АЛҒАШ РЕТ «АУЫЛ LIFE» ЖОБАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

АЛҒАШ РЕТ «АУЫЛ LIFE»  ЖОБАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Ақтөбе облысының Қобда ауданында алғаш рет облыстық деңгейде «Ауыл Life» атты жобасы ұйымдастырылды. Бұл жоба Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Қобда ауданы әкімдігінің қолдауымен биылғы «Жұмысшы жастар жылы» аясында жүзеге асырылып отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдың шынайы өмірін жастарға таныстыру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясындағы бастамаларды кеңінен насихаттау және жастардың ауылға тұрақты қоныстануына септігін тигізу. Бұл бастама ауыл жастарына еңбекке баулу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, туған өлкенің тарихы мен салт-дәстүрін дәріптеу бағытында ұйымдастырылған.

– «Ауыл Life» жобасы барысында жастар ауылшаруашылығының күнделікті тіршілігімен танысты. Олар қой қырқу, шөп жинау, сүт өнімдерін әзірлеу, таба нан пісіру сияқты ауылдың дәстүрлі жұмыстарын үйренді. Сонымен қатар ұлттық қолөнер сабақтарына қатысып, қамшы өру, ұршық иіру, құмыра жасау сияқты шеберліктерді меңгерді. Жобаға қатысушылар тарихи-мәдени орындарға –  Әлия Молдағұлованың музей-үйі, Абат-Байтақ кесенесі, Қобыланды батыр мемориалдық кешені сияқты маңызды нысандарға барды. Осындай іс-шаралар арқылы жастар ауылдың рухани-мәдени мұрасымен танысып, ұлттық ойындар мен мәдени кештерге белсенді қатысы. 

Айта кетерлігі, жоба тек ауыл өмірін көрсетуге ғана бағытталмаған. Бұл – жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне жол ашып, туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыруға арналған маңызды бастама. «Ауыл Life» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – дейді Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.  

Үш күнге жоспарланған «Ауыл Life» жобасының алғашқы күні жастар Қобда ауданына сапар шегіп, Қобда көпсалалы колледжіне орналасты. Бір-бірімен танысып, топтарға бөлінген жастар бағдарламамен танысып, Қобда ауданы орталығындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған саябақ пен аудандық музейге экскурсия жасады. Психологиялық тренингтерден кейін қатысушылар Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне жол тартып, ұлттық ойындар ойнап, бақ сынасты. Күн ашық аспан астындағы кино көрсетілімімен аяқталды. 

Келесі күн ауыл еңбегімен танысуға арналды. Жоба қатысушылары таңмен таласа аянып, сиыр сауып, мал қораларды тазартты. Жігіттер жағы білегін түріп жіберіп, қой қырқу, шөп жинау секілді ауылшаруашылығы жұмыстарын атқарса, қыздар алжапқыш тағып, тандыр нан пісіру және сүт өнімдерін дайындау сабақтарына қатысты. Күннің екінші жартысында ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, музейлер мен тарихи нысандарға экскурсиялар жүргізілді.  Кеште тимбилдинг және концерттік бағдарламамен жалғасты. 

«Дәстүр мен еңбек – ұлттың өзегі» деп аталған үшінші күні жастар мал сою рәсіміне қатысып, қуырдақ, бауырсақ секілді ұлттық тағамдарды дайындады. 

«Ауыл Life» жобасы жастарды ауыл өмірімен таныстырып, оларды еңбекке баулумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Сондай-ақ бұл жоба ауылдың рухани-мәдени мұрасын сақтап, жастарды туған жерге тартудың тиімді жолы деседі ұйымдастырушылар. 

 

М.ТАБЫН, 

Ақтөбе облысы

 

31.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16048
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15910
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31066
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29710
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33278