ӘН САЛДЫРҒАН АУЫЛЫМ

ӘН САЛДЫРҒАН АУЫЛЫМ

Ұлтымыздың айнасы мәдениет десек, сол кір басқан айнаны тазартып, бағытын аңдай алмаған көрерменді байырғы болмысына қайта қауыштыратын топ – дәстүрлі өнер өкілдері. Қазақтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, даналығы мен әдет-ғұрпы қара өлеңі, әні мен күйінде тұр. Өкінішке қарай, салмақты ойдың орнын сылаң қаққан бір сәттік қызық басқан заманда ұлттық рухымыз тамырынан ажыраған ағаштай теңселіп барады. Саф өнерге деген сұраныс азайып, талғам төмендеген сәтте өнерпазға түсер салмақ одан сайын арта түседі.

Сайып келгенде, қазіргі қоғам үшін мәдениет деген ұғымның ауқымы батыстағыдай балет және театр сияқты ірі қалалардағы зәулім ғимараттармен өлшенбеу керек. Ғимарат жеке тұрып өздігінен мәдени құндылық бола алмайды. Сол сияқты аталған саладағы мемлекеттік қызметкерлер де ән шығарып, өлең жазып бере алмайды. Демек, өнердің орны мәдениет үйлерінің кірпіш қабырғалары мен әкімшілік ғимараттарда емес, ел ішіндегі өнерпаздардың көкірегінде деп ұққан жөн. Өнерпаз шебер болса, өз көрерменін үйреншікті кең залы, құрал жабдығы жоқ шалғай ауылдан да табады. Бұл пайымға дәстүрлі әнші Біржан Есжан бастаған игі жоба тағы бір көз жеткізді. Жергілікті халыққа жақсы таныс әнші жаз шыға аймақтағы қазақ ауылдарын аралап, ән салып, әсерлі кеш ұйымдастыруды қолға алған. Бүгінге дейін ол онға тарта ауылдың халқын қуантып, ашық аспан астында ән шырқап, ұлттық өнерге шөліркеген жұртқа қазақ әнінің озық үлгілерін тарту еткен. Әншінің сөзінше, дәстүрлі ән қазақтың тегінде бар. Алайда өткен ғасырлардағы отарлық кезең, одан кейінгі нарық заманы халықты әу бастағы талғам, танымынан ажыратып жіберген. Бүгінде әр туындының астарына үңіліп, ойға батып, тыныш аққан өзеннің астындағы қуатты ағысты сезінетін көрермен аз. Десе де ұлттық өнер тегінде болған соң, Біржан Есжанның ауылында тегін жүрмегенін көрермен іштей сезеді. Ошақ басында айнала отырып ән тыңдағанда бір уыс жусан иісінен туған елі есіне түскен Бейбарыстай баяғы әр күні ән мен жырсыз өтпеген бабалары жайлы ой келеді. Өзінің сал-серісін ардақтап, сәбидей әлпештеп, кәдеге алтын-күміс орнына ән сұраған көшпелі мәдениеттің мұрагері екенін бір сәтке болсын сезінеді. Кеудеде қалған осы сезім көрерменді көпке дейін босатпай, санасының әлдебір қатпарында ұмыт болып ұйықтап жатқан түйсігін түртпектеп оятпақ болады.

– Мақсат – шалғай ауылдағы ағайынға әуезді кеш сыйлап, көңілін көтеру. Бүгінге дейін талай ауылдың аты картадан өшті. Саусақпен санарлықтай шаңырақ қалған елді мекендер көп. Біз барған ауылдардың өзінде 40-50 үй ғана бар. Сондықтан жұртқа дем беріп, ауылға елдің назарын аудару үшін жолға шықтық. Өткізген кештеріміз біреуге ой салып, елді мекендердегі игі іске түрткі болса екен дейміз. Бұрын ауылдарда өз өнер ұжымдары, халық театрлары болатын. Жұрт солардың өнерін қызықтап, мәдени іс-шаралар жиі өтетін. Қазір ауылдағы мәдениеттің күйі аянышты. Бұны түзейміз десек, өнер адамдары ғана емес, жанашыр азаматтардың бәрі атсалысуы қажет, – дейді Біржан Есжан.

Жиналған көрермен жұлдызды аспан астында халық әндерін, кешегі сал-серілер мен халық композиторларының туындыларын тыңдайды. Ән арасында әңгіменің тиегі ағытылып, өткен мен бүгіннің жайы баян етіледі. Біржан сал Абай ауылына келгенде сауып отырған сиырын ұмытып, әнге ұйыған әйелдер сияқты мұндағы жұрт та күнделікті күйбеңін бір сәтке естен шығарып, өнермен тілдеседі. Сыбызғышы Руслан Асылхан, сүйемелдеуші Темірлан Сахатов, дәстүрлі әнші Еркебұлан Қаріп те ауылдағы кештерге көрік беріп жүр.

– Біз байырғы қазақтың кешкісін тізе түйістіріп, ән-жыр, шежіре-дастан тыңдағанын кітаптардан оқыдық. Ақпарат құралдары жоқ заманда ұлтымыздың мәдениеті оттың басында дамыды. Осының бәрі табиғатымызда бар болған соң, көрерменнің алған әсері ерекше. Кей ауылдарда Мәдениет үйлері бола тұра, далада тұрып ән айттық, бар дүниені қайта жаңғыртуға тырыстық, – дейді әнші.

Өнерпаздар ешкімнен қолдау күтпей өздері-ақ ауылға аттанып, ақысыз-пұлсыз ашық алаңқайда концерт қойып жүр. Шын ниеттен туған жоба болғаннан кейін, жұртшылықтың ықыласы да ерекше. Күнде көрудің сәті түсе бермейтін өнерпаздардың ауылына келіп ақтарыла әңгімелесіп, әуелете ән айтқанына марқаяды. Осылайша қысқа жаздың әсерлі бір кеші ұмытылмас естелік болып елдің жадында қалады. Мамырда Ақтас ауылының тұрғындарымен жүздескен топ Бұлақ, Мектеп, Ысқақ Ыбыраев, Бексейіт, Бостандық, Кеңес, Жаңажол, Аралағаш ауылдарын аралап шықты. Қуанышты хабарды естіп, өнерпаздарды өз ауылына шақырып жатқан азаматтар да бар. Алдағы уақытта әнші жұртшылықтың сұрауымен тағы жолға шығады.

Нұрсайын ШӘРІП,

(СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі материалдары бойынша әзірленді)

 

19.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43181