Мақат ауданына қарасты Доссор кентінде апатты деп танылған тұрғын үйлердегі 71 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Жаңа баспана алған тұрғындардың көпшілігі барак үлгідегі үйлерде тұрған. Сондай-ақ кейбір көпқабатты үйлердің қабырғалары құрастырмалы қалқанды конструкциялардан салынған. Ескі үйлер 1947, 1954-1959 және 1990 жылдары бой көтерген.
– Халықты сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыған орай ауданда тұрғындарды қолжетімді әрі қауіпсіз баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады, – деді аудан әкімі Азамат Мәмбетов.
Жыл соңына дейін Мақат ауданында тағы 150 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.














