Алматы – Астана тас жолының құрылысы аяқталуға таяу

Алматы – Астана тас жолының құрылысы аяқталуға таяу

Елімізде жыл өткен сайын көлік-логистика саласын дамыту мәселесінің маңыздылығы артып келе жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы нақты тапсырмалар беріп, айқын мақсаттар қойып отыр. Президенттің 2023 жылы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», –  деген еді. Әрине, Президент ұзақ болашақ тұрғысынан маңызды жобаларды ескертіп отыр. Кезекті Жолдауында көлік-логистика саласын дамыту мәселелерінде Қасым-Жомарт Кемелұлы теңіз, құрлық жолдары, теміржол саласына қатысты көптеген маңызды мәселелерді ортаға қойған болатын. Соның ішінде автомобиль жолдары да назардан тыс қалған жоқ.

«Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.

Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда Президент бастамасына сәйкес әрбір салада қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Алматы – Астана арасындағы күре жолды қайта жаңғырту, облыстар арасындағы маңызы бар жолдарды жасау сынды көптеген шаралар қолға алынды. Мұнда аймақ әкімшіліктеріне маңызды міндеттер жүктеліп отыр. 

Жақында ҚР Көлік министрлігі ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Астана – Алматы тас жолында реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге барып қайтқан еді. Бұл туралы  ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Комитет төрағасы Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал және Күрті – Бурылбайтал учаскелеріне инспекция жүргізді. Аталған жұмыстар барысында мердігер ұйымдардың өкілдерімен және қызметкерлерімен өндірістік кеңестер өткізіліп, жобаның қазіргі жағдайына қатысты маңызды аспектілер талқыланды. Процестің тиімділігін арттыруға және ресурстарды оңтайлы пайдалануға бағытталған шешімдердің бірі – Астана – Алматы автомобиль жолының бойындағы реконструкциялау жұмыстарымен қамтылып жатқан учаскелерінде екі ауысымдық жұмысты енгізу болды.

Сондай-ақ жол төсемін, жол-құрылыс техникасының жұмысын, реконструкциялау учаскелеріндегі құрылыс материалдарының дайындалуы мен сапасына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жүргізіліп жатқан жұмыс барысында нақты тапсырмалар мен құрылыстың нақты әдістерін қолдану тұжырымдалды. Негізгі мақсат – Астана – Алматы автомобиль жолын реконструкциялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтау. 

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Астана – Алматы тас жолын реконструкциялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға 2100-ден астам техника мен 2000-нан астам адам жұмылдырылған», – делінген таратылған ақпаратта.

Астана – Алматы күре жолының құрылысы 2016 жылы басталған еді. Бастапқы жоспар бойынша төрт жолақты, бірінші санаттағы жол болып салынады делінген болатын. Сол кездегі жоспарда жол құрылысы 2020 жылға дейін аяқталады дегені есімізде. Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Бұл мәселенің нақты себеп-салдарын шағын мақалада тарқатып жазуды мақсат етпедік. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, Президенттің Жолдауындағы: «Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер...» – деген сөйлемдерде көптеген мәселелер қамтылып жатқанын аңғару қиын емес деп ойлаймыз...

 

26.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ҚАЖ департаменті үздіктері марапатталды
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті - 06.05.2024 65
ҚҰНАНБАЙДЫҢ ТӨРТ ҒИБРАТЫ…
Марфуға ШАПИЯН Online Qazaqstan - 06.05.2024 58
«ӘСКЕРГЕ БАРУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫҢ!»
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы - 06.05.2024 63
Көп тыңда. Аз сөйле
(с) Бауыржан Момышұлы - 06.05.2024 41
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 26

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1289
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7335
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11202
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7390
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7541