Алматыда XI Baiqonyr Film Festival аяқталды: фестиваль жеңімпаздары анықталды

Алматыда XI Baiqonyr Film Festival аяқталды: фестиваль жеңімпаздары анықталды

Өткен аптада Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен халықаралық XI Baiqonyr Film Festival аяқталды. Марапаттау салтанатында ұлттық, халықаралық және дебюттік байқаулардың қорытындысы жарияланып, NETPAC жүлдесі мен арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар Банк ЦентрКредиттің жүлде қорының иегерлері, Baiqonyr Promotion жеңімпаздары және New York Film Academy білім беру сертификаттарын алған қатысушылар белгілі болды.

Қазақстанда жарияланған жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты салтанат қаза болған әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Жиналғандарға Baiqonyr Film Festival президенті Ануар Кенжебаев сөз сөйледі.

Ұлттық байқау жеңімпаздары

Ұлттық байқаудың бас жүлдесін Тасқын Мырзаның «Мамыр» фильмі иеленді.

Үздік фильм — «Мамыр», Тасқын Мырза.
Үздік монтаж — «Күнделік», Максат Ануарбеков.
Үздік сценарий — «Әуес», Әсемай Қонысбек.
Үздік қоюшы-суретші — «Әуес», Кадыр Нурмаганбетов.
Үздік операторлық жұмыс — «299.4», Жан Болаткали.
Үздік режиссура — «Шабандоз», Шыңғысхан Ермахан.
Үздік актерлік ойын үшін арнайы жүлде — «Ер болады», Султан Нурмуха.

Сонымен қатар Абдулла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толғанына орай Алматы облыстық әкімдігі тағайындаған арнайы жүлде Әмір Кәкеннің «Жарық болған жаз» фильміне табысталды. Марапат иегеріне әкімдік атынан 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық та табысталды. Марапатты режиссердың келіні, продюсер Майра Қарсақбаева тапсырды.

Дәстүр бойынша оператор әрі ұстаз Болат Сүлеевтің шәкірттері де арнайы жүлде табыстады. Үздік операторлық жұмыс үшін берілетін марапат «299.4» фильміне, оператор Жан Болаткалиға бұйырды. Жүлдені Болат Сүлеевтің шәкірттері Еркінбек Птыралиев пен Айдар Оспанов табыстады. Лауреатқа кәсіби техника да сыйға тартылды.

Ұлттық байқау жеңімпаздарына Банк ЦентрКредиттің ақшалай жүлделері де табысталды.

Үздік фильм атанған «Мамыр» 500 000 теңге алды. Ал «Шабандоз» үздік режиссура үшін, «299.4» үздік операторлық жұмыс үшін, «Әуес» үздік қоюшы-суретші және үздік сценарий үшін, «Күнделік» үздік монтаж үшін, «Ер болады» арнайы қазылар жүлдесі үшін 250 000 теңгеден алды.

Халықаралық байқау

Халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауының бас жүлдесін «Ранние чувства» фильмі иеленді. Марапатты фильмнің продюсері Эмиль Наджафов қабылдап алды.

Үздік режиссура — «Лухтак», Саммаридин Мухитдинов.
Үздік операторлық жұмыс — «Happy as Can Be», Анна Филичева.
Үздік сценарий — «The Doorman», Лили Казарян.
Үздік әйел рөлі үшін қазылар алқасының арнайы жүлдесі — «Случайность», Бегайым Асанакунова.

Дебюттік фильмдер байқау

Халықаралық дебюттік толықметражды фильмдер байқауында Жаннат Алшанованың «Победителей видно на старте» фильмі үздік деп танылды.

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі Нина Волованың «Фейерверки днем» фильміне табысталды.

«Біз үшін Baiqonyr соңғы көрсетіліммен бірге аяқталып қалмағаны маңызды. Фестивальден кейін де фильмдер мен олардың авторлары өз жолын жалғастырып, жаңа көрермен мен жаңа мүмкіндіктерге жолықса дейміз. Биыл бізбен бірге болған барлық қатысушыларға, қазылар алқасына, серіктестер мен көрерменге алғыс айтамын», — деді Baiqonyr Film Festival президенті Ануар Кенжебаев.

NETPAC жүлдесі

NETPAC халықаралық желісінің жүлдесі ex aequo, яғни екі фильмге тең дәрежеде берілді. Марапатты Азамат Утяновтың «Журнал» және Нұрсәт Қыдырбайдың «Күнделік» фильмдері иеленді.

Қазылар алқасы екі туындыны кейіпкерлердің болмысын жарқын аша білгені, күнделікті өмірді кинематографиялық тұрғыдан әсерлі қайта пайымдағаны және жанрларды батыл ұштастырғаны үшін атап өтті.

Baiqonyr Promotion

Жабылу салтанатында Baiqonyr Promotion бағдарламасының жаңа жеңімпаздары да жарияланды. Биыл бағдарламаға «Мамыр», «Әуес» және «Шабандоз» фильмдері таңдалды.

Baiqonyr Promotion фильмдердің фестивальден кейінгі жолын жалғастыруға, халықаралық фестивальдік стратегия құруға және жаңа алаңдарға шығуға көмектеседі. Жеңімпаздарды фестиваль президенті Ануар Кенжебаев пен бағдарламалық директор Ержан Жұмабеков жариялады.

New York Film Academy сертификаттары

Биыл New York Film Academy білім беру сертификаттарына он қатысушы мен фестиваль жеңімпазы ие болды: Эмиль Наджафов, Саммариддин Мухитдинов, Анна Филичева, Лили Казарян, Бегайым Асанакунова, Нодирхон Абдукаримов, Нурлан Хасанли, Нина Волова, Ирина Большова және Юлия Степанова.

Марапаттардың бірін әнші әрі Baiqonyr Film Festival мүсіншесінің авторы Орынхан Рахимбеков табыстады. Осыдан 11 жыл бұрын фестиваль жүлдесінің дизайнына жарияланған байқауда оның идеясы жеңімпаз атанған еді. Содан бері Орынхан жасаған мүсінше Baiqonyr лауреаттарына табысталып келеді.

«11 жыл бұрын Baiqonyr фестивалінің статуэткасына байқау жарияланды. Сол байқауға өз идеямды ұсынып, қатысып көрдім де, жеңіп шықтым. Менің статуэткамды таңдады. Шынымды айтсам, арада 11 жыл өтсе де, статуэтканың да, фестивальдің де көркейіп, дамып келе жатқанына өте қуаныштымын. Осындай фестивальдер көбейе берсін. Ұжымға табыс тілеймін!» — деді Орынхан Рахимбеков.

XI Baiqonyr Film Festival Абдулла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмінің цифрланған нұсқасының көрсетілімімен аяқталды. Режиссердің туғанына 100 жыл толған жылы фестиваль оның шығармашылық мұрасына арнайы назар аударды.

XI Baiqonyr Film Festival ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өтті.

28.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28092
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27569
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44944
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40602
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45256