поэзиясы – қайсар рухтың, батыл ойдың, күрескер мінездің көрінісі. Ол өз шығармаларында әйелдің қоғамдағы орнын, өмірдің қиындықтарына қарсы тұрар күшті жігерді айқын суреттейді. Осылайша, екі ақынның шығармашылығы бірін-бірі толықтырып, поэзия әлемінде ерекше үндестік қалыптастырады.
Кеш барысында студенттер белсенділік танытып, қос ақынның өлеңдерін жатқа оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жастардың сахнадағы шынайы орындауы, олардың поэзияға деген сүйіспеншілігі мен құрметін айқын көрсетті Сонымен қатар, шара аясында әсем әндер шырқалып, ұлттық билер орындалып, домбыраның күмбірлеген үні көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Музыка мен би өнері поэзиямен үйлесім тауып, кештің мазмұнын байыта түсті. Көрермендер тек тыңдаушы ғана емес, белсенді қатысушы ретінде блиц-сұрақтарға жауап берді.

Бұл әдеби кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, ұлтаралық достықтың жарқын үлгісі болды. Қазақ және өзбек тілдерінде қатар жүргізілген бағдарлама екі халықтың мәдениетінің өзара жақындығын, рухани байланысының беріктігін көрсетті. Мұндай шаралар жастарды татулыққа, өзара құрмет пен түсіністікке тәрбиелейді, — дейді университеттің оқытушысы, кешті ұйымдастырған Абсейіт Рүстемов.
“Жырдың қос жұлдызы – Зульфияханым мен Фариза” атты әдеби-мәдени кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге үлкен рухани әсер сыйлады. Зульфияханым мен Фариза Оңғарсынова мұрасы – мәңгілік құндылық, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар асыл қазына екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Айгүл ТЕШЕБАЕВА,
“Нұрлы жолдың” тілшісі.















