2026 жылғы 21–24 қазан аралығында Алматы қаласында IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлар фестивалі өтеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өтетін халықаралық өнер додасына 11 елден 14 театр ұжымы қатысады.
Төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальге Қазақстан, Түркия, Ресей, Италия, Франция, Иран, Молдова, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің театр ұжымдары қатысады.
Фестиваль бағдарламасында спектакльдер көрсетілімдерімен қатар, кәсіби шығармашылық кездесулер мен тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шаралар қарастырылған. Халықаралық мәдени жоба дәстүрлі қуыршақ өнерін дамытуға, заманауи сахналық ізденістерді таныстыруға және түрлі елдердің театр мамандары арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

21 қазанда фестивальдің баспасөз конференциясы мен ресми ашылу салтанаты өтеді. Алғашқы күні Иранның Тегеран қаласындағы «Deemak» театры «Маршмэллоу», Түркияның Ыстанбұл қаласынан келген Кемал Фатих Полаттың «Карагөз» театры «Әлем жұлдыздарының шоуы» спектакльдерін ұсынады. Сондай-ақ М. Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклін сахналайды.
22 қазанда Өзбекстанның Ферғана облыстық қуыршақ театры «Чемодан», Молдованың Кишинев қаласындағы «Izvorașul Vesel» қуыршақ театры «Теңбілді ханшайым», Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры «Қағазды жаңбыр» спектакльдерін көрсетеді. Әзірбайжанның Гянджа мемлекеттік қуыршақ театры «Етік киген мысық», Грузияның Озургети қаласындағы Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театры «Ит» спектаклін ұсынады. Осы күні Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының «TAZA.KZ» спектаклі де фестиваль бағдарламасы аясында көрермен назарына ұсынылады.
23 қазанда Италияның Флоренция қаласындағы халықаралық театр орталығы «Жұлдызды жаңбыр» спектаклін көрсетеді. Ресейдің Татарстан Республикасындағы «Экият» Татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Адәмнәр», Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры «Алқызыл гүл», Екатеринбург қаласындағы «Тохот» театры «Аңдар детективі» спектакльдерімен қатысады.
24 қазанда Францияның Париж қаласындағы «Le Soleil des Abysses» театры «Рамаяна» спектаклін, Қостанай облыстық қуыршақ театры «Жындының жазбалары» спектаклін ұсынады. Сонымен қатар режиссер, профессор Құралай Ешмұратованың «Қуыршақ театры: дәстүрден заманауи өнерге дейін» тақырыбындағы шеберлік сағаты ұйымдастырылады.

Фестиваль спектакльдерін отандық және шетелдік театр өнері мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды.
Қазылар алқасының төрағасы – Еркін Жуасбек, театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры.
Қазылар алқасының мүшелері: Меруерт Жақсылықова – театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі; Айсылу Сагитова – театртанушы, театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент, Загир Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының Өнер тарихы және теориясы кафедрасының меңгерушісі; Кубанычбек Адылов – режиссер, актер, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, халықаралық фестивальдердің лауреаты. Қазылар алқасы фестивальге қатысушы спектакльдерді режиссерлік шешім, актерлік орындаушылық, қуыршақ жүргізу шеберлігі, сценография және көркемдік тұтастық тұрғысынан саралайды.















