ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІС – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІС – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Оралда «DIGITAL AQJAIYQ 2026» өңірлік форумы өтті

 Цифрлық технологиялар бүгінгі қоғамның даму қарқынын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсетуден бастап өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау мен кәсіпкерлікке дейінгі сан алуан саланың тиімділігі цифрлық шешімдерді қаншалықты ұтымды қолдана алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан технологиялық жаңғыру тек техникалық мүмкіндіктерді жетілдірумен шектелмейді. Ол басқару мәдениетін өзгертіп, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашып, адам мен уақыттың қадірін арттыруға бағытталған ауқымды үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда, өңірдің цифрлық әлеуетін саралап, озық тәжірибелерді ортаға салған «DIGITAL AQJAIYQ 2026» форумы мазмұндық маңызы зор басқосу болды.

10 қарашада Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған өңірлік форум өтті. Оған IT саласының мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, стартап жобаларды әзірлеушілер, кәсіпкерлер, сарапшылар мен өзге өңірлерден келген қонақтар қатысты. Басты мақсат – цифрлық трансформацияның өзекті мәселелерін талқылау, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру және өңірлік инновациялық бастамалардың дамуына серпін беру. Форумның алғашқы бөлігінде интерактивті аймақтар, цифрлық шешімдер көрмесі мен стартаптар аллеясы таныстырылды. Көрме алаңында ұсынылған жобалар ақпараттық технологиялардың күнделікті өмірге еніп қана қоймай, нақты мәселелерді шешуге бағытталғанын көрсетті. Мұнда жаңа идеялармен танысып, әзірлемелерді талқылауға, мамандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды.

«Batys Hub» орталығы ұйымдастырған «AI West Battle» байқауы да форумның назар аударған алаңдарының бірі болды. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағытында жұмыс істейтін стартаптар өз жобаларын таныстырып, үздік әзірлемелерін ортаға салды. Мұндай байқаулар жас мамандардың бастамасын қолдап қана қоймай, тың идеялардың тәжірибелік жобаға айналуына мүмкіндік береді. Ал «Vibe coding workshop» практикалық дәрісінде қатысушылар вайб-кодинг тәсілімен танысып, бағдарламалау үдерісінде заманауи құралдарды қолданудың мүмкіндіктерін зерделеді. Форум аясында екі бағыт бойынша пленарлық сессия ұйымдастырылды. Алғашқысы «DIGITAL GOVERNANCE & PROJECTS: Aqjaiyq 2026 – Цифрлық басқару және өңірлік жобаларды дамыту» тақырыбына арналды. Сессияға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдегі цифрландыру жұмыстарының маңызына тоқталды. Аймақ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес озық технологияларды барлық салаға енгізіп, оның нақты нәтижесін халық игілігіне бағыттау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға басымдық берілетінін жеткізді.

Өңірдегі цифрлық жаңғырудың қарқынын сөз еткенде, ең алдымен, оның күнделікті өмірдегі көрінісіне назар аударған жөн. Өйткені технологиялық дамудың шынайы өлшемі – атқарылған жұмыстың санында ғана емес, оның тұрғындарға тигізген пайдасында. Мәселен, облыстағы 405 ауылдың 373-і бүгінде интернет желісіне қосылған. Ал «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында тағы 220 елді мекенді жоғары жылдамдықты байланыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл шалғай ауылдар үшін ақпаратқа қолжетімділікті арттырып қана қоймай, білім алу, кәсіп бастау және мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды қадам. Цифрлық қызметтің қоғам өміріне қаншалықты дендеп енгенін мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткішінен де аңғаруға болады. Биылғы тоғыз айда Батыс Қазақстан облысында 3,2 миллион мемлекеттік қызмет ұсынылып, оның 98 пайызы электрондық форматта жүзеге асқан. Кезінде мекеме табалдырығын тоздырып, кезек күтуді қажет еткен көптеген қызметтің бүгінде санаулы минутта қолжетімді болуы – цифрландырудың нақты нәтижесі. Ал «Batys Hub» орталығында жыл басынан бері өткен 93 іс-шараға 1500-ден астам адамның қатысуы өңірде технологиялық орта қалыптастыруға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай алаңдар жаңа идеялардың тоғысып, жас мамандардың тәжірибе жинақтауына, тың бастамалардың өміршең жобаға айналуына мүмкіндік береді.

Форумның мазмұндық өзегіне айналған алғашқы пленарлық сессияда цифрлық дәуірдегі басқару жүйесінің жаңа сипаты мен жобалық жұмыстың тиімділігі кеңінен қозғалды. «DIGITAL GOVERNANCE & PROJECTS: Aqjaiyq 2026 – Цифрлық басқару және өңірлік жобаларды дамыту» тақырыбындағы басқосуда сөз алған мамандар жобаны жоспарлаудан бастап, оның орындалуын бақылауға дейінгі үдерістің әр кезеңіне тоқталды. Әсіресе өңірлік жобалық кеңселердің қызметі, бастамаларды үйлестіру және қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалау мәселелері назардан тыс қалмады. Батыс Қазақстан облысы цифрлық технологиялар орталығының директоры Махамбет Амантайұлы Сұлтанғалиев өңірлік жобалық кеңсенің қалыптасуы мен алдағы даму бағдарын таныстырды. Оның баяндамасы жобалық басқарудың жай ғана әкімшілік үйлестіру құралы емес, өңірлік міндеттерді жүйелі шешуге мүмкіндік беретін тетік екенін аңғартты. Бұл бағыттағы тәжірибе өзге өңірлердің өкілдері тарапынан да ортаға салынды. Алматы облысының жобалық кеңсесінің басшысы Динара Әбілқызы Рахымберлиева жобалық басқару жүйесін жетілдіру жолдарын сөз етіп, бастамаларды бірізді жоспарлау мен олардың орындалу нәтижесін қадағалаудың маңызын атап өтті.

Ал Жамбыл облысының бірыңғай 109 қызметін басқаратын Нұрлан Ермекбайұлы Сабденов цифрлық мониторингтің мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның пайымдауынша, заманауи басқару жүйесінде ақпаратты жинақтау ғана жеткіліксіз, оны дер кезінде саралап, нақты шешім қабылдауға пайдалану маңызды. Осы орайда цифрлық мониторинг жобалардың жай-күйін жедел бағалауға, кемшіліктерді уақытылы анықтауға және басқару сапасын арттыруға жол ашады. Баяндамалар мазмұнындағы ортақ түйін де осыған саяды: нәтижелі басқару үшін жоспардың айқындығы, жауапкершіліктің нақты бөлінуі және орындалу барысының үздіксіз бақылауда болуы қажет.

Цифрлық өзгерістердің ауқымы мемлекеттік басқарумен ғана шектелмейтіні екінші пленарлық сессия барысында айқындала түсті. «INDUSTRY 5.0: Digital Aqjaiyq – қалалар мен өңірлердің цифрлық трансформациясы» тақырыбындағы талқылау өндіріс, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік және қоғамдық қауіпсіздік бағыттарындағы технологиялық шешімдерге арналды. Бұл жолы назар цифрлық жүйелердің әлеуетінен бөлек, олардың адам өміріне, қызмет көрсету сапасына және экономикалық үдерістерге ықпалына ауды.

Батыс Қазақстан облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Мәлікұлы Қамашев өңірдегі цифрландыру жұмыстарының басым бағыттарын таныстырды. Ал «Ability Lab» компаниясының бас директоры Аслан Арманұлы білім беру мен денсаулық сақтау салаларында биометриялық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндіктерін сөз етті. «TARGET AI» жобасының менеджері Дмитрий Голубев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың тиімді тұстарын ұсынды. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Pre-Sale департаментінің директоры Нұрлан Әділбекұлы цифрлық сервистердің даму мүмкіндіктерімен бөліссе, «KASIBI TAXI» компаниясының негізін қалаушы Әсет Ақеділ Ермейтұлы қалалық тасымал саласында цифрлық экожүйе қалыптастыру мәселесін көтерді.

Бұған қоса, форум шеңберінде IT саласына қажетті адами капиталды қалыптастыру, шағын кәсіпкерлікті цифрлық ортаға бейімдеу, отандық бизнестің жаһандық маркетплейстерге шығуы секілді мәселелер де назарға алынды. Экологиялық жауапкершілік пен технологиялық дамудың өзара байланысын көрсететін жасыл цифрландыру, парниктік газдар шығарындыларын азайту, табиғи ресурстарды тиімді басқаруға арналған мониторинг жүйелері де талқылау арқауына айналды. Қаржы саласындағы инновациялар, соның ішінде цифрлық теңгені енгізудің келешегі жөніндегі пікірлер де басқосудың мазмұнын толықтыра түсті. Әр саланың өзіне тән міндеттері болғанымен, барлығын тоғыстыратын ортақ мақсат біреу – технологияны тиімді пайдалану арқылы жұмыс сапасын жаңа деңгейге көтеру.

Форум барысында кәсіби біліктілігімен және жауапты еңбегімен өңірдің цифрлық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға да құрмет көрсетілді. Марапаттау рәсімінде аудандық және қалалық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерден бастап, ақпараттық технологиялар саласының мамандарына дейін бірқатар азаматтың еңбегі атап өтілді. Олардың қатарында Ақжайық ауданынан Айнагүл Бегеева, Теректі ауданынан Алмагүл Тельжанова, Бәйтерек ауданынан Артур Насибуллаев, Казталов ауданынан Алтынбек Ертаев бар. Сондай-ақ Орал қаласының білім беру бөлімінің басшысы Алия Кайржанова, Жәнібек ауданынан Батырхан Утегалиев, Бөкей ордасынан Нүркен Топасов, Бөрлі ауданынан Алия Каржауова марапатқа ие болды. Ақпараттық технологиялар орталығының атынан да бірқатар маманның еңбегі еленді. Жоба менеджері Батыр Хайруллин, цифрлық жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Алихан Сериккалиев, IT мамандары Мерхат Байғабыл, Арсен Айткалиев және Бекжан Нұрболатов марапатталды. Бұл – цифрлық жаңғырудың артында тек заманауи құрылғылар мен бағдарламалар ғана емес, сол мүмкіндіктерді іске асырып жүрген кәсіби мамандардың еңбегі тұрғанын тағы бір аңғартқан сәт.

Марапаттау рәсімімен қатар IT саласындағы үздік жетістіктер де назардан тыс қалмады. Softlance компаниясының құрылтайшысы Петр Лежниковке «Үздік цифрландырушы» төсбелгісі табысталса, TORUS.KZ компаниясының басшысы Дәурен Габдуллаев пен университет ректоры Әліби Баяхов министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірқатар азамат ведомстволық наградалар мен облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ал AI West Battle, спорттық бағдарламалау, Cyber Sarai CUP байқауларында топ жарған қатысушылар мен халықаралық дрон футболында жоғары нәтиже көрсеткен USHAIYQ командасының жетістігі жас буынның технологиялық ізденіске бейімділігін танытты. Осылайша, форум бір күндік кездесудің аясынан асып, өңірдің цифрлық даму бағдарын саралаған, тәжірибе мен жаңа идеяларды тоғыстырған маңызды алаңға айналды. Мұнда көтерілген мәселелердің мәні – технологияны технология үшін енгізуде емес, оны ел игілігіне жаратуда. Себебі цифрлық өркениетке қадам басу үшін заманауи құралдарды меңгеру аздық етеді. Оны тиімді қолдана білетін маман, бастаманы қолдайтын орта және нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс қажет. Ал «DIGITAL AQJAIYQ 2026» форумы осындай ортақ ұстанымның өңірлік деңгейде қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

Күннің өн бойына дейін жалғасқан «Digital Aqjaiyq 2026» өңірлік форумы гала-концертпен түйінделді. Технологияның шынайы құндылығы оның жаңалығымен емес, қоғамға әкелген пайдасымен өлшенеді. Жылдам интернет, қолжетімді мемлекеттік қызмет, қауіпсіз цифрлық орта, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік пен сапалы білім – цифрлық дамудың нақты нәтижесі осылардан көрінеді. Ал мұндай нәтижеге жету үшін заманауи құралдармен қатар, білікті маман, жүйелі басқару және тың идеяға қолдау қажет. «DIGITAL AQJAIYQ 2026» форумы осы бағыттағы ізденістерді тоғыстырып, Батыс Қазақстанның технологиялық жаңғыру жолындағы мүмкіндіктерін кеңінен танытқан маңызды алаң болды.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ, БҚО, Орал қаласы

23.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29777
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29333
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46559
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42134
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46909