Ақмолада жүзеге асып жатқан игі істер жайлы облыс әкімі Марат Мұратұлы мен газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызының жылы жүздесуінде айтылды

Ақмолада  жүзеге асып жатқан  игі істер жайлы облыс әкімі  Марат Мұратұлы мен газетіміздің басшысы  Сәуле Мешітбайқызының жылы  жүздесуінде айтылды

Өткен аптада  Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызын қабылдады.

 

Ақмоладағы жылы жүздесу 

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы, Досұлан Ерланұлы, Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тоқтарқызы, баспасөз хатшысы Қабиба  Балтабайқызы қатысты.  Кездесу танысудан басталып, емін-еркін әңгімеге ұласты. Сәуле апайымыз газеттің тарихына шолу жасап, баспасөз саласында «Qazaqstan dauiri» газетінің жеткен жетістіктері, жыл сайын экспедициямен еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жетістіктерін жариялап, келеңсіздіктер мен олқылықтардың себеп-салдарын анықтап, оны жою тетіктерін журналистік зерттеулер жүргізу жасап, ұсыныстар жазып отыратынын  жеткізді. Сәуле Мешітбайқызы газетпен қатар балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы, «Ел-Ана» ақпараттық порталы жайлы кеңінен әңгімеледі. 

Әкім Марат Мұратұлы сөз кезегінде Ақмола облысында жасалып жатқан игі істерге тоқталып, еңбектің жемісін жариялап жүрген баспасөз өкілдерінің, соның ішінде «Qazaqstan dauiri» газетінің қызметіне шынайы ықыласын білдірді. Екі сағаттан артық уақытқа созылған кездесуде екі жақ ел үшін атқарылатын  игі істерге табыстар тілеп, ынтымақтаса жұмыс істеуге шешімдер қабылдады. Кездесуде Марат Мұратұлы өңірде атқарылып жатқан игі істерден қысқаша шолу жасаған болатын. Шолуды оқырман қауымға  сәл кеңейтіп таныстыруды жөн көрдік.  

Бірінші кезекте халықты баспанамен қамту.

 

«Реновация» жобасының пайдасы 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл 18 тамызда  Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдаған болатын. Қабылдау барысында Марат Мұратұлы атқарылған істің бір парасы ретінде халыққа пайда берген жаңа   «Реновация» жобасын да атап өткен еді.  Президентіміздің  осы   «Реновация» жобасы арқылы халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамту  тәжірибесіне назар аударып, оң баға бергенін Ақмола халқы ризашылықпен айтып жүр. 

Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында осы«Реновация» жобасы бойынша Көкшетауда «Жаңа Шаңырақ» тұрғын үй кешенінде салынған үйлерден 100 көкшетаулық отбасы баспаналы болды. Айта кету керек, реновация жобалары бюджет қаржысынсыз жүзеге асырылады. Бұл – мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесі. Облыс әкімдігі, СПК «KOKSHE» және құрылыс компаниялары бірлесіп қабылдаған жобаны  Қазақстанның өзге өңірлері де зерделеп жүр. Инвесторлар – жергілікті құрылыс компаниялары. Үйлер заманауи стандарттарға сай салынған: барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген, аула абаттандырылған, балалар алаңдары мен футбол алаңы бар. 

Көкшетауда соңғы жылдары  көп қабатты құрылыстар лек-легімен салынып, көріктенсе де,  тозығы жеткен, ескірген тұрғын үйлер әлі де көп болатын. Апатты, тозығы жеткен үйлерде тұратын жұрттың жанайқайы әкімнің жанын ауыртып жүрген мәселелердің ең маңыздыларының бірі еді. «Сабақты ине сәтімен», әр істе бір қайыр бар. Қайырлы істің бірі осы «Реновация» жобасы. 

Көктемде Марат әкім тасқынға ұшыраған аумақтарды жаяу аралап жүріп,   Қылшақты өзенінің кемерінен асып, су шайған,   сұрқы кеткен ескі үйлерді көріп, «мына үйлерде адамдар қалай тұрады?» деп қынжылып, жанашырлық танытқанын  журналист ретінде бірге жүріп, өз құлағымызбен естігенбіз.

Өзеннен алыс емес, жуан  темір арқанмен айналдыра керіп байлаған бес қабат үйде болған. Бұл үй  өткен ғасырдың  тоқсаныншы жылдары салынып, соңынан   іргесі сөгіліп, қабырғасы қақыраған соң арқанмен орап байлап бекітілген екен. Бұл үйді мен де барып көріп, бұрындары жазғанмын. Адамдар үрейлі, бірақ барар жері жоқ. Баспанасыз қайда барады? Тұрғындардың жанайқайына әкім құлақ асып, тұрғындарға басқа үй беріп қуантты. 

 Марат Мұратұлы осындай  апатты үйлермен қатар,  тозығы жеткен  ескі үйлердің иелеріне соңғы жылдары салынған үйлерден пәтер беріп, жарамсыз үйлерді сүріп тастап,  орнына  жаңа тұрғын үй салуға батыл шешім қабылдаған болатын. Бұл шешім «Реновация» жобасы болып жүзеге асты.  «Реновация» жобасы Көкшетау қаласы ғана емес, Аршалы, Бурабай, Бұланды аудандарында нәтижелі  жүзеге асып жатыр.

 

Қосшыда  ерекше жоба басталды

Елімізде алғаш рет тұрғын үйді бөлу бойынша пилоттық жоба тамыз айының соңында  Қосшы қаласында іске қосылды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов  «Отбасы банк» АҚ-ына 371 пәтердің сертифкатын мұқтаж азаматтарға үлестіру үшін тапсырған болатын. 

Сертификат тапсыру салтанатында өңір басшысы:

– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, баспана ең алдымен мұқтаж азаматтарға берілуі әрдайым басты назарда. Айта кету керек, тұрғын үйді бөлу бойынша пилоттық жоба дәл осы Қосшыда басталды. Бөлінген 371 пәтердің 261-ін әлеуметтік осал топтағы отбасылар жаңа бағдарлама аясында жекешелендіру құқығымен жалға алса, 110 отбасы несиеге баспана ала алады, – деп, көпшілікке түсіндірген еді.  

Айта кетсек, соңғы екі жылда облыс мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 4 787 отбасы баспанамен қамтылды, оның ішінде 1 536 пәтер мұқтаж азаматтарға берілді. Бұл – соңғы жеті жылдағы рекордтық көрсеткіш. Әлеуметтік инфрақұрылымдар құрылысы бойынша Ақмола облысы республика бойынша алдыңғы қатарда. Соңғы екі жыл ішінде 4,7 мың тұрғын баспаналы болды. Бұл алдыңғы жеті жылдың көрсеткішіне тең. Осылайша, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы 29 пайызға азайған. 

Қосшы қаласында үлескерлердің мәселесі оң шешіліп жатыр.  Қосшы қаласында   он жыл бойы алданып келген 110 үлескерлердің мәселесі облыс әкімі ерекше бақылауға алуының  нәтижесінде тоғыз айға жетпей шешіліпті. Осындай, нәтижелі шешімдердің арқасында биыл жыл соңына дейін Қосшы қаласының 560 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі екен. 

 

Жылдар бойы күткен жылу мен су

Облысты Марат Мұратұлы басқарған үш жылда  басқа жетістіктерді қайдам, көкшетаулықтардың жылдар бойы сарыла күткен таза ауызсуына кенеліп, жылу орталығының құрылысы басталып, қара күйеден арылатын уақыттың жақын екенін сезіну еді.  

Бірінші: Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қала тұрғындары 14 жылдан астам уақыт асыға  күткен су тазарту кешеннің пайдаға берілуін зор қуанышпен қарс алды. Нәтижесінде  Көкшетау толық көлемде сапалы әрі қауіпсіз ауызсумен қамтылды. Саясында сексен көлі бар көкшеліктер судан тарықпаса да, таза суға кенелу арман еді. Сол арман орындалды. 

Ашылу жиынына  әкім  Марат Ахметжанов қатысып, халыққа мерекелік  құттықтау арнады.  Су тазарту құрылғылары рекордтық мерзімде салынды. Қондырғының  технологиялық жетістігі жоғары.   Су тазарту жүйесі бес сатылы.   Арнайы дезинфекция, коагуляция және фильтрация кезеңдерінен бөлек, алғаш рет флокуляция және седиментация процестері қолданысқа ие. Фильтрация процесі жаңғыртылып, су құм мен антрацит көмірінен өткізіліп, иісінен арылып, оттегімен байытылуы, суды тұтынуды қатерсіздендіріп, сапасын жоғарылататыны жайлы, мамандар түсіндірді. Жоба құны 6,3 млрд теңгені құрады. Кешен тәулігіне 30 000 м³ су тазартады. Қаланың қажеттілігі   – 20 000 м³. 

Сергеевка қорынан су сатып алуды тоқтату есебінен Көкшетау жылына 1 млрд теңге қаржы үнемдейтін болады.  

Бүгінгі күні қондырғы  қала тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ете бастады.

           

Жылы да жайлы үйде қыстайтын күн алыс емес

      Екінші: Президент Қ. Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Көкшетауда электр қуаты 240 Мвт, ал  қуаты 520 Гкал/сағат жылу өндіретін  ұзақ жылдар бойы күткен жылу электр орталығының құрылысы басталды. Орталықты Ресей Федерациясының жеңілдетілген несиесі есебінен салу жоспарланғаны баршаға аян. Бірақ,  ресейлік тараптың шешім қабылдауындағы кідірістерге байланысты     Қазақстан Үкіметі Көкшетау жылу электр орталығын (ЖЭО) өз күшімізбен салу жөнінде шешім қабылдаған. Жобаны «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырады. 

 Бұл жайында  Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың тамыз айында    құрылыс алаңында баспасөз өкілдері қатысқан кездесуі болған еді. Кездесуде әкім Марат Мұратұлы орталық құрылысының жай-жапсары жайлы кеңінен әңгімелеген. Онда: «Орталық аумағында   энергетиктер қалашығы  бой көтереді. Жұмысшыларға арнап тұрғын үйлер салынады. 300 гектардан астам аумақта станса, газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, 110 кВт ашық тарату құрылғысы, мазут шаруашылығы, көмірге арналған жабық қойма және өзге де инфрақұрылымдық нысандар салынады. Кадр даярлау жұмыстары басталып,   энергетика  мамандығын игеруге арнап жоғары оқу орындарына өңір басшысының гранттары бөлінген.  Алғашқы 10 грант Степногорск қаласының талапкерлеріне берілді. Олар үшін құрылыс нысанында ақылы өндірістік тәжірибе де қарастырылған.

Орталық Көкшетау қаласының жылуға деген сұранысын толық өтеп, тұрғындарды жылумен және электр қуатымен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және  2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған», – деп мәлімдеген болатын әкім. 

              

Облыстың  экономикалық негізгі көрсеткіштеріне қысқаша шолу

 

   Биылғы 2025 жылдың  бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірді өркендету перспективасы жөніндегі Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндамасында облыста барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім сақталып отырғанын баса айтып,  ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 1,2 трлн теңгеге дейін жеткізіп, елдің аграрлық секторының көшбасшысы ретіндегі орнын нығайтуды көздеп отырғанын жеткізген. Бұл көрсеткіш бүгінгі күнгі бағдармен орындалуға толық негіз бары айтылды. Биыл ауылшаруашылығы саласының  өнімділігі өте жоғары, соның ішінде майлы дақылдар алқабы 2,5 есе ұлғайыпты. 

– Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің 2024 жылдың 15 қарашасында Астанада өткен алғашқы форумында Мемлекет басшысы «Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың «азық-түлік белдеуі» деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауылшаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже, – деп жоғары баға берген болатын. 

– Ақмола облысы бойынша инвестиция тарту, соған сәйкес  инвестициялық жобаларды іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, Аршалы ауданында құрылған республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы, жалпы құны 4 млрд доллардан асатын инвестициялық жоба жасақтаған. Осы жоба    арқылы 10 мыңға жуық  жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

–  Ақмола облысының қаласы да, даласы да түлеп жатыр. Әсіресе, соңғы  екі жыл ішінде 21 мың оқушыға арналған 33 мектептердің іске қосылуын айтыңыз!  Енді алдағы  жаңа оқу жылы қарсаңында  апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілмекші. Бұл Президентіміздің тапсырмасының ойдағыдай орындалып жатқанынының айқын дәлелі.

Ақмола облысы да, әкімі де алдыңғы үштікте.

Ақмола облысы бойынша барлық жоспарлық индикатор жүзеге асырылды. Экономикалық белсенділіктің қозғаушы күші инвестиция өсімі болды. Сол үшін де облыс үздік үштіктің қатарына енген.

Соңғы  жаңалықтар бойынша  Ақмола облысының әкімі  М.Ахметжанов Қазақстан аймақтары әкімдерінің кезекті рейтингісінде үшінші орынға шықты. Әрине, бұл қуаныш. Елдің, өңірдің қуанышы. Қуаныш ұзағынан болып, бұдан да алға шықсын деп  тілейді ел халқы. 

Облыстың өркендеуі – ел халқының бірлік, ынтымағы жарасқаны.   Әкімнің еңбегінің жанғаны – елдің еңбегінің жанғаны деп білген жөн.

Облыс тарихында мұндай алдыңғы үштікке бұрын-соңды алдындағы экс әкімдердің ешқайсысы да ілікпегендігін ескерсек, Ақмола облысында іс ілгері,  табыс айтарлықтай деген сөз.

 

Дахан ШӨКШИР,

Ақмола облысы

 

 

04.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17201
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17050
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30821
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34466