Алтын бесікті ана

Алтын бесікті ана

Жүзін айқыш-ұйқыш әжімдер торлаған қарт ананың аузынан шыққан екі сөзінің бірі: «тоба Құдай!», «шүкір Алла!». Тоқсанға келген жасында өткенге қанағат білдірудің белгісі бұл. Қанағат етпей не, кейде айдыны тымық, ал кейде толқыны тулап бұрқасын ойнап жататын өмір атты көк теңізді көктей өтіп келеді. Жалғыз емес, он бір ұл-қызынан тараған қырық шақты немере, 66 шөбере, төрт шөпшегімен. Оған бұл пәниде бұйырған басты байлығы да осы үрім-бұтағы.
Ол қызылсайлық Сейде мен Үпкеннің шаңырағында 1932 жылы 8 нау-рызда дүниеге келіпті. Елдің бақытты заманға жетсек деген тілегімен есімін Бақытзаман қойыпты. Бұл дүниенің кесепатынан хабарсыз бейкүнә сәби шыр етіп өмірге келген кез бүкіл елді әрі-сәрі күйге түсірген күрделі кезеңнің басы болатын. Голощекин үкіметі Қазақстанда «Кіші Октябрь» жасамақ болып, елдің малын ортаққа алып, күштеп «ұжымдастырып» жатқан. Сол бір солақай саясаттың салдарынан көп ұзамай елді алапат аштық жайлады. Қаншама шаңырақ ортасына түсті, қаншама жан талғажау етерлік нәр таппай дала кезіп тентіреп кетті. Ісіп-кеуіп әр жерде жан тапсырғандар мен жат жерге ауып кеткендер ше?! Ата-анасы жанын жалдап жүріп жалғыз ұлы Әлиақпар мен қызы Бақытзаманды аман өсірді әйтеуір. «Жұт жеті ағайынды» демекші, бұлар тұлымшағы желбіреп секектеп ойнар жасқа жеткенде «соғыс» деген суық сөз аяздай қарыды. Сөйтіп, «балалық шақ» деген тәтті шақтың дәмін сезінбеді олар. Ес біліп, етек жапқалы үлкендермен бірге белі қайысып бейнетке жегілгенін біледі. Көзін ашқалы көргені ел басына күн туған қиын-қыстау кездердің сұрқия көріністері болып, қиындыққа мойымайтын шар болаттай шыңдалып жетілді.
Бақытзаман ауылдағы қоржын бөлмелі жапырайған тоқал там мектепте оқыды. Жетіжылдықтан кейін соғыстан титықтаған елдің еңсе тіктеп, халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында аянбай тер төкті. Үлкендермен бірге кетпен де шапты, орақ та орды, шөп те жинады. Ұзақты күн аңызақ желдің өтінде қызылшаның арамшөбін отады, жалаңаяқтанып тобықтан саз кешіп темекі тікті. Жылдан-жылға елдің тұрмысы түзеліп, соғыс зобалаңы ұмытыла бастағандай еді. Бақытзаман да дала төсіндегі біріне бірі ұласқан бел талдырар еңбекпен жүзі күнге тотығып, талшыбықтай денесі талықси таралып бой жетіп келе жатты. Он сегіздегі үріп ауызға салғандай аруға әркім-әркім көз салып, сөз де айта бастаған-ды. Бұл кезде болашақ жары Қасымбай Мақашев болса 1943 жылы әскерге алынып, Қиыр Шығыста жапон милитаристерімен соғыс қимылдарына қатысып, жеңістен кейін де бірнеше жыл ел тыныштығы күзетінде болып өмірдің ыстық-суығында піскен азамат еді. Омырауында «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары жарқырап елге 1950 жылы бірақ оралды. Ауылдағы көп бойжеткендердің ішінде Бақытзаман көзіне айдай көрініп, екеуі шаңырақ көтерді. Көп ұзамай жас отау иелері колхоздың бір үйір жылқысын алдына салып, туған жердің төсін дүбірлеткен қызу еңбекке білек сыбана кірісіп кетті.
Олар отыз жылдан аса Ленин орденді «Трудовик» колхозында жылқы бақты. Осы өңірдегі жайлаудың төресі Қасқасуды ен жайлап құлын алу, қымыз өндіру жоспарларын үнемі асыра орындайтын. Мына жағынан чапаевтық жылқышылар, одан төмен шопандар, сиыршылар дейсің бе, теріскей тұстан Алматы облысының малшылары қоңсы келіп, кең жайлау жазда төрт түлік малға толып қызу тірлік қайнап жататын. Биік жайлаудың саф ауасы, кілемдей құлпырған алуан түрлі шөптер мен гүлдердің жұпар иісі қандай еді, шіркін! Осындай отта жайылған малдардың өнімі де кіршіксіз таза болатын. Қасымбай қыр асыра жайылымға айдап салған жылқыларын алыстан көздеп қайтуға атқа қонса, Бақытзаман қолдағы биелерді сауып, желідегі құлындарын ағытып ұзақты күн дамыл таппайтын. Мұның күбіде пісіп, ысталған сабада бабына келтіре ашытқан қымызы бал татитын. Күнара піләк-піләк қымыз орталыққа жөнелтіліп жататын.
Өмір бір орнында тұрмайды, адам өседі, есейеді, соңынан жас өскіндей құлпырып жаңа ұрпағы ілеседі. Жылқышы Қасымбайдың шаңырағында да жыл аралатып шілдехана тойланып жатты. Олар үш ұл, сегіз қызды өмірге әкелді, өсірді, жеткізді. Шүкір, барлығы үйлі-жайлы болған. Бақытзаман он тоғыз жасында көтерген тұңғышы Оңалкүлдің өзі бүгінде жетпістен асқан ақ шашты әже. Балалары әр салада еңбек етті. Динагүл, Жұмақадыр мен сүт кенжесі Нәзира теміржолда тер төксе, Мәрия ұстаздық жолды таңдады. Ұлдары Манас пен Бейсеқадыр әулетке ортақ «Алмас» шаруа қожалығын құрып ата кәсібін дөңгелетіп отыр. Енді тоқсандағы әженің немере-шөберелері қызметке араласа бастапты. Айталық, немерелерінен Қуаныш салық жүйесінде, Аян мен Дәурен құқық қызметінде, Дәулет, Нұрболат, Жанат — әскерилер, Ақмарал мен Перизат — мұғалім, Мадияр, Айымбет, Әсел — теміржол саласында қызмет етіп жүрсе, шөбересі Жалғас Отар ауылдық округінде мал дәрігері, Саламат Алматы облысында полиция қызметкері. Қалғандары университет пен колледждерде, мектепте оқып жүр. Соңғы жылдары әженің төрт шөпшегі — Елнұр, Аруназ және егіз Ерасыл мен Нұрасыл өмірге келіпті. Міне, өмір осылай жалғасуда. Кеңес үкіметі кезінде он бір бала тапқаны үшін Бақытзаман Сейдеева «Батыр ана» атанса, 2009 жылы тәуелсіз еліміздің Алтын алқасын тағып, ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Тоқсанға келген қарт әже әлі де тың. Жады мықты, сонау балалық шағынан тартып күні кешеге дейінгі өмір белестерін көз алдына келтіріп ой құшағына берілетіні бар. Ұрпағының қанат жайып өсіп-өнгені қуаныш әрине. Бұған мың мәртебе шүкіршілік етеді. Өкініші де жоқ емес. Алпыс екі жыл отасқан қосағы Қасымбайдың осыдан он жыл бұрын бақилық болғаны да, тең тұстарының қатары сиреп бара жатқаны да өкініш. Бүкіл Қызылсайда ең жасы үлкен қариялардың бірі қазір. Сексен жыл бұрынғы сыныптас құрбыларынан Мондан, Жаңылша, Шәйбалалар өмірден өтіп, Сүлеймен екеуі ғана қалыпты. Көршісі Жарқын, Жұпаркүл, Молдашев Рақымбай мен Рақымжандардың өзі бұдан бірер жас кіші.
Балалары әспеттеп қарт ананы әрқайсысы өз үйіне тартады екен. Жаздай Қызылсайда қара шаңырақтағы ұлы Бейсеқадыр мен келіні Айжанның, қыстай Қордайдағы ұлы Манас пен Аманкүлдің қолында болған. Жан жақтағы қыздары, немере-шөберелері де апалап келіп-кетіп, телефон шалып әжелерінің амандығын біліп тұрады. Жақында бұл әулетте ардақты ана, еңбек ардагері Б.Сейдееваның 90 жасқа толу тойы болмақшы. 8 наурыз мерекеңізбен, туған күніңізбен алтын бесікті ана!

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист. Қордай ауданы
09.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 130
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 126
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 130
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 321
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 314
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 938

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9011
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8406
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11632
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9390
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10616