АНА МЕН ҮШ СӘБИДІҢ ӨЛІМІНЕ КІМ КІНӘЛІ?

АНА МЕН ҮШ СӘБИДІҢ ӨЛІМІНЕ КІМ КІНӘЛІ?

 

Күні кеше  қазақ қоғамы тағы селк етті, селк етті де селт етті. Сөйтіп фб-ға ашу-ызаларын жазып, кіжініп қаһарларын төкті!  Себебі кедейдің күні қай заманда кіжінумен өткен  да. Тап соның кебіғой бәрі де. Ашу мен ыза күреске, кіжінудің арты теке тіреске ұласып кетпесе дейік.

Бір атамыз «Біз не көрмедік, соғысты да көрдік қой» деп әңгімесін бастайтын еді баяғыда. Сол кісі айтпақшы, біз не көрмедік. «Тыныш заманда бес бала тірідей өртеніп кетті». «Ах!» ұрдық. «Тыныш заманда төбемізге бірнеше рет бомба түсті». Атып тұрдық. Тыныш заманда «Көшеде мылтық асынып соғыстық». Оны көріп шошындық. «Феминистр көшеге шығып ұрандатты». Сылап-сипап шығарып салдық. Көп қой тыныш заманда біз көрген «қызықтар». Қайсібірін айта береміз.

 

Қазақ анасы ешқашан баласын өлімге қимаған...

Енді міне, жетпегені осы еді. Мұны да көзіміз көрді. Жүрегіміз ауырып, жанымыз қысылды.  Алматыда болған оқиға дүйім елді алаңдатты. Адам баласы естімеген сұмдық оқиға еді бұл.   9  қабаттан үш сәбиін лақтырып, соңында өзі құлап  өлім құшқан әйелдің қазасы (Ана деуге оны аузым бармайды) – бүткіл қазақ елінің қасіреті, қайғысы болып тарих бетіне қатталып қалары сөзсіз.

Трагическая смерть женщины и 3 детей в Алматы: соседи рассказали о семье —  Kyzylorda News

Қайғылы оқиға орын алған сәттен бастап-ақ «Кім кінәлі?» деген сұрақ  қазақ даласын кезіп кетті. Шынымен-ақ бұл өлімге кім кінәлі? Кімді кінәлаймыз? Кімді жауапқа тартамыз?

«Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген рас-ау. Қазақ билігінің саясатына кіжініп, ұстанымына ұрынып, тексіздігіне күйініп жатқан қауым көп... Олардың да құдай сүйер қылығы жоғын баса айтқым келеді.  Өйткені ана мен бала мәселесі, олардың құқықтық мәртебесі  30 жылда әлі  орнығып болмады. Қайран  Шер ағам айтпақшы, қазынаға толы сандықтан үстінде тұт жалаңаш отырмыз әлі. Әй, жоғарыдағы көкелер мен әкелер, аналардың көз жасы ешқашан жақсылыққа апармайды. Осыны бір сәт естеріңнен шығармасаңыздар екен!

Үш баласын ана дүниеге өзімен бірге ала кеткен марқұм неге бұндай қадамға барды? Не үшін? Өлім соншалықты оңай ма? Тұрмыс-тауқыметі қажытып жіберсе де, соңғы қадам неге өлімге тірелді? Қаржыдан қиналғаны рас па? Балалардың әкесі қайда? Жағдайы қиын болса арзан пәтер неге іздемеген? Қымбат пәтерді жалдауға не себеп? Көкейде сауал көп. Мұның бәрі уақыты келгенде анықтала жатар. Біздің білетініміз мынау:

Бұл отбасында 3 несие болған. Оның 2 мерзімі өтіп, сот орындаушыларының қарауында тұрған. Оның күйеуі Нұрсұлтан Оразов осы мәліметтермен бірге өзінің жұмыссыз екенін жеткізді. Әйел әлеуметтік көмек сұрап тиісті орындарға барған. Бірақ көмек болмаған.

   Осы ретте мерзімі өтіп кеткендерге телефон соғып, алаяқтық бойынша қылмыстық бап қозғаймыз деп агрессивті түрде қорқытатын коллекторлық компанияларды атап өткім келеді. Туыстарына, достарына, тіпті таныстарына телефон соққан. Бұл фактор адамның психикасын бұзып, өмір сүргісі келмейтін себептерінің біріне айналуы мүмкін.

Коллекторы пожаловались на чрезмерные ограничения в их работе - Газета.Ru

     Біздің соңғы жазбамыздың астына көптеген адамдардың өздері де осындай жағдайға тап болғанын көптеп мысалға келтірулері өкінішті жағдай.  Тұрақты жұмысы бар, орташа табысы барларға да қиын.  Жоғары инфляция мен табыстың өзгермеген жағдайындағы елдегі өмір өте қиынға соғуда.  Бірақ бұл дағдарыстың тек басы ғана.  Билік мезгіл-мезгіл экономикаға зиянды әсер ететін шешімдер мен заңдарын қабылдауда.  Жағдай барған сайын қиындап барады.

Мені ел анасы ретінде толқытқаны, жүрегімді ауыртқаны мынау: қазақ ешқашан битке өкпелеп тонын отқа жақпаған. Олай болса билік маған қараспады деп, Алланың берген аманаты – сәбилерін өлімге қию  келешек жастарға үлгі емес. Қандай қиындық болса да, ана байғұс  шыдауы керек еді. Балалардың не жазығы бар? Оларды неге алып кетті өзімен бірге? Әр баланың өз несібесі барын ұмыта бастағанымыз қалай?  Бәлкім жүйкесі тозып, психикалық сырқатқа шалдыққан болар бұл әйел? Әйтпесе көздері жәудіреген сәбилерін жоғарыдан төменге лақтыруға ана жүрегі шыдауы мүмкін емес қой. Үш баласын өзімен бірге «ала кеткен» әйел «біз шаршадық» деп жазыпты дейді біреулер. Шаршаса өзі шаршаған шығар, балалары шаршаудың не екенін біліп те үлгірмеді ғой әлі.

Үш адамның өмірі үшін өзі шешім қабылдап, қатыгездіктің ең зорын көрсетіп кеткен әйелді «түсінуге тырысатын» қоғамда өмір сүріп жатқанымызды сезініп қатты қапаланғанымды жасырмаймын... Меніңше өлімнің себебі мүлде  басқа сияқты. Себебі ақшасы жоқ отбасы жатаханада немесе арзан бағаланатын жер үйде тұрар еді. Әркім қалтасына қарай көсіледі емес пе?

Біріншіден үш баланың аралары өте жақын екен. 2015, 2016, 2019. Бұл әйел адамға үлкен проблема.   Бұл проблеманы барлық тумалары түсініп, көмектесуі керек еді. Қазір ондай туманың өзін табудың өзі қиындап барады емес пе? Екіншіден үкіметтен қамқорлық жоқ. Үш балаға мемлекет көмек бермейді. Әр баланың өсіп-өнуі – мемлекеттің байлығы екені естен шыққалы қашан! Ай сайынғы жəрдемақы 4 баладан бастап төленеді.  Басында айтылып еді бөліп-жармай барлығына бірдей бөлінсін деп. Оған пысқырып қараған Үкімет жоқ. Бар мақсаттары ақша үнемдеу, ана мен баладан үнемдеген ақшасын парақорға  жем етуде.

 Қазіргідей қымбатшылықта бала жасқа толғанда жәрдемақының тоқтатылғаны дұрыс емес. Балабақшалар удай қымбат. Аналар балалары есейгенге дейін алаңсыз балаларының жанында болатындай жағдай жасалынса, қазақ саны да өсер еді. Бірақ... қазақтың саны өсуіне мүдделі билікті көре алмай тұрғанымыз шындық!

Бітпейтін форумдарға ақша шашқанша, ана мен балаңды, оның құқығын ойла, Үкімет!

Кезінде Фариза апай депутат болып отырғанда бала күтімімен үйде отырған әйелге арнайы айлық (еңбекақы) төленуі керегі жайында депутаттық ұсыныс жолдағаны есімізде. Бұл мәселені Зейнеп апам да үнемі айтып жүр ана мен бала жайлы кездесулерінде. Осы қолға алынуы керек еді ендігі. Қазіргі депутаттар осындай ұсыныс айта ала ма? Әй, қайдам! Кешегі айбары бардың бүгін «айдары» да жоқ. Кешегі айтары бардың бүгін «қайтары» көп...

Көп балалалы ана мәртебесі мен көп балалы отбасы жәрдемақысы. Қалай алуға  болады? - Қазақстан жаңалықтары | STAN.KZ

 Ал үлде мен бүлдеге оранған шенеуніктер өз қалталары тоқ болса,  басқаны ойлап бас қатырғысы келмейтін сияқты. Ол аздай капиталистік  қоғамда қазақтың қанында бар бауырмалдық, жанашырлық жойылуда. Барлығы өз қызықшылығын, өз басын ғана ойлайды. Осындай қоғамда өмір сүріп жатып, биліктен мейірім күтуіміздің өзі қателік пе деп қаламын.

Соңғы кездері үлкендер өз-өздеріне қол жұмсағанын қойып, бейкүнә сәбилерді де өздерімен бірге өлімге итермелеуде.  «Пәлен жерде жаңа туылған нәрестені әжетханаға лақтырып кетіпті», «пәлен деген өзенге ағызып жіберіпті», «асфальт үстіне лақтырыпты» дегенді күн құрғатпай естиміз. Қайда кетіп бара жатырмыз?  Сәбилерін соншалықты өлімге итермелейтіндей бұл неткен қатыгездік?  Заманның небір зұлмат уақытында да, қанды соғыс кезінде де баласын сыртқа теппеген, басқа елді бауырымызға тартып сол елдің балаларын жарымай отырып жарты нанды бөліскен халықтың ұрпағы едік» деп кеуде ұрайын десек те өзекті өртейтін жайттар азаяр емес.

Azienda

Суицид жасайтын адамдары көп елдер тізіміне көз салдым: Сауд Арабиясы, Кувеит, Бахрейн, БАӘ, Италия, Испания, Грекияда бұндай жағдай өте аз. Мүлде жоқ деуге болады.

 АҚШ пен Франция орташа деңгейде. Оның себебін өзімше пайымдадым. Соның зардабын тартып жатуы әбден мүмкін.

Өте жоғары көрсеткіш  Ресей, Беларусь, Балтық жағалауы елдері, Украина, Германия, Швейцария, Аустрия да екен.

Жалпы әлем бойынша Қазақстан үшінші орында тұр. Ал жер көлемі мен байлығы жағынан бәрінен үстем. Осыдан-ақ халықтың әл-ауқатының қаншалықты екенін саралай бер!

Бейресми тағы бір ақпаратта 2021 жылдың үш айында 834 қазақстандық өз-өздеріне салғаны жазылыпты. Тіпті, Бас прокуратурадағы құқық статистикасы мен арнайы есеп комитетінің дерегінше, елімізде бір күнде 9 адам өз-өзіне қол салады... Бұл масқара ғой...

Ұзынқұлақтан жеткен хабарға сенсек, үш баласымен 9-шы қабаттан секіріп кеткен әйел жоқшылықты әбден көрген дейді. Көршілерінің айтуынша,  балаларына тамақ таба алмайтын күндері де көп болған екен.

Халықтың жағдайы күн санап қиындап келеді. Қымбатшылық пен жоқшылық бүйірінен қысқан жұрт құлаққа ұрған танадай болып қалды. Қиналып жатыр.

Үш баласы бар отбасыға ешқандай құжат жинатпай-ақ ай сайын жүз мың теңгеден ақша бөліп отыруға мемлекеттің жағдайы әбден келеді.

 Жапонияда пандемия кезіндегі жалғыздық мәселесі жөніндегі министр лауазымы пайда болыпты. Жалғыздық министрі болып Тэцуси Сакомота тағайындалыпты. Министрліктің мақсаты - қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу. Сарапшылардың пікірінше, эпидемия, карантин, оқшаулану кезіндегі жұмыссыздық, балалар мен отбасына күтім жасау стрессті жоғарылатқан екен. Жапония билігі психасы әлсіз адамдар күрт өзгерген жағдайға төтеп бере алмайды деп алаңдаған. Осындай ертеңіне алаңдаған елдің болашағы зор.

Көрінген көк аттыға, иттің итақайы қатысатын форумдарға миллиардтар шашқанша көпбалалы Аналардың жағдайын түзеу керектігін айтудай-ақ айтып келемін! «Еститін Үкімет» ол сөздерді, пікірлерді естімей қалады.

Главный принципиальный вопрос решен - Мухтар Тайжан о запрете продажи земли  иностранцамБелгілі саясаттанушы, Мұхтар Тайжанның мына сөзі де маған ой салды: «Алматыда ана мен үш баласы қаза тапқаны бәріміздің жүректерімізге ауыр тиіп тұр. Мыйға симайтын жағдай. Зор қасірет. Жандары жәннаттан табылсын.

Жалпы, елімізде өз өзіне қол жұмсау көбейіп кетті. Әлем бойынша тізімнің жоғарыда тұрмыз. Бұның себептерін өз басым экономикада көріп отырмын. Халықтың жағдайы әбден нашарлады.  Әлбетте бар жүйеге реформа керек. Ол үшін ниет пен жігер қажет. Эх, шіркін...» депті ол.

Иә, қазақ шыдамды халық, бірақ шыдамның да шегі, сабырдың да таусылатын кезі бар!

Белгілі журналист Серік Пірназардың да жазғаны көңілге қонады. «Билік терең дағдарыста. Қоғам ауыр кеселге ұшырады. Есеңгіреген елді бұл бұлағайдан бұрынғының бұйдасында бұйығып жүре бермейтін ерік-жігері азат, бейтарап,  басы бос батыл, жігерлі басшы ғана шығара алады.

Үш баласын амалсыз іле кеткен ананың зары мен зауалы, мұңы мен мұқтаждығы, қайғысы мен қарғысы - елдің жағдайын өз ұрпақтарының байығандарына қарап бағалайтын тоғышарлар билігінің түгелімен мойнында.»  депті.

 

Күйзелген қоғамнан күйреген ойлар туады

Қазіргі қазақ қоғамындағы ең ауыр жайт, халықтың ертеңге деген сенімінің жоғалуы. Бұл жақсылық нышаны емес.

Азаматхан Әміртай: Қазақтың жауы кім? | Qazaquni.kz | Қазақстан жаңалықтары  | Қазақ үні сайтыБелгілі саясаткер Азаматхан Әміртайдың жанайқайына бей-жай қарау мүмкін емес.  «Ең бір өкінішті  жағдай, адамдардың  өзін-өзі  өлтіру(суицид)  бойынша  Қазақстан әлемде  үшінші  орында  тұр екен. Биылғы  үш айда елімізде 834  азамат  өзіне    қол  жұмсап, жарық  дүниемен  қоштасыпты.  2019  жылы  3805, 2018  жылы 3542, 2017  жылы 3644 адам  суицид  жасаған. Өте  қорқынышты  жағдай.  Айдың  күннің аманында  адамдардың  өзін,  өмірін  өзі   қиюына  не  себеп?  Қоғамдағы әделсіздік,   тұрмыстың ауырлығы,  жетіспеушілік, жұмыссыздық,  жаппай  несие  қамытын киіп,  оны  төлей алмау, отбасындағы  кикілжің  т.б. Ең  бастысы   биліктің өз  халқына  деген  самарқаулығы. Миллиард емес,  триллиондаған  доллармен есептелетін   байлықтың  үстінде  отырса да  халық аш-жалаңаш. Бар  байлықтың  қызығын  жемқор  билік  көруде. Осы әділеттік  пе? Мұндай  биліктің   барынан жоғы.  Әйелді  айтпағанда, бейкүнә  үш  сәбидің өлімі  көзге  жас, көкірекке  өксік  әкелді. Қайнайды  қаның...Билік өз еркімен кетсін..».

Егер Үкімет шынымен халықтың жанайқайын естігісі келсе, ащы айыптаулар мен ауыр пікірлерді тыңдап үйренгені дұрыс.  Еліміздің ертеңі не болмақ деген сауал көптің мазасын  қашырғалы қашан. Қанды оқиғадан, мұңды оқиғадан  да саяси астар іздеу әдетке айналды. Қазақ қоғамы қатты ұйқыдан шошып оянғандай кепте жүр. Дел-сал. Құдай басқа салмасын. Мұндай оқиға жиі боп жатыр елімізде. Мәселе соны зерттеп, мемлекеттің болдырмауға әрекет жасамай жатқанында ғой. Біз менсінбейтін Өзбекстанда «Махалла ва оила» (Махалла және отбасы) ғылыми-зерттеу институты бар екен. Бізде де мәселенің түбі зерттелуі керек қой. Өздері құрастырған өтірік статистикасына сенетін үкіметі бар елде халықтың тұрмысы ешқашан түзелмейді.

Өз басым үш баласын биіктен лақтырып, соңынан өзі құрбан болған әйелді ақтаудан аулақпын. Бұл әйел ана емес, қаныпезер. Белгілі журналист Нұртай Ерназар жазбақшы: «Өзі көрген азапты балалары көрмесін деген шығар» деген ақтау пікірлер қаптап кетіпті. Бұл өте қате тұжырым. Ол әйел, егер соны өз қолымен істесе, үлкен қылмысқа барған. Өз өмірін қиса да, балаларға тиіспеу керек еді. Кешегі аштық жылдары қырылған қазақ бұл нәубетті сендер көрмеңдер деп балаларды қырып тастаса бүгін біз болар ма едік. Балалары өмір бойы азап көретінін қайдан біледі, бәлкім жақсы өмір сүріп кететін шығар. Егер осындай түсінікпен лақтырса, бұл ақымақтық әм қылмыс. Жалпы мен осы оқиғаға күмән келтіріп отырмын: хат компьютермен жазылған, мәтіні қатесіз, таза, «ешкімді кінәламаймыз...» деген сөзде қылмыстың ашылмауын ойластырған бір құпия жатқандай. Әйел неге өз атынан жазбаған? Сөйлем неге көпше түрде жазылған? Әзірге эмоциямызды баса алмай жатырмыз-ау, бірақ асықпайық. Іс мұқият тексерілсін. Егер полиция істі анықтай алмаса, суицид деп жаба салуы да бек мүмкін.  Тағы бір қырынан  қарасам, бұл қасіреттің астарында әлеуметтік теңсіздік жатқаны байқалады. Анасы үш баласымен бірге өз үйінде емес, пәтер жалдап тұрған. Яғни  төрт құбыласы түгел, жағдайы жақсы, бала-шағасы не киеді, не ішеді деп уайым-қайғысыз жүрген адам емес. Пәтерді жалдау үшін, бала-шағасын асырау үшін әбден қиналып, еңбек етіп жүрген адам.

Фб-дағы мына бір пікірде көптің көкейіндегі ойын ашық айтыпты. Дәл бүгінгі халықтың бұлқынысы мен толқынысы айқын сезіледі. «Осыдан 30 жыл бұрын Назарбаев не деп уәде берді? Кувейттен де жақсы тұрасыңдар, халық әбден бай болады деді. Нәтижесі не болды? Иә, Кувейттің шейхтарынан асып кететін ат төбеліндей ұры-қары бар елімізде. Ал миллиондаған халық Африканың кедей мемлекеттері деңгейінде күніне 3-5 долларға күн көріп жүр. Баспанасыз, үйсіз-күйсіз 2.5 миллион адам жүр Қазақстанда!

Үш сәбиімен ананың өлімі елімізді тонап, ұрлық жасап, халықтың қазынасын талан-тараж етіп жүрген әрбір шенеуніктің мойнында. «Жоқ, біз өлтірмедік» деуі мүмкін. Тікелей өлтірген жоқ. Бірақ шарасыздыққа, күйзеліске, қиыншылыққа тіреп, еріксіз өлімге әкелді. Соның бәріне биліктегі шенеуніктер кінәлі! Одан басқа ешкім де емес.

Жыл сайын біздің елімізде өз-өзіне қол жұмсайтын 3000-ға тарта адам бар. Түрлі тағдыр. Түрлі жағдай. Өміріне риза, жағдайы бар халық солай жасай ма? Жоқ. Осының барлығына да жауапты бүгінгі режим! Басқа ешкім де емес!».  

 

Ақсақалдың аманаты халықтың да аманаты

Түйін сөз: Ертең, арғы күні, 2050 жылы деп алдаусыратудың халыққа енді керегі жоқ. Себебі халық бәрінен шаршады. Қиял мен ертегіге елтігендей шаршады. Енді өлтірсең де сенбейді «ғажайыпқа». Аты көп, заты жоқ бірлістіктер мен ұйымдарға, толып жатқан кеңестерге мемлекет қаржыны уыстап шашқанша, демографияға иек артып, ана мен баланы қорғайтын ұйым құратын уақыт әлдеқашан келді. Мүмкін Ассамблея секілді ұйымды таратып, оның орнына ана мен баланы қорғайтын, тек президентке ғана бағынатын ұйым құрса – үлкен жетістік сол болар еді-ау. Ана мен бала қорғауда болса,  демография да  өркендеп сала берер еді. Халықтың да қасы мен қабағы ашылып, билікке деген сенім де күшейе түсер еді.

Айтпаса сөздің атасы өледі. Ел арасында көп жүргендіктен, ауыл халқының көңіл-күйімен де жете таныспын.  Өткенде бір кездесуде бір ақсақалды қария: Қарағым-ау, менің мына сөзімді билікке жеткізші? Біздің түбімізге гендерлік саясат жететін түрі бар. Ұлт тәрбиесі керек болса ана мен қыздарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлсін!  Ананың жаны жадырап жүрсін десеңдер, баласына балабақшадан орын бер! Өзіне жағдай жаса!

Қаншама әйел заты бала туа сала, белін бекем буып, ер азаматқа көмектесем деп күндіз-түні  жұмыста жүр ... Мұнша әйел депутат, министр болды деп пайызға жүгіріп, батыспен жарысқандарың, адасқандарың! Әр ананың бала туып, бала тәрбиесіне қалай қарап отырғанын көріңдер.   Сағадан күткен жемқорға жем болған ақшаны Аналарға берсеңдер, олар тентіреп жұмыс іздемейді,  баласына қарайды, өзіне қарайды. Күйзеліске бармайды. Шаңырақ та шайқалмас еді.

Бітпейтін жиналыс пен форумда жалаң ұран көтеріп, халықтың оған еті өліп барады. Жағдайы бізден көш төмен  Өзбекстан халқы қазір  35 миллионнан асты, біз әлі  20 миллионды төңіректеп жүрміз.  Айналайын, Сәуле қарындасым, саған осы сөзім аманат! Жеткізші жоғарыға» деп еді. Соны енді жазудың реті келді. Аманатыңызды жеткіздім, аға!

Сөзімнің соңын белсенді қазақ қызы Айгүл Орынбектің жазбасымен тамамдағым келіп отыр: «Мамин басқарған үкімет құлау үшін, тағы қанша ана мен бала тоғызыншы қабаттан құлау керек? Баланың өмір сүруге құқығы бар! Баланы жасап өмірге әкелесіңдер ме, өлтіруге құқыларың жоқ! Баланы ойланып дүниеге әкелетін уақыт келді, бағып қаға алмайсыңдар ма? Баланы дүниеге әкелмеңдер! Бұл жемқорлық жайлаған үкіметке сенбеңдер! Сенің балаңа тамақ берсе, өздері аш қалады! Сол үшін үкіметке сенбеңдер бала жасар кезде! Одан да біздің  үкімет миллиондаған қаржыға спектакль, наурыз той, думан фест, қыртымбай,  шыртымбай өткізгенді дұрыс көреді! Тоғызыншы этаждан ана мен бала шарасыздықтан, тығырықтан шыға алмай  өздерін тастап жатыр! ООН-ға ит-мысықтардың құқығын қорғау үшін кірдік пе? Қайда біздің миллиардтап қаржы бөлініп жатқан дағадарыс орталықтар. Ана мен бала үшін деп айқайлап өткізіліп жатқан форумдардың нәтижесі қайда? Осы ма нәтижесі? Тоғызыншы қабаттан  есі кіріп қалған алты жасар қызы құлап келе жатқанда не ойлады екен деп түнімен  ойлап ұйықтай алмай шықтым! Біздің елде биыл балалардан гөрі ит пен мысықтардың құқықтары жақсы қорғалды! Біздің үкімет ақшаны жейтін реформаны тез жасайды, ақша жей алмайтын реформалар жылдан-жылға қала береді емес пе? Ал енді Мамин басқарған үкіметтен сұрағым келіп отыр: балалардың құқығы қашан қорғалады? Бала туатындарға ақша беретін кезде үйіндегі тауығын санап кетесіздер, футболдарға миллиардтарды бөлгенде соғылған голды неге санамайсыздар?».

 

 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
25.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 81
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 603
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 720
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 632
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10393