Ақтөбеде өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – алкогольсіз сусындар өндіретін заманауи зауыт құрылысы басталды.
Жобаны түркиялық «Anadolu Group» холдингі жүзеге асырады. Жаңа зауыт компанияның Қазақстан аумағындағы төртінші өндірістік алаңы болмақ.
Жобаның басталуына арналған салтанатты рәсім болашақ кәсіпорын аумағында өтті. Іс-шара аясында нысан құрылысының іргетасы қаланды.
Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Арман Хасенов, CCI Kazakhstan бас директоры Вели Динчель, сондай-ақ бизнес қауымдастық пен халықаралық серіктестік ұйымдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов жобаның Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөніндегі саясатының нәтижесі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тарту экономикалық өсімнің негізгі факторлары екенін бірнеше рет атап өтті. Жаңа зауыт – осы міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі.
Ақтөбеде салынатын алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыт – өңірге ірі халықаралық инвестордың келуінің айқын көрінісі. Инвестордың Ақтөбені таңдауының бірнеше маңызды себебі бар. Олар – өңірдің тиімді географиялық орналасуы, жоғары логистикалық және транзиттік әлеуеті, экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігі, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ахуал.
Облыс әкімдігі инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеп келеді. Жер телімін бөлуден бастап қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және кәсіпорын толық іске қосылғанға дейін барлық кезеңде қолдау көрсетіледі.
Жоба үшін көлемі 10 гектар жер телімі бөлінді. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде, – деді ол.
Өндірісте заманауи технологиялар қолданылып, халықаралық экологиялық стандарттар сақталады. Компания өкілдерінің мәліметінше, жоба қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған шешімдерді қамтиды.
Жобаны жүзеге асыратын Түркияның жетекші инвестициялық холдингтерінің бірі – «Anadolu Group» компаниясы әлемнің 20-дан астам елінде жұмыс істейді, құрамындағы 90-нан астам компанияда 100 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Ақтөбеде іске асырылатын жобаның жалпы инвестициялық құны – 42 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 120-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Зауыт іске қосылғанда жылына 300 млн литр өнім шығарады.
Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, жаңа зауыт өңір экономикасына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.
– Кәсіпорында жұмыс істейтін мамандардың басым бөлігі Ақтөбе облысының тұрғындары болады деп жоспарланып отыр. Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждер қажетті кадрлық әлеуетті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысына тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 500 млн АҚШ долларынан асты. Жаңа бастау алған жоба – өңірге шетелдік капитал тартудың және инвестициялық тартымдылықтың нақты нәтижесі. Инвесторларға Ақтөбе облысына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіреміз және бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады деп сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, жоба Қазақстан Үкіметінің және елдегі стратегиялық инвестициялық бастамаларды сүйемелдейтін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұған дейін жобаға қатысты тиісті келісімдер мен меморандумдар Kazakhstan Global Investment Roundtable халықаралық инвестициялық форумы мен Қазақстан – Түркия бизнес-форумы аясында қол қойылған.
Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған. Жаңа өндірісте заманауи технологиялық шешімдер мен экологиялық стандарттар енгізіледі. Бұл бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ғана емес, сонымен қатар білікті кадрларды даярлауға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Ақтөбе облысы – инвесторлар үшін елдегі ең тартымды өңірлердің бірі. Мұнда өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнес үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға, экономиканың өсуіне және халықты жұмыспен қамтуды арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.
М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы












