Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі алғаш рет Румынияда өтетін әлемдік «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалі аясында ұсынылады. Фестивальге әлемнің 28 елінен 90-нан астам шығармашылық ұжым қатысады. Ауқымды театрлық шара 1994 жылдан бері Крайова қаласында өткізіліп келеді. 2026 жылы беделді фестиваль 21-31 мамыр аралығында Крайова қаласының 32 түрлі театр сахнасында өтеді. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестиваль аясында ұсынған спектаклін 28 мамыр күні сағат 19:00-де «Cercul Militar Craiova» мәдени орталығының сахнасында көрсетеді. Алматы қаласының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры осы ауқымды румын фестиваліне қатысатын алғашқы қазақстандық театр болмақ. «The Craiova International Shakespeare Festival» – Крайова қаласында өтетін халықаралық Шекспир фестивалі, ол әлем әдебиетін «Гамлет», «Макбет», «Король Лир», «Отелло», «Ромео мен Джульетта» және басқа да көптеген әйгілі туындылармен байытқан ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің шығармашылығын насихаттауға бағытталған.

2026 жылы фестивальге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Германия, Чехия, Польша, Бельгия, Молдова, Эстония, Венгрия, Австрия, Армения, Аргентина, Украина, Грузия, Үндістан, Қытай, Жапония, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Оңтүстік Корея, Тайвань, Израиль, Румыния және Қазақстан театр ұжымдары қатысады. Крайова қаласындағы Марин Сореску атындағы ұлттық театр бұл фестивальді 1994 жылдан бері өткізіп келеді. Фестивальдің мақсаты – Шекспир шығармаларын заманауи тұрғыда қайта пайымдау, сондай-ақ тәжірибе мен идея алмасуға арналған креативті алаң қалыптастыру. Фестиваль екі жылда бір рет өткізіледі, әрі әр жылы өзіндік ерекше тақырыбы болады. 2026 жылғы фестивальдің тақырыбы – «Will matters». Бұл тіркесті тек «Уильям Шекспир маңызды» деп қана емес, сонымен қатар «Адам рухы, ерік-жігері мен еркіндігі маңызды» деп те түсінуге болады.

Беделді Шекспир фестивалінде Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ересек көрермендерге арналған «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысады. Бұл қойылымның тарихы 2019 жылдан басталады. Дәл сол жылы спектакль театр сахнасында режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен қойылды. Камералық ерекше формат, тірі актерлік ойын мен қуыршақ жүргізудің үйлесімі, қызықты режиссерлік шешімдер, Анна Цойдың жетекшілігіндегі кәсіби хореография, сондай-ақ Юлия Чернованың атмосфералық әрі өзгеше сценографиясы спектакльдің көрермендер мен театр мамандары арасында үлкен табысқа ие болуына ықпал етті. Бұл спектакль Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстанда өткен халықаралық фестивальдерде бас жүлделі орындарды иеленді. 2025 жылы – Алматы қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклі Францияның оңтүстік-шығысындағы Авиньон қаласында өткен «Off Avignon» халықаралық фестиваліне қатысты. Дәл осы фестивальде Шекспир фестивалінің ұйымдастырушылары Қазақстандық театрдың спектаклімен танысып, әртістердің шығармашылық шеберлігін жоғары бағалап, оларды Крайова қаласында өтетін Халықаралық Шекспир фестивалінің 15-ші шығарылымына қатысуға шақырды.

Румыния тұрғындары мен театр сүйер көрермендер Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклін 28 мамыр күні сағат 19:00-де «Cercul Militar Craiova» мәдени орталығының сахнасында тамашалай алады. Спектакль қазақ тілінде ұсынылады, сонымен қатар румын және ағылшын тілдерінде субтитрлермен сүйемелденеді. Билеттер туралы ақпаратты және басқа да қызықты мәліметтерді (http://www.shakespearefestival.online) сайтынан көруге болады.
Дамир Амантай















