Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдегі халықты әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндады. Ол әкімдік пен тиісті басқармалар халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бастамаларды кезең-кезеңімен іске асырып жатқанын айтты.
Бүгінде облыстағы жұмыс күші 860 мыңнан астам адамды құрайды. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны 380 мыңға жуық. Жұмыссыздар саны – 41 569 адам. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 7,8 пайызды құрап отыр. Жалпы, тұрғындарды жұмыспен қамту саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Биылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл – еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш, республика аумағында құрылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрайды.
Облыста жұмыс орындарын құру 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында 22 600-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 46 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 57300-ге жуық азамат жұмысқа тұрмақ. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында осы жылдың 7 айы ішінде 74 630 адам жұмыспен қамтылды. Биыл 32 465 адамды уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда 24 571 азамат жұмысқа орналасты. Одан бөлек, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қаралып, 1800-ге жуық азамат мемлекеттік грант алды.
Кедейлік деңгейін төмендету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 55252 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Облыста кедейлік деңгейі 2,6 пайыз, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға төмендеп отыр. Ал АӘК алушылардың саны 39 498 адамға, яғни 41,7 пайызға төмендеді. 2025 жылға АӘК алушылар қатарын 76,2 мың адаммен шектеу және кедейшілік деңгейін 3,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған.