Алматыда «Арайлы қала» балет-антиутопиясының премьерасы өтеді

Алматыда «Арайлы қала» балет-антиутопиясының премьерасы өтеді

Егер бір күні адамзат саналы түрде өз еркімен күннен бас тартса не болар еді?

Осы сауалға жауап іздейтін жаңа «Арайлы қала» балет-антиутопиясының премьерасы 23 маусым күні сағат 19:00-де Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында өтеді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театры көрермен назарына бір актілі техногендік антиутопияны ұсынады. Қойылымның қоюшы-хореографы – Лаура Мақан, музыка авторы – Олег Жевлаков. Жобаға жас қазақстандық мамандардан құралған шығармашылық топ қатысқан.

«Арайлы қала» – виртуалды әлем шынайы өмірдің орнын біртіндеп басып, адам жайлылық үшін иллюзияны саналы түрде таңдайтын қоғам туралы спектакль. Мұнда күннің орнын экран, серуеннің орнын VR-симуляция, ал шынайы сезімнің орнын алгоритмдер басады.

Оқиға аптап ыстықтан шаршаған қалада өрбиді. Тұрғындарға күнді жауып, мәңгілік тұтылу орнату ұсынылады. Ыстықтың орнына салқындық, табиғаттың орнына технология, шынайылықтың орнына неон жарығы мен цифрлық бақыт уәде етіледі. Сөйтіп, қала тұрғындары бұл таңдауды өз еркімен қабылдайды.

«Мен үшін ең маңыздысы – келісім. Ешкім күнді күштеп тартып алған жоқ. Адамдар өздері дауыс беріп, тұтылуды таңдады. Бұл спектакль шынайыны ыңғайлыға алмастырудың қалай байқалмай жүзеге асатыны туралы. Таңдаудың жауапкершілігі әрқашан өзімізде», – дейді қоюшы-хореограф Лаура Мақан.

Лаура Мақан – қазақстандық балет мектебінің өкілі, аңызға айналған Булат Аюхановтың шәкірті. Театрда жеті жылдан астам еңбек еткен ол жаңа қойылыммен енді туған театрына қоюшы-хореограф ретінде қайта оралып отыр.

Спектакльде классикалық хореография техногендік эстетикамен, академиялық музыка электронды әуендермен, ал бишілер қозғалысы цифрлық қаланың синтетикалық кеңістігімен тоғысады. Осылайша, «Арайлы қала» академиялық би өнері мен цифрлық дәуір эстетикасын біріктіретін жаңа көркемдік бағытты ұсынады.

Қойылымдағы бейнелер бүгінгі көрерменге жақсы таныс: бабл-ти, рейв, VR-көзілдіріктер, жүгіру жолдары, мәңгі жастық сүзгілері, цифрлық панельдер мен серверлік бөлмелер. Алайда антиутопиялық кеңістікте олардың әрқайсысы жаңа мағынаға ие болады. Бабл-ти – ыңғайлы ләззатқа тәуелділіктің, рейв – ұжымдық ұмытылудың, ал VR табиғатты алмастыруға ұмтылған жасанды әлемнің символына айналады.

Спектакль финалында технология мен табиғаттың тартысы емес, адамның оянуы көрсетіледі. Қала қайтадан күн сәулесін қарсы алып, адамдар көруге, сезінуге, шөп үстінде жалаңаяқ жүруге және аспанға қарауға қайта үйренеді.

«Көрермен залдан шыққан соң қолындағы телефонына қарап тұрып немесе бір шыны бабл-ти ұстап келе жатып, кем дегенде бір рет “Мен мұны өзім таңдадым ба?” деген сұрақ қойса екен деймін. Егер сол сұрақ туындаса, спектакль өз мақсатына жетті деген сөз», – дейді Лаура Мақан.

«Арайлы қала» – болашақ туралы емес, бүгінгі күн туралы қойылым. Жайлы иллюзия мен шынайы өмір арасындағы таңдау туралы әңгіме.

Мүмкін, спектакльден кейін көрермен ұзақ уақыттан соң алғаш рет экраннан көзін көтеріп, күнге қарайтын шығар.

««Арайлы қала» – көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Ол әр адамға өз таңдауын қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді».

«Бәлкім, шынайы болашақ дәл сол сәттен басталатын шығар...»

17.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25875
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25328
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42733
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43128