«Мектеп – кеме, білім – теңіз» демекші, Оралда жеткен жетістіктері бір төбе қазақ мектептері аз емес. Қаламыздағы осындай іргелі білім ордаларының бірі – ширек ғасырлық тарихы бар №42 «Ақниет» гимназиясының директоры Азима Ғұбашевамен аз-кем сұхбаттасып, білім саласындағы жаңалықтардан және аталмыш оқу ордасының жетістіктерінен хабардар болдық.
– Азима Зиннатқызы, алдымен сәл кейінге шегініс жасасақ. Өзіңіз басшылық ететін №42 «Ақниет» гимназиясы 2023-2024 оқу жылын үлкен жетістікпен қорытындылағанынан хабардармыз. Сол туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– №42 «Ақниет» гимназиясы өткен оқу жылын табысты аяқтады, нақтылап айтсам,112 түлектің 4-еуі «Алтын белгіге», 3-еуі «Ерекше аттестатқа» ие болса, 83-і мемлекеттік грант иегері атанды. Сондай-ақ қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі білім додалары мен зияткерлік, шығармашылық байқауларды айтпағанда, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі оқушылардың жетістіктерімен мақтана аламыз. Айталық, жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық ғылыми жобалар сайысында өлкетану бағыты бойынша 11-сынып оқушылары Әлішер Сафуллин мен Айгерім Ербузова, этномәдениет бағыты бойынша 10-сынып оқушылары Аянат Нұрлан мен Ақбота Мақсот – сертификат, республикалық математикалық «Алтын түлек» сайысында 10-сынып оқушылары Адема Тельманова – І орын, Қарақат Ғаділ – ІІІ орын, 11-сынып оқушылары Даниал Нариков – І орын, Аделя Уфимова – ІІ орын, Салтанат Каренова мен Мақсот Рысбек – ІІІ орын, 2024 жылдың 10-12 наурыз күндері Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша ХІІІ халықаралық зерттеу жобалары байқауында 11-сынып оқушылары Даниал Нариков пен Сабина Тлеуғалиева – күміс жүлде, республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында 4-сынып оқушысы Нұрайна Мұрат ІІІ орын иеленді. Биылғы шілде айында футболдан ұлдар арасында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ұйымдастырған Қазақстан оқушыларының ХІІ «Жазғы гимназиядасына» гимназияның екі бірдей командасы қатысып, 3-4-сынып ұлдар командасы І орынды жеңіп алса, 5-6-сынып ұлдар командасы ІІ орынға ие болды. Сол айда Астана қаласында өткен республикалық көпжанрлы «Дарынды бала» өнер байқауына гимназиямыздың «Ай-тұмар» би ансамблінің жас ерекшеліктері әртүрлі екі тобы қатысып, екеуі де «Гран-при» жүлдесімен оралды. Осындай жетістіктердің нәтижесінде гимназия 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының рейтингісінде І дәрежелі орынға ие болды. Білімді де жан-жақты зияткер оқушыларды дайындауда биіктен көрінген С.Испанова, Р.Темірболат, М.Төлегенова, Т.Хаймуллдин, Д.Қанатбаева, Қ.Тамешова, Қ.Трушева, А.Есжанов, Н.Сатдыкова, Н.Казимова сынды мұғалімдерді де атап өткім келеді.
– Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңындағы Тамыз кеңесі білім саласы қызметкерлеріне қандай жаңа міндеттер жүктеп отыр?
– Биылғы дәстүрлі тамыз шарасы Саммит форматында «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында өтті, шара аясында педагогтердің жасанды интеллектті оқыту үдерісіне енгізу мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне мән берілді. Сондай-ақ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шараларға толықтырулар енгізілді. Жаңа оқу жылында оқушылардың білім сапасын көтеруге күш салумен қатар цифрландыру мен тәрбие құндылықтарын айқындайтын басымдықтарға ерекше мән берілетін болады.
– Бүгінде білім саласының сапасын арттыру жолға қойылып келеді. Осы саланың тәжірибелі маманы ретінде (жас ұрпаққа) сол сапалы білімді игерту үшін қандай басымдықтарға көңіл бөлу қажет деп ойлайсыз?
– Мектептегі білім сапасы оқушыларды дамыту мен олардың мүмкіндіктерін қалыптастырудағы бастапқы фундамент болуы тиіс. Ол үшін келесі басымдықтарға ерекше көңіл бөлген жөн: • Оқушының дүниетанымын, өрісін қалыптастыру, яғни сыни ойлау, аналитикалық қабілеттерді дамыту мен шешімдерді түсіне қабылдауға үйрету; • Әлеуметтік бейімделу мен мамандыққа даярлау; • Кәсіби болашағы үшін бәсекелестікке дайын болуға дағдыландыру; • Эмоционалдық және психологиялық дайындығын қалыптастыру; Тұлғалық және кәсіби дамуда, өмірлік жолы мен оқудағы табыстылығында білімнің маңызды рөл атқаратынын оқушы түсінуі қажет, мұғалім оны үйретуі қажет, ал ата-ана қолдауы қажет.
– №42 «Ақниет» гимназиясының ұстаздары мен оқушылары жаңа оқу жылына дайын ба, алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Жаңа оқу жылын 2300 оқушымен, 188 педагог қызметкермен бастадық. Екі технология және дефектолог маман кабинеттерімен қатар жаңа сынып жиhаздарын, музыкалық және спорттық құрал-жабдықтар сатып алдық. Бастауыш сынып блогын қайтадан жарықтандыру және дәліздерді безендірумен айналыстық. Биыл гимназияның ашылғанына 25 жыл толып отыр, соған байланысты жыл бойы оқушылармен, ардагер-ұстаздармен, педагогтермен, ата-аналармен бірлескен шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз. «Болашаққа – «Ақниетпен»» деген атаумен гимназия гимнін осы датаға арнайы жаздырған болатынбыз. Оның сөзін – ақын, жазушы, Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері Мұнайдар Балмолда, ал әнін әнші, сазгер Ербол Ақбасов жазды. Оқушылардың сапалы білім алуына, жан-жақты толыққанды дамуына іс-шаралар мен қосымша үйірмелер арқылы ерекше көңіл бөлетін боламыз. Жоспарымыз көп, олардың жүзеге асырылуы – алдағы уақыттың еншісінде.
– Елімізде оқу процесін басқаруды цифрландыру жұмыстарына назар аударылуда. Бұл бағытта «Ақ ниет» гимназиясында қандай өзгерістер бар?
– Білім берудегі цифрландырудың бірнеше аспектілері бар. Электронды оқулықтар мен материалдарды, виртуалды зертханалар мен тренажерлерді қолдану, оқыту процесінде интерактивті технологияны кеңінен пайдалану, жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерделеу, бұлттық технологиялар мүмкіндігін енгізу, киберқауіпсіздік және цифрлық сауаттылық курстарын ашу т.б. Білім беруді цифрландыру жаңа мүмкіндіктер ашады, сонымен қатар ішкі инфрақұрылымды жаңарту, педагогтерді оқыту және барлық оқушылар үшін технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі сияқты қиындықтар туғызады. Гимназияда STEM кабинеті ашылып, жаңа роботтар және жыл сайын интерактивті тақталар мен панельдер алынады, әр кабинетте Wi-fi желісі тартылған.
– Өзіңіз білім саласында көптеген жылдар жемісті еңбек етіп, соның ішінде басшылық қызметте де біліктілігіңізбен танылып келесіз. Оның үстіне қалалық мәслихаттың депутатысыз. Білім саласында, қоғамда сізді әлі де толғандыратын қандай мәселелер бар?
– Әрине, берген бағаңызға рақмет! Білім саласында қордаланған мәселелер жетерлік. Орал қаласында үш ауысымдық мектептер әлі де бар. Бұл дегеніміз – жаңа мектептердің қажеттілігі, мектептердің күрделі жөндеулері мардымсыз жүргізілуде, қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары мәселесінің толықтай шешімін таппауы, мектеп аулаларындағы спорттық аулалардың талапқа сай келмеуі т.б. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар мәртебесінің анықталмауы, жастар арасындағы жұмыссыздық, құқықбұзушылық сынды мәселелер де толғандырады. Өз округіме қатысты жарықтандыру, абаттандыру, жол және қатты қалдықтар контейнерлеріне қатысты мәселелерді үнемі сессияларда көтеріп отырамын және шешімі табылса екен деп еңбек етемін.